Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

71-ТАРАУ

Ехоба Исаны қорғады

Ехоба Исаны қорғады

Исраилдің шығысындағы бір елде адамдар аспандағы жұлдыздар жол көрсетеді деп сенген. Бір күні түнде шығыстан келе жатқан бірнеше кісі аспаннан жап-жарық жұлдызды көрді. Олар сол жұлдыздың артынан қалмай жүріп отырды. Жұлдыз бір кезде Иерусалимнің үстіне келіп тоқтады. Сол жерде әлгі кісілер адамдардан былай деп сұрастырып жүрді: “Яһудилердің патшасы болатын сәби қайда? Біз оған тағзым етуге келдік”.

Иерусалимнің патшасы Ирод туылған жаңа патша туралы естігенде, қатты абыржып кетті. Ол жоғарғы діни қызметкерлерден: “Ол патша қай жерде туылуы керек еді?”— деп сұрады. Олар Иродқа: “Пайғамбарлар оның Бетлехемде туылатынын айтқан”,— деп жауап берді. Содан Ирод патша шығыстан келген кісілерді шақыртып, оларға былай деді: “Бетлехемге барып, сол баланы табыңдар. Сосын қайтып келіп, оның қай жерде екенін маған айтыңдар. Мен де барып оған тағзым етіп келейін”. Бірақ ол өтірік айтып тұрған еді.

Аспандағы әлгі жап-жарық жұлдыз қайтадан жылжи бастады. Шығыстан келген кісілер оған еріп, Бетлехемге келді. Жұлдыз бір үйдің үстіне барып тоқтады. Олар сол үйге кіргенде, Иса мен Мәриямды көрді. Олар балаға бас иіп, оған алтын, ладан мен мүр сыйлады. Бұл кісілерді Ехоба жіберді ме? Жоқ.

Сол түні Жүсіп түс көрді. Түсінде Ехоба оған былай деді: “Ирод Исаны өлтірмекші. Әйелің мен баланы алып, Мысырға қаш. Қайтып келуге болады дегенімше, сол жерде тұра бер”. Жүсіп дереу отбасымен Мысырға жол тартты.

Ехоба шығыстан келген кісілерге Иродқа қайтып бармаңдар деді. Ирод олардың келмейтінін түсінгенде, қатты ашуланды. Ол Исаның нақты қай жерде екенін білмегендіктен, Бетлехемдегі Исамен жасты балалардың бәрін өлтіруді бұйырды. Бірақ Исаға ешқандай қауіп төнген жоқ. Өйткені ол алыста еді.

Арада уақыт өтіп, Ирод патша қайтыс болды. Сонда Ехоба Жүсіпке: “Енді өз еліңе қайтсаң болады”,— деді. Жүсіп Мәриям мен Исаны алып Исраилге оралды. Сөйтіп, олар Назарет қаласында тұрып жатты.

“Менің аузымнан шыққан сөзім де осыған ұқсайды... Не үшін жіберген болсам, соны жүзеге асырады” (Ишая 55:11).