Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

88-ТАРАУ

Иса тұтқындалды

Иса тұтқындалды

Иса елшілерімен Қидрон аңғары арқылы Зәйтүн тауына қарай барды. Бұл түннің бір уағы еді. Аспанда толған ай дөп-дөңгелек болып тұрды. Гетсимани бағына жеткен кезде, Иса елшілеріне: “Ұйықтамай, осында отыра тұрыңдар”,— деді. Өзі болса сәл әрірек барып, тізерлеп отыра кетті. Қатты қайғырған ол: “Әке, сенің еркің болсын”,— деп Ехобаға дұға етті. Сонда Ехоба Исаны нығайту үшін өзінің періштесін жіберді. Иса елшілеріне қайтып келгенде, олардың ұйықтап жатқанын көріп: “Тұрыңдар! Қазір ұйықтайтын уақыт емес. Мен қазір жауларымның қолына ұстап берілемін”,— деді.

Көп ұзамай Яһуда Исқариот келді. Қасында қолдарына қылыш пен сойыл ұстаған бір топ сарбаз болды. Яһуда Исаны қайдан табуға болатынын білетін. Өйткені Иса шәкірттерімен бұл баққа жиі келіп тұратын. Яһуда сақшыларға кімнің Иса екенін көрсету үшін бір белгі беретінін айтқан. Сондықтан ол Исаға жақындап келіп: “Сәлеметсіз бе, Ұстаз!”— деді де, бетінен сүйді. Иса оған: “Яһуда, бетімнен сүйіп, маған сатқындық жасап жатырсың ба?”— деді.

Иса алға шығып, сарбаздардан: “Кімді іздеп жүрсіңдер?”— деп сұрады. Олар: “Назареттік Исаны”,— деп жауап берді. Иса: “Ол — менмін”,— дегенде, сарбаздар артқа шегініп, құлап түсті. Иса олардан тағы да: “Кімді іздеп жүрсіңдер?”— деп сұрады. Олар қайтадан: “Назареттік Исаны”,— деп жауап берді. Сонда Иса былай деді: “Мен солмын деп айттым ғой. Ал мыналарға тимеңдер, кете берсін”,— деді.

Петір не болып жатқанын түсінгенде, қылышын суырып алып, бас діни қызметкердің құлы Мәлік деген кісінің құлағын шауып түсірді. Бірақ Иса бұл кісінің құлағына қолын тигізіп, сауықтырып жіберді. Ол Петірге былай деді: “Қылышыңды орнына сал. Қылышпен соғыссаң, қылыштан өлесің”. Сақшылар Исаны ұстап алып, қолын байлап тастады. Ал елшілер болса қашып кетті. Сарбаздар Исаны жоғарғы діни қызметкер Аннасқа апарды. Ол Исаға сұрақтар қойып, кейін оны бас діни қызметкер Қаяпаның үйіне жіберді. Ал елшілермен не болды?

“Осы дүниеде қиыншылық көресіңдер, бірақ батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым!” (Жохан 16:33).