Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

78-ТАРАУ

Иса Патшалық туралы уағыздады

Иса Патшалық туралы уағыздады

Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін Иса: “Құдай Патшалығы жақындап қалды”,— деп уағыздай бастады. Иса Ғалилея мен Яһудея аймағында уағыздаған кезде, шәкірттері оған еріп жүрді. Кейін Иса өзі өскен Назарет қаласына келіп, мәжілісханаға кірді. Сол жерде ол Ишая пайғамбардың шиыршығын ашып, былай деп оқыды: “Ізгі хабарды жариялауым үшін Ехоба маған киелі рухын берді”. Бұл сөздер нені білдірді? Адамдар Исаның кереметтер жасағанын қалады. Бірақ киелі рух оған ең алдымен ізгі хабарды уағыздау үшін берілді. Сосын Иса өзін тыңдап тұрған адамдарға былай деді: “Бүгін мен оқыған осы пайғамбарлық орындалды”.

Содан кейін Иса Ғалилея теңізіне барып, төрт балықшыны кездестірді. Кейін олар Исаның шәкірттері болды. Олардың аттары: Петір, Әндір, Жақып және Жохан. Иса: “Соңымнан еріңдер, мен сендерді адам аулаушы етемін”,— дегенде, олар бәрін тастап, оның соңынан ерді. Бұл шәкірттер бүкіл Ғалилея аймағын аралап, Құдай Патшалығы туралы айтып жүрді. Олар мәжілісханаларда, базар алаңдары мен көшелерде уағыздады. Қалың жұрт соңдарынан еріп, қалмай жүрді. Иса туралы хабар барлық жерге, тіпті Сирияға дейін жетті.

Уақыт өте Иса ізбасарларының кейбіріне ауруларды сауықтырып, жындарды қуа алатын құдірет берді. Ал қалған ізбасарлары онымен бірге қалалар мен ауылдарды аралап уағыздап жүрді. Мағдалалық Мәриям, Жоханна мен Сузанна сияқты Құдайға сенетін әйелдер Иса мен оның ізбасарларының қамын жасады.

Шәкірттерін үйреткеннен кейін Иса оларды уағыздауға жіберді. Олар бүкіл Ғалилеяда уағыздады. Адамдардың көбісі Исаның шәкірті болып, шомылдыру рәсімінен өтті. Шәкірт болғысы келетіндердің көп болғаны сонша — Иса оларды пісіп тұрған егіндікке теңеді. Ол: “Ехобаға дұға етіп, егінді жинауға көбірек жұмысшылар жіберуін өтініңдер”,— деді. Сосын Иса 70 шәкіртті таңдады. Оларға бүкіл Яһудея төңірегінде уағыздауды тапсырып, екі-екіден жіберді. Шәкірттері Патшалық туралы хабарды барлық адамдарға айтты. Олар қайтып келгенде, уағызда болған жағдайларды Исаға айтып бергенше асықты. Ал Шайтан уағыздау ісіне еш кедергі жасай алмады.

Бұл маңызды жұмысты Иса көкке оралған соң шәкірттері жалғастырмақ еді. Иса оларға былай деді: “Ізгі хабарды бүкіл жер бетіне уағыздаңдар. Адамдарға Құдай Сөзін үйретіп, шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”.

“Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім” (Лұқа 4:43).