Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

63-ТАРАУ

Қабырғадағы жазу

Қабырғадағы жазу

Уақыт өте Бабылдың патшасы Белшазар болды. Бір күні ол елдегі мыңдаған жоғары лауазымды адамдарды қонаққа шақырды. Ол қызметшілеріне бұйрық беріп, Навуходоносор бұрын Ехобаның ғибадатханасынан алып келген алтын ыдыстарды әкелгізді. Белшазар мен келген қонақтар сол ыдыстардан шарап ішіп, өздерінің құдайларын дәріптеп жатты. Бір кезде адамның саусақтары пайда болып, олар отырған бөлмедегі қабырғаға түсініксіз сөздер жаза бастады.

Мұны көрген Белшазар қатты қорқып кетті. Ол данышпандарды шақырып, былай деді: “Кімде-кім осы сөздердің мағынасын түсіндіріп берсе, соны Бабыл патшалығының үшінші билеушісі етемін”. Данышпандар әрі-бері тырысып еді, бірақ ешқайсысы бұл сөздердің не білдіретінін айтып бере алмады. Сонда патшайым келіп былай деді: “Бұрын Навуходоносордың көрген түстерін Даниял деген кісі жорып беретін. Мына сөздердің мағынасын сол түсіндіріп бере алады”.

Даниял патшаның алдына келді. Белшазар оған былай деді: “Егер сен мына сөздерді оқып, мағынасын түсіндіріп бере алсаң, мойныңа алтын алқа тағып, Бабылдың үшінші билеушісі етемін”. Оған Даниял былай деп жауап берді: “Маған сыйлықтарыңыздың қажеті жоқ. Бірақ мен сізге мына сөздер нені білдіретінін айтып берейін. Әкеңіз Навуходоносор өркөкірек болып кеткенде, Ехоба оны кішірейтті. Онымен не болғанын жақсы білсеңіз де, сіз Ехобаға құрмет танытпай, оның ғибадатханасынан алынған ыдыстардан шарап ішіп отырсыз. Осы себептен де Құдай мына сөздерді жазды: МЕНЕ, МЕНЕ, ТЕКЕЛ және ПАРСИН. Бұл сөздердің мағынасы мынау: мидиялықтар мен парсылар Бабылды басып алады. Енді сіз бұдан былай патша болмайсыз”.

Бабылды басып алу мүмкін еместей көрінетін. Өйткені қаланың қабырғалары қалың болатын және жан-жағын терең өзен қоршап тұратын. Бірақ сол түні-ақ мидиялықтар мен парсылар шабуыл жасады. Персия патшасы Кир өзеннің арнасын басқа жаққа бұрып жібергендіктен, оның әскері тура қала қақпасына келді. Сөйтсе, қақпа ашық қалыпты! Сарбаздар ішке кіріп, қаланы басып алды. Ал патшаны өлтіріп тастады. Содан бастап Бабылдың патшасы Кир болды.

Сол жылы Кир патша мынадай жарлық шығарды: “Ехоба маған Иерусалимдегі ғибадатхананы қайта соғуды тапсырды. Оның халқынан кімде-кім көмектесуге барғысы келсе, бара берсін”. Ехоба уәде еткендей, Иерусалим жойылғаннан кейін тура 70 жыл өткенде, яһудилер үйлеріне қайта оралды. Кир патша Навуходоносор ғибадатханадан әкеткен алтын-күміс ыдыстар мен бұйымдарды өздеріне қайтарып берді. Ехоба өзінің халқына Кир арқылы қалай көмектескенін көрдің бе?

“Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады! Ол жындардың ордасына... айналды” (Аян 18:2).