Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

79-ТАРАУ

Иса көптеген кереметтер жасады

Иса көптеген кереметтер жасады

Иса жерге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау үшін келді. Иса патша болғанда не істейтінін көрсету үшін Ехоба оған кереметтер жасайтын киелі рух берді. Соның арқасында Иса адамдарды кез келген аурудан сауықтыра алатын. Ол барған жерлерге ауру адамдар да барып, одан көмек сұрайтын. Иса олардың барлығына қуана көмектесті. Нәтижесінде соқырлардың көздері көріп, саңыраулардың құлақтары естіп, жүре алмайтындар жүретін болды, ал кейбіреулер бойындағы жындардан арылды. Тіпті Исаның киіміне жай ғана қол тигізгендердің өзі ауруларынан айығып жатты. Иса қайда барса да, адамдар оның артынан еріп жүрді. Тіпті жалғыз болғысы келген кезде де, Иса оларды қуып жібермейтін.

Бір күні адамдар Иса тұрып жатқан үйге бір мүгедек кісіні алып келді. Бірақ үйдің іші лық толы болғандықтан, олар ішке кіре алмады. Сонда олар үйдің шатырын ойып, сол жерден мүгедек кісіні Исаның алдына түсірді. Иса оған: “Орныңнан тұрып, жүре ғой”,— деді. Ол орнынан тұрып, жүріп кеткенде, сол жердегі адамдар аң-таң болды.

Тағы бірде Иса бір ауылға келгенде, алдынан алапеспен ауыратын он адам шықты. Олар алыстан: “Иса, бізге көмектес!”— деп айғай салды. Ол заманда алапеспен ауыратындарға басқалардың қасына жақындауға болмайтын. Иса оларға ғибадатханаға баруды бұйырды. Ехобаның Заңы бойынша, алапестер айыққаннан кейін ғана ғибадатханаға кіре алатын. Әлгі он кісі ғибадатханаға бара жатқанда айығып кетті. Олардың біреуі сап-сау екенін түсінгенде, Исаға қайтып келді. Оған рақметін айтып, Құдайды мадақтай бастады. Он адамның ішінде жалғыз осы кісі ғана Исаға алғыс айтты.

12 жыл бойы ауырып, ешқандай ем таппаған тағы бір әйел болды. Ол адамдардың ортасында тұрған Исаның артынан келіп, киіміне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ ол жазылып кетті. Сол кезде Иса: “Кім маған қолын тигізді?”— деп сұрады. Әйел қатты қорқып кетті. Бірақ ол сонда да Исаның алдына келіп, шынын айтты. Иса оның көңілін орнықтырып: “Қызым, уайымдамай қайта бер”,— деді.

Сосын Жайыр деген бір жетекші келіп, Исаға былай деп жалынды: “Менің үйіме жүріңізші! Кішкентай қызым қатты ауырып жатыр”. Бірақ Иса Жайырдың үйіне жеткенше, қыз қайтыс болды. Иса қыздың ата-анасымен бірге көп адамның зар еңіреп жылап жатқанын көрді. Иса оларға: “Жыламаңыздар. Қыз жай ғана ұйықтап жатыр”,— деді. Сосын қыздың қолынан ұстап: “Балақай, тұра ғой!”— деді. Қыз бірден орнынан тұрды. Иса оның ата-анасына: “Қызға жейтін бір нәрсе беріңіздер”,— деді. Қыздың ата-анасы қаншалықты қуанышты болғанын елестетіп көрші!

“Құдай... Исаны киелі рухымен және құдіретімен майлады. Содан ол ел аралап, игі істер жасады және Ібіліс қинаған адамдардың барлығын сауықтырды, өйткені Құдай оған жар болды” (Елшілердің істері 10:38).