Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

96-ТАРАУ

Иса Саулды таңдады

Иса Саулды таңдады

Саул деген кісі Тарсис қаласында туып-өскен Рим азаматы болатын. Ол яһудилердің Заңын өте жақсы білетін парызшыл еді. Саул мәсіхшілерді қатты жек көретін. Ол әйел демей, ер демей — мәсіхшілердің бәрін үйлерінен сүйреп шығарып, түрмеге қамайтын. Бірде ашулы тобыр Степан деген Исаның шәкіртін таспен атып өлтіріп жатқанда, Саул сырттарынан жай қарап тұрды.

Саул Иерусалимдегі мәсіхшілерді тұтқындау жеткіліксіз деп ойлады. Ол Дамаскідегі мәсіхшілерді де ұстап алу үшін бас діни қызметкерге жолығып, сол қалаға баруға рұқсат алды. Ол қалаға жақындап қалғанда, кенеттен жап-жарық сәуледен айнала жарқырап кетті. Саул жерге жата қалды. Оған бір дауыс: “Саул, мені неге қудалап жүрсің?”— деді. Саул одан: “Сіз кімсіз?”— деп сұрады. Сонда дауыс: “Мен Исамын. Қазір Дамаскіге бар, не істеуің керек екенін сол жерде білесің”,— деп жауап берді. Сол сәтте Саул соқыр болып қалды. Сондықтан қасындағылар оны қалаға қолынан жетектеп апарды.

Дамаскіде Анани деген бір адал мәсіхші бар еді. Иса оған аян беріп: “Түзу деп аталатын көшеге бар да, Саулды тауып ал”,— деді. Анани оған: “Ием, мен ол адамды жақсы білемін! Ол шәкірттеріңізді түрмеге қаматқызып жүр!”— деді. Бірақ Иса: “Оған бар. Мен Саулды таңдап алдым. Ол басқа халықтарға ізгі хабарды уағыздайтын болады”,— деді.

Содан Анани Саулды тауып, оған былай деді: “Саул, бауырласым, сенің көзіңді ашу үшін мені Иса жіберді”. Сол сәтте-ақ Саулдың көзі көре бастады. Ол Иса туралы білім алған соң, шомылдыру рәсімінен өтіп, оның ізбасары болды. Кейін ол басқа мәсіхшілермен бірге мәжілісханаларда уағыздай бастады. Иса туралы тәлім беріп жатқан Саулды көрген яһудилердің қалай таңғалғанын елестетіп көрші. Олар: “Мынау Исаның шәкірттерін қудалап жүрген кісі емес пе еді?”— деп жатты.

Саул үш жыл бойы Дамаскіде тұратын адамдарға уағыздап жүрді. Яһудилер Саулды жек көріп кетті. Сондықтан оны өлтіруді ойластырды. Бірақ бауырластар бұл туралы біліп қойып, оған қашуға көмектесті. Олар Саулды себетке салып, қала қабырғасындағы терезеден төмен қарай түсіріп жіберді.

Саул Иерусалимге барғанда, сондағы бауырластарға қосылмақшы болды. Бірақ барлығы одан қорқып жүрді. Сол кезде Барнаба деген шәкірт Саулды елшілерге ертіп апарып, оның шынымен де өзгергенін айтты. Сөйтіп, Саул Иерусалимдегі қауыммен бірге ізгі хабарды құлшына уағыздай бастады. Уақыт өте ол Пауыл деген есіммен танымал болды.

“Мәсіх Иса осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келді. Солардың ішіндегі ең күнәкары менмін” (Тімөтеге 1-хат 1:15).