Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

93-ТАРАУ

Иса көкке көтерілді

Иса көкке көтерілді

Иса Ғалилеяда ізбасарларымен кездесті. Ол өте бір маңызды бұйрық беріп, оларға былай деді: “Барлық жерлерге барып, шәкірттер дайындаңдар. Мен сендерге үйреткенді оларға да үйретіңдер. Оларды шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”. Сосын Иса: “Естеріңде болсын, мен үнемі сендермен бірге боламын”,— деп уәде берді.

Иса қайта тірілгеннен кейін 40 күн бойы Ғалилея мен Иерусалимде жүздеген шәкірттеріне көрінді. Иса оларға маңызды тәлімдер берді және көптеген кереметтер жасады. Кейін Иса соңғы рет елшілерімен Зәйтүн тауында кездесті. Ол елшілеріне: “Иерусалимнен ешқайда кетпеңдер. Әкемнің уәдесі орындалғанша күтіңдер”,— деді.

Бірақ елшілер Исаның не айтып тұрғанын түсінбеді. Олар: “Сіз қазір Исраилге патша болайын деп жатырсыз ба?”— деп сұрады. Иса былай деп жауап берді: “Ехоба мені Патша ететін уақыт әлі келген жоқ. Жақында киелі рух сендерге күш береді, сосын сендер менің куәгерім боласыңдар. Барыңдар да, Иерусалимде, Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін уағыздаңдар”.

Содан кейін Иса көкке көтерілді. Сол кезде оны бұлт жауып қалды. Шәкірттер аспанға көз алмай қарап тұрды. Бірақ Иса көзден ғайып болып кеткен еді.

Шәкірттер Зәйтүн тауынан түсіп, Иерусалимге қайтты. Олар үйдің жоғарғы бөлмесінде жиі кездесіп, бірге дұға етіп жүрді. Олар Иса тағы қандай нұсқаулар береді екен деп күтіп жүрген еді.

“Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Матай 24:14).