Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

70-ТАРАУ

Періштелер Исаның туылғанын хабарлады

Періштелер Исаның туылғанын хабарлады

Рим империясының билеушісі Август бір жарлық шығарды. Ол барлық яһудилерге туған қалаларына барып, тіркеуден өтіп келуді бұйырды. Жүсіптің отбасы Бетлехем қаласынан болғандықтан, ол Мәриямды алып сол жаққа кетті. Бұл кезде Мәриямның босанатын уақыты жақындап қалған еді.

Жүсіп пен Мәриям Бетлехемге келгенде, түнейтін ешқандай орын таппады. Олардың қорада тоқтаудан басқа амалы қалмады. Мәриям сол жерде босанып, Исаны дүниеге әкелді. Ол сәбиді жұмсақ матаға орап, ақырын ғана ақырға жатқызды.

Сол күні түнде Бетлехемнің маңында кейбір қойшылар мал бағып жүрген еді. Бір кезде алдарында бір періште пайда болды. Айнала Ехобаның салтанатынан жап-жарық болып кетті. Қойшылардың зәресі қалмады. Бірақ періште оларға былай деді: “Қорықпаңдар. Мен бір тамаша хабар айтуға келдім. Бүгін Бетлехемде Мәсіх туылды”. Сол сәтте аспанда өте көп періште көрінді. Олар: “Көктегі Құдай мадақталсын! Жер бетінде тыныштық орнасын”,— деп жатты. Сосын періштелер жоқ болып кетті. Ал қойшылар не істеді?

Қойшылар бір-біріне қарап: “Жүріңдер, тездетіп Бетлехемге барайық”,— деді. Олар қораға келгенде, Жүсіп пен Мәриямды және олардың жаңа туылған сәбилерін көрді.

Періштенің қойшыларға не дегені жайында естіген адамдар қайран қалып жатты. Ал Мәриям періштенің сөздері жайлы терең ойланып, оларды ешқашан есінен шығармады. Қойшылар естіп-көргендері үшін Ехобаға алғыс айтты да, қайтып кетті.

“Құдай жібергендіктен мен осындамын. Мен өз бетімше келген жоқпын, мені жіберген — сол” (Жохан 8:42).