Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

66-ТАРАУ

Езра халыққа Құдай Заңын үйретті

Езра халыққа Құдай Заңын үйретті

Исраил халқының Иерусалимге қайтып келгеніне 70 жыл болып қалған еді. Алайда кейбір исраилдіктер әлі де Персия империясының әртүрлі жерлерінде өмір сүріп жатты. Солардың бірі — Езра деген діни қызметкер. Ол адамдарға Ехобаның Заңын үйрететін. Бірде Езра Иерусалимдегі халықтың Заңды орындамай жүргенін естиді. Ол халыққа көмектесу үшін еліне қайтуды ойлайды. Сонда Персия патшасы Артаксеркс оған былай дейді: “Құдай саған халқына Заңын үйретсін деп даналық берді. Иерусалимге бар, сенімен барғысы келетін адамдарды да алып кет”. Езра Иерусалимге қайтқысы келетін адамдарды жинады. Сосын олар Ехобаға дұға етіп, ұзақ сапар кезінде қорғап отыруын сұрады. Сөйтіп, олар жолға шықты.

Олар төрт ай жол жүріп, ақыры Иерусалимге жетті. Сол жердегі басшылар Езраға келіп былай деді: “Исраилдіктер Ехобаның айтқанын тыңдамай жүр. Олар жалған құдайларға табынатын әйелдерге үйленді”. Мұны естігенде, Езра халықтың алдында тізерлеп тұрып: “Уа, Ехоба, сен бізге өте көп жақсылық істедің. Ал біз сенің алдыңда ауыр күнә жасадық”,— деп дұға етті. Сол кезде халық істеген істеріне өкінді. Бірақ олар әлі де дұрыс емес нәрселер жасап жүрген еді. Сондықтан Езра осы мәселені қадағалап жүретін ақсақалдар мен билерді тағайындады. Үш айдан кейін Ехобаға ғибадат етпейтін адамдар қаладан қуылды.

Арада 12 жыл уақыт өтті. Ол кезде Иерусалим қаласының қабырғалары соғылып біткен еді. Езра халықты алаңға жинап, Құдайдың Заңын оқып берді. Ол кітапты ашқан кезде, бәрі орындарынан түрегелді. Езра Ехобаны мадақтай бастады. Халық болса Езраның сөздеріне қосылатындарын көрсетіп, қолдарын көкке қарай жайып тұрды. Езра Заңды дауыстап оқып, түсіндіріп жатқанда, халық оны мұқият тыңдады. Олар қайтадан Ехобадан алыстап кеткендерін түсініп, жылап тұрды. Келесі күні Езра халыққа Заңнан тағы да үзінді оқып берді. Сол кезде олар Күркелер мейрамын тойлау керектігін түсінді. Бұл мейрам жақындап қалғандықтан, олар бірден дайындалуға кірісті.

Халық мейрамды жеті күн тойлап, қуанып жүрді. Олар мол астық үшін Ехобаға ризашылықтарын білдірді. Күркелер мейрамы Ешуаның күнінен бері дәл осылай тойланбаған еді. Мейрамнан кейін халық жиналып, былай деп дұға етті: “Ехоба, сен бізді құлдықтан босаттың, шөл далада тамақтандырдың, сосын мынадай әдемі жерге алып келдің. Бірақ біз қайта-қайта сенің тіліңді алмадық. Сен бізге пайғамбарларыңды жіберіп, ескертіп отырдың, бірақ біз оларды да тыңдамадық. Сен сонда да шыдамды болдың. Сен Ыбырайымға берген уәдеңді орындадың. Бұдан былай біз саған мойынсұнамыз деп уәде береміз”. Олар бұл уәделерін қағазға жазып қойды. Ал басшылар, леуіліктер мен діни қызметкерлер оны мөрмен бекітті.

“Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!” (Лұқа 11:28).