Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

84-ТАРАУ

Иса су бетімен жүрді

Иса су бетімен жүрді

Иса ауруларды сауықтырып, өлгендерді тірілтіп қана қойған жоқ. Ол дауыл мен жаңбырды да тоқтата алды. Бұл былай болды: Иса тауда дұға етіп болған соң, төмендегі Ғалилея теңізіне қарады. Сөйтсе, дауыл тұрып жатыр екен. Ал қайықтағы елшілері желге қарсы жүзуге барынша тырмысып жатты. Иса таудан түсіп, судың бетімен олардың қайығына қарай жүрді. Елшілер біреудің су бетімен келе жатқанын көргенде, қатты қорқып кетті. Бірақ Иса оларға: “Бұл — мен ғой. Қорықпаңдар”,— деді.

Сонда Петір: “Ием, бұл шынымен сіз болсаңыз, мен су бетімен сізге қарай келейінші”,— деді. Иса оған: “Кел”,— деді. Дауылды теңіздің ортасында Петір қайықтан түсіп, судың бетімен Исаға қарай жүрді. Бірақ оған жақындай бергенде, Петір дауылды көріп қорқа бастады. Сол кезде ол суға батып бара жатқанын байқады. Ол Исаға: “Ием, құтқара көріңіз!”— деп айғайлады. Иса оның қолынан ұстап: “Неге күмәнданып қалдың? Сенімің қайда?”— деді.

Иса мен Петір қайыққа мінген кезде, дауыл бірден тына қалды. Сол кезде елшілердің қандай күйде болғанын елестетіп көрші. Олар: “Сіз шынымен де Құдайдың Ұлысыз!”— десті.

Иса тағы бірде ауа райына әмір берді. Ол елшілерімен бірге теңіздің арғы жағына жүзіп бара жатқан еді. Иса қайықтың арт жағына барып, жатып қалды. Ол ұйықтап жатқан кезде, сұрапыл дауыл тұрды. Толқындар қайықты соққылағанда, іші суға толып кетті. Елшілер Исаны оятып: “Ұстаз, өлетін болдық! Көмектесіңіз!”— деп айғайлады. Иса орнынан тұрып, теңізге: “Тыныштал!”— деп бұйырды. Сол сәтте дауыл мен теңіз басыла қалды. Иса елшілеріне қарап: “Сенімдерің қайда?”— деп сұрады. Олар өзара: “Тіпті дауыл мен теңіз де оған бағынады екен”,— деді. Елшілер Исаға толықтай сенсе, еш нәрседен қорқудың қажеті жоқ екенін түсінді.

“Егер қыша дәніндей сенімдерің болса,.. қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмайды” (Матай 17:20).