Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

90-ТАРАУ

Иса Голготада өлді

Иса Голготада өлді

Жоғарғы діни қызметкерлер Исаны Рим әміршісінің сарайына алып барды. Пилат олардан былай деп сұрады: “Бұл кісі сендерге қандай жамандық істеді?” Олар Пилатқа: “Ол өзін патшамын дейді!”— деп жауап берді. Сонда Пилат Исадан: “Сен яһудилердің Патшасысың ба?”— деп сұрады. Иса оған былай деді: “Менің Патшалығым бұл дүниелік емес”.

Содан кейін Пилат Исаны Ғалилея әміршісі Иродқа жіберді. Өйткені Ирод Исаға қарсы бір нәрсе табатын шығар деп ойлады. Бірақ Ирод Исадан ешқандай қателік таба алмады. Сондықтан оны қайтадан Пилатқа жіберді. Сонда Пилат халыққа былай деді: “Ирод та, мен де мына кісіні айыпты ететіндей еш нәрсе таппадық. Мен оны босатамын”. Халық болса: “Ол өлімге кесілсін! Ол өлімге кесілсін!”— деп айғайға басты. Сарбаздар Исаны қамшымен сабап, оған түкіріп, жұдырықпен ұрды. Сосын оның басына тікеннен жасалған тәж кигізіп: “Амансың ба, яһудилердің Патшасы!”— деп мазақ етті. Пилат қайтадан сол жерде тұрған жұртқа: “Мен мына адамнан жаман ештеңе тапқан жоқпын”,— деді. Бірақ олар: “Ол бағанаға ілінсін!”— деп айғайлады. Сөйтіп, Пилат Исаны өлім жазасына кесуді бұйырды.

Сарбаздар Исаны Голгота деген жерге апарып, ағаш бағанаға шегеледі, сосын бағананы көтерді. Сол кезде Иса дұға етіп: “Әке, оларды кешіре көр. Өйткені не істеп жатқандарын өздері түсінбейді”,— деді. Адамдар болса Исаны мазақтап: “Құдайдың Ұлы болсаң, бағанадан түс! Өзіңді құтқар!”— деп жатты.

Исаның қасында бағанаға ілініп тұрған қылмыскер: “Иса, патша болғаныңда, мені есіңе алшы”,— деді. Иса оған: “Сен менімен бірге жұмақта боласың”,— деп уәде етті. Түстен кейін дала үш сағат бойы қап-қараңғы болып тұрды. Бағананың жанында кейбір елшілер мен Исаның анасы Мәриям тұрды. Иса анасын Жоханға тапсырып, өз анасына қарағандай қарауды өтінді.

Содан кейін Иса: “Түгел орындалды!”— деді де, басын иіп, соңғы демін шығарды. Сол сәтте қатты жерсілкінісі болды. Ғибадатханадағы Қасиетті бөлме мен Ең қасиетті бөлменің арасындағы шымылдық жыртылып, қақ бөлінді. Сонда сарбаздардың басшысы: “Бұл адам, шынында да, Құдайдың Ұлы болған екен!”— деді.

“Құдайдың уәделері қаншама көп болмасын, бәрі ол арқылы “иә” болды” (Қорынттықтарға 2-хат 1:20).