Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

86-ТАРАУ

Иса Елазарды тірілтті

Иса Елазарды тірілтті

Исаның Бетания деген ауылда тұратын үш жақын досы болды. Олар: Елазар, оның екі әпкесі Мәриям мен Марта. Бірде Иса Переяда жүргенде, Мәриям мен Мартадан шұғыл хабар келді. Олар: “Елазар қатты ауырып жатыр. Тезірек келіңіз!”— деп айтып жіберіпті. Бірақ Иса бірден бармай, тағы екі күн жүрді. Сол аралықта Елазар қайтыс болды. Иса елшілеріне былай деді: “Жүріңдер, Бетанияға барайық. Елазар ұйықтап жатыр. Мен оны оятуым керек”. Елшілер оған: “Елазардың ұйықтағаны жақсы, тез жазылып кетеді”,— деді. Сонда Иса: “Елазар қайтыс болды”,— деп ашық айтты.

Иса Бетанияға келгенде, Елазардың қабірде жатқанына төрт күн болған еді. Марта мен Мәриямды жұбату үшін көп адам жиналды. Марта Исаның келе жатқанын естігенде, жүгіріп алдынан шықты. Ол Исаға: “Ием, сіз осында болғаныңызда, інім өлмес еді”,— деді. Иса оған: “Бауырың қайта тіріледі. Марта, бұған сенесің бе?”— деп сұрады. “Оның болашақта тірілетініне сенемін”,— деп жауап берді Марта. Иса оған: “Қайта тірілу және өмір — менмін”,— деді.

Сосын Марта Мәриямға барып: “Иса келді”,— деді. Мәриям бірден Исаға қарай жүгіре жөнелді. Оның артынан халық та ілесті. Мәриям Исаның алдында тізерлей отырып, тоқтамай жылай берді. Ол: “Ием, сіз осында болғаныңызда, бауырым тірі болар еді ғой”,— деді. Иса Мәриямның қатты қиналғанын көргенде, өзі де жылап жіберді. Оның жылағанын көрген халық: “Иса Елазарды қатты жақсы көрген екен”,— десті. Бірақ кейбіреулер: “Ол неге досын өлімнен құтқармады?”— деп жатты. Иса енді не істемек?

Иса қабірге келді. Қабірдің аузында үлкен тас тұрған еді. Иса: “Тасты алып тастаңдар!”— деп бұйырды. Бірақ Марта: “Ием, оның қабірде жатқанына төрт күн болды ғой! Денесі иістеніп кеткен шығар”,— деді. Адамдар сонда да қабірдің аузындағы тасты алып тастады. Сол кезде Иса былай деп дұға етті: “Әке, дұғамды естігеніңе рақмет. Дұғамды әрдайым еститініңді білемін. Бірақ айналамдағы жұрт мені жіберген сен екеніңді білсін деп дауыстап айтып тұрмын”. Сосын ол қатты дауыспен: “Елазар, шық!”— деді. Сонда бір керемет болды: Елазар қабірден шықты! Оның аяқ-қолы матамен оралған еді. Сондықтан Иса: “Үстіндегісін шешіңдер, жүре берсін”,— деді.

Мұны көрген адамдардың көбісі Исаға сене бастады. Бірақ кейбіреулер парызшылдарға барып, не болғанын айтып берді. Содан олар Исаны да, Елазарды да өлтіруді ойластырды. Он екі елшінің бірі Яһуда Исқариот жасырын түрде парызшылдарға келіп: “Исаны ұстап берсем, маған қанша ақша бересіздер?”— деп сұрады. Олар 30 күміс ақша беретіндерін айтты. Сол кезден бастап Яһуда Исаны ұстап берудің қолайлы сәтін іздеді.

“Шынайы Құдай — біз үшін құтқарушы Құдай; Әлемнің Әміршісі Ехоба өлімнен аман сақтайды” (Зәбүр 68:20).