Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

64-ТАРАУ

Даниял арыстандардың апанына тасталды

Даниял арыстандардың апанына тасталды

Уақыт өте Бабылдың патшасы Дарий болды. Ол Даниял деген қызметшісінің ерекше қабілетті екенін байқады. Сондықтан оны беделді адамдардың басшысы етіп қойды. Бұны көре алмаған сол беделді кісілер Даниялды өлтірудің жолын іздеді. Олар Даниялдың күніне үш рет Ехобаға дұға ететінін білетін. Сол себепті Дарийге келіп былай деді: “Уа, патша, бәрі тек бір өзіңізге ғана дұға ету керек деген заң шығарыңыз. Ал сол заңға мойынсұнбайтын әркім арыстандардың апанына тасталсын”. Олардың айтқаны Дарийге қатты ұнап қалды. Сондықтан ол жаңа заң қабылдады.

Даниял заң туралы естіген соң, үйіне қайтып кетті. Сосын терезесінің алдында тізерлеп отырып, Ехобаға дұға етті. Дәл осы кезде қызғаншақ әлгі кісілер үйге кіріп келіп, оның дұға етіп жатқанын көрді. Сосын Дарийге жетіп барып былай деді: “Даниял сіздің айтқаныңызды тыңдамай, өзінің Құдайына күніне үш рет дұға етіп жүр”. Даниял Дарий патшаға ұнағандықтан, ол оның өлгенін қаламады. Ол күні бойы Даниялды аман алып қалудың жолын іздестірді. Бірақ қабылданған заңды тіпті патшаның өзі де өзгерте алмайтын. Сондықтан Дарий қызметшілеріне Даниялды арыстанның апанына тастауды бұйырды.

Сол түні Дарий Даниялды уайымдап, ұйықтай алмай шықты. Таңертең ол арыстанның апанына жүгіріп келді де: “Даниял, Құдайың сені құтқарды ма?”— деп сұрады.

Сонда ордан біреудің даусы шықты. Бұл Даниялдың өзі еді! Ол Дарийге былай деді: “Ехобаның періштесі арыстандардың аузын жауып тастады. Олар маған еш зиян келтірмеді”. Дарий патшаның қуанышында шек болмады! Ол Даниялды ордан шығаруды бұйырды. Оның бірде-бір жері зақымдалмаған екен. Сонда патша былай деп бұйрық берді: “Даниялға жала жапқан кісілерді арыстандардың апанына тастаңдар”. Олар апанға түскен кезде, арыстандар олардың парша-паршасын шығарды.

Дарий халыққа былай деп бұйырды: “Барлығың Даниялдың Құдайынан қорқыңдар. Ол Даниялды арыстандардан құтқарып қалды”.

Даниял сияқты сен де Ехобаға күнде дұға етесің бе?

“Ехоба өзіне шын берілгендерді сынақтан қалай құтқаруды... біледі” (Петірдің 2-хаты 2:9).