Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

72-ТАРАУ

Исаның жасөспірім шағы

Исаның жасөспірім шағы

Жүсіп пен Мәриям Назарет қаласында тұрып жатты. Олардың Исадан басқа тағы ұл-қыздары болды. Жүсіп отбасын асырау үшін ағаш ұстасы болып жұмыс істеді. Сондай-ақ ол отбасына Ехоба туралы тәлім беріп, оның Заңын үйретіп жүрді. Олар Ехобаға ғибадат ету үшін жиі мәжілісханаға барып тұратын және жылына бір рет Құтқарылу мейрамын тойлауға Иерусалимге баратын.

Иса 12 жаста болғанда, олар әдеттегідей Иерусалимге ұзақ жол жүріп барды. Қалаға Құтқарылу мейрамын тойлау үшін өте көп адам келген екен. Мейрам біткен соң, Мәриям мен Жүсіп балаларын алып, үйлеріне қайтып кетті. Олар Исаны жолда келе жатқан адамдардың арасында екен деп ойлады. Бірақ кейін оны туыстарының арасынан іздеп, таппай қойды.

Жүсіп пен Мәриям Иерусалимге кері қайтып, Исаны үш күн бойы іздеді. Ақыр соңында олар ғибадатханаға келді. Сөйтсе, Иса сол жерде ұстаздардың ортасында отыр екен. Иса олардың айтқандарын мұқият тыңдап, мағыналы сұрақтар қойып жатты. Ұстаздардың бұған таңғалғаны сонша — олар Исаның өзіне сұрақтар қоя бастады. Ал жауабын естігенде, бәрі қайран қалды. Ұстаздар оның Ехобаның Заңын жақсы білетінін көрді.

Жүсіп пен Мәриям қатты уайымдаған еді. Мәриям Исадан: “Балам, сені іздемеген жеріміз жоқ. Қайда жүрсің?”— деп сұрады. Сонда Иса: “Мен Әкемнің үйінде болуым керек екенін білесіздер ғой”,— деп жауап берді.

Содан Иса ата-анасымен бірге Назаретке оралды. Жүсіп оған ағашпен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Қалай ойлайсың, Иса жасөспірім кезінде қандай болған? Ол өскен сайын ақылды болып, Құдайға және адамдарға ұнамды бола түсті.

“Өзіңнің еркіңді орындауға құштармын, уа, Құдайым. Заңыңды жүрегімнің түкпірінде ұстаймын” (Зәбүр 40:8).