Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

69-ТАРАУ

Жәбірейіл періште Мәриямға келді

Жәбірейіл періште Мәриямға келді

Елізабеттің Мәриям деген туысы бар еді. Бұл жас қыз Ғалилеядағы Назарет қаласында тұратын. Мәриям Жүсіп деген жігітке айттырылған еді. Елізабеттің бала көтергеніне алты ай болғанда, Жәбірейіл періште Мәриямға келді. Ол былай деді: “Амансың ба, Мәриям! Сен Ехобаның ерекше ықыласына ие болдың”. Бірақ Мәриям періштенің бұл сөздерін түсінбеді. Сосын періште оған былай деді: “Сен жүкті болып, ұл туасың. Оның атын Иса деп қоясың. Ол Патша болады. Оның Патшалығы мәңгі тұрады”.

Мәриям одан: “Мен пәк қызбын ғой. Қалайша балалы болмақпын?”— деп сұрады. Жәбірейіл былай деп жауап берді: “Ехоба үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Саған киелі рух қонып, жүкті боласың. Қартайған туысың Елізабеттің де аяғы ауыр”. Сонда Мәриям: “Мен Ехобаның құлымын. Бәрі сіз айтқандай болсын”,— деді.

Мәриям аяғы ауыр Елізабеттің жағдайын біліп қайту үшін жолға шықты. Мәриям келіп, амандасқанда, Елізабет ішіндегі баланың тыпырлап кеткенін сезді. Ол киелі рухқа кенеліп, былай деді: “Мәриям, Ехоба сені жарылқады. Үйіме Мәсіхтің анасы келгені — мен үшін зор мәртебе”. Мәриям: “Мен Ехобаны бар жүрегіммен мадақтаймын”,— деді. Ол Елізабеттің қасында 3 ай болып, кейін Назареттегі үйіне қайтты.

Жүсіп Мәриямның аяғы ауыр екенін білгенде, оған үйленуден бас тартпақ болды. Бірақ ол түсінде бір періштені көрді. Ол Жүсіпке: “Еш қорықпай, Мәриямға үйлен. Ол жаман ештеңе істеген жоқ”,— деді. Содан Жүсіп Мәриямға үйленіп, өз үйіне алып келді.

“Ехоба көк пен жерде... өзі қалағандардың бәрін жасады” (Зәбүр 135:6).