Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

82-ТАРАУ

Иса шәкірттеріне дұға етуді үйретті

Иса шәкірттеріне дұға етуді үйретті

Парызшылдар не істесе де, барлығын адамдарды таңғалдыру үшін істейтін. Мысалы, олар басқалардың көзінше ғана жақсылық жасайтын. Бәрі көрсін деп адамдар көп жүретін жерлерде дұға ететін. Олар өзгелер естісін деп ұзын сонар дұғаларды жаттап алатын да, мәжілісханалар мен көшелерде қайталап айтып тұратын. Ал Иса: “Парызшылдар сияқты дұға етпеңдер”,— дегенде, жұрт аң-таң болды. Иса сосын былай деді: “Олар көп сөз айтсақ, Құдайды таңғалдырамыз деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Дұға еткенде, мұны басқалардың көзіне түсу үшін істемеңдер. Өйткені дұға — Әкелерің Ехобамен араларыңдағы жеке әңгіме. Дұғада бір сөзді қайталай бермеңдер. Ехоба жүректеріңде не бар болса, соның бәрін айтқандарыңды қалайды”.

Әрі қарай Иса мынаны айтты: “Құдайға былай деп дұға етіңдер: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын! Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жерде де орындалсын!” Сондай-ақ Иса оларға дұға еткенде Ехобадан күнделікті тамақ беруін, күнәларын кешіруін және басқа да қажетті нәрселерін сұрауға болатынын айтты.

Иса халыққа тағы былай деді: “Үнемі дұға етіңдер. Ехобадан жақсы нәрселер сұрай беріңдер. Әр ата-ана баласына тек жақсы нәрселер бергісі келеді ғой. Балаларың нан сұраса, оған тас берер ме едіңдер? Балық сұраса, қайсысың жылан берер едіңдер?”

Сосын Иса бұл сөздерді былай деп түсіндірді: “Сендер балаларыңа жақсы сый жасауды білесіңдер. Олай болса, көктегі Әкелерің Ехоба өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні анық емес пе?! Тек одан сұрасаңдар болғаны”. Исаның осы айтқандарын істеп жүрсің бе? Сен не туралы дұға етесің?

“Сұрай беріңдер, сонда сендерге беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда сендерге ашылады” (Матай 7:7).