Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

68-ТАРАУ

Елізабет ұл туды

Елізабет ұл туды

Иерусалим қабырғаларының қайта соғылып біткеніне 400 жыл болған еді. Осы қалаға жақын жерде Зәкәрия деген бір діни қызметкер тұратын. Оның әйелінің аты Елізабет болатын. Үйленгендеріне көп жыл болса да, олардың балалары жоқ еді. Бір күні Зәкәрия хош иісті заттар түтету үшін ғибадатханаға кірді. Сол жерде оған Жәбірейіл деген бір періште келді. Оны көргенде, Зәкәрия қатты қорқып кетті. Сонда періште оған былай деді: “Қорықпа. Саған айтатын қуанышты хабарым бар. Әйелің Елізабет ұл босанады, оның аты Жақия болады. Ехоба Жақияны ерекше бір іс атқару үшін таңдады”. Зәкәрия оған: “Бұған қалай сенуге болады? Әйелім екеуміз балалы болатын жастан өтіп кеттік қой!”— деді. Сонда Жәбірейіл мынаны айтты: “Саған бұл хабарды айтуға мені Құдай жіберді. Маған сенбегенің үшін бала туылғанға дейін сөйлей алмайтын боласың”.

Зәкәрия бұл жолы ғибадатхананың ішінен біразға дейін шықпай қойды. Ол сыртқа шыққан кезде, күтіп тұрған халық не болғанын білгісі келді. Бірақ Зәкәрия еш сөйлей алмады. Ол тек қолдарымен ымдап бір нәрселер көрсетті. Сол кезде жұрт Зәкәрияның Құдайдан бір хабар алғанын түсінді.

Кейіннен Елізабет тура періште айтқандай, жүкті болып, ұл туды. Оның достары мен туыстары сәбиді көру үшін жиналды. Олар қатты қуанып тұрды. Елізабет: “Оның аты Жақия болады”,— деді. Ал олар болса: “Туыстарыңның арасында Жақия деген есім ешкімде жоқ қой. Әкесінің атын беріп, Зәкәрия деп атаңдар”,— деді. Бірақ Зәкәрия тақтайша алып: “Оның аты Жақия болады”,— деп жазды. Сол сәтте ол қайтадан сөйлеп кетті! Бұл бала жайлы әңгіме бүкіл Яһудея жеріне тарады. Адамдар өзара: “Бұл бала өскенде кім болар екен?”— деп таңғалып жатты.

Кейін Зәкәрия киелі рухқа кенеліп, былай деп пайғамбарлық етті: “Ехоба мадақталсын! Ол Ыбырайымға адамзатты құтқаратын Мәсіхті жіберетінін уәде еткен еді. Енді Жақия пайғамбар болып, Мәсіхке жол дайындайды”.

Елізабеттің туысы Мәрияммен де ерекше бір жағдай болды. Ол туралы келесі тараудан оқимыз.

“Бұл адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан бәрі келеді” (Матай 19:26).