Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

67-ТАРАУ

Иерусалимнің қабырғалары

Иерусалимнің қабырғалары

Езраның күндерінде Нехемия деген исраилдік кісі болатын. Ол Персия елінің Сузы қаласында тұрып, Артаксеркс патшаға қызмет ететін. Бір күні Яһудадан бауыры келіп, мынадай жаман хабар айтты: “Иерусалимге оралған халықтың жағдайы нашар. Ал қаланың қабырғалары мен қақпалары болса бабылдықтар қиратқан күйі тұр”. Бұны естіп, Нехемия қатты қайғырды. Ол Иерусалимге барып, халқына көмектескісі келді. Содан ол патша рұқсат етсе екен деп дұға етті.

Бірде патша Нехемияның көңілсіз екенін байқап қалды. Патша одан: “Сенің бұндай түріңді ешқашан көрмеппін. Не болып қалды?”— деп сұрады. Нехемия оған: “Туған қалам Иерусалим қирап жатқанда, қалай көңілсіз болмайын?”— деді. Сонда патша одан былай деп сұрады: “Сен үшін не істегенімді қалайсың?” Сол кезде Нехемия бірден ішінен дұға етіп алды. Сосын патшаға былай деді: “Қаланың қабырғаларын соғу үшін, Иерусалимге баруға рұқсат етіңізші”. Артаксеркс патша Нехемияға рұқсатын беріп, еліне аман-есен жетуі үшін қам жасады. Патша оны Яһудаға әмірші етіп қойды, сондай-ақ қала қақпаларын соғуға жететін ағаш берді.

Нехемия Иерусалимге келген соң, қаланың қабырғаларын қарап шықты. Сосын діни қызметкерлер мен басқарушыларды жинап: “Бұл не деген масқара! Жұмысты тезірек бастамасақ болмайды”,— деді. Адамдар оны құптап, қабырғаларды қайта соға бастады.

Бірақ жаулары оларды мазақтап: “Соғып жатқан қабырғаларыңа түлкі секіріп шықса, құлап қалады ғой!”— деп күлді. Исраилдіктер олардың сөздеріне мән бермей, жұмыс істей берді. Олар қаланың қабырғасын биік әрі мықты етіп соғып жатты.

Содан жаулар жан-жақтан келіп, Иерусалимге тұтқиылдан шабуылдамақшы болды. Олардың жоспарын естігенде, яһудилер қатты қорқып кетті. Бірақ Нехемия оларға: “Қорықпаңдар. Ехоба бізбен бірге”,— деді. Ол жұмыс істеп жатқан адамдарды қорғау үшін күзетшілер қойды. Сонда жаулар шабуыл жасай алмады.

Қаланың қабырғалары мен қақпалары небәрі 52 күннің ішінде соғылып бітті. Құрылыстың аяқталғанын тойлау үшін, Нехемия барлық леуіліктерді Иерусалимге жинады. Ол леуілік әншілерді екі топқа бөлді. Олар “Бұлақ” деген қақпа жақтағы баспалдақпен қабырғаға көтерілді. Екі топ екі жаққа қарай кетіп, қаланы айнала жүріп отырды. Олар керней тартып, шың мен арфада ойнап, Ехобаға ән шырқады. Бірінші топтың алдында Езра, ал екінші топтың алдында Нехемия жүрді. Бұл екі топ та ғибадатхананың алдына келіп тоқтады. Ерлер де, әйелдер де, балалар да — барлығы Ехобаға арнап құрбандық шалып, той тойлады. Олардың қуанышты дауыстары алысқа естіліп жатты.

“Саған қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетпейді” (Ишая 54:17).