Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

97-ТАРАУ

Корнелге киелі рух қонды

Корнелге киелі рух қонды

Кесария қаласында Римнің әскер басшысы болған Корнел деген лауазымды кісі бар еді. Ол яһуди болмаса да, яһудилер оны қатты сыйлайтын. Ол еш нәрсесін аямай кедей мен мұқтаж адамдарға көмектесіп жүрді. Корнел Ехобаға сенетін әрі оған үнемі дұға ететін. Бір күні Корнелге бір періште көрініп, былай деді: “Құдай сенің дұғаларыңды естіді. Қазір Иоппе қаласына адамдарыңды жібер. Сол жерде Петір деген кісі бар. Соны үйіңе шақырт”. Корнел дереу үш адамды оңтүстікке, 50 шақырымдай жерде орналасқан Иоппе қаласына жөнелтті.

Сол кезде Иоппеде жүрген Петір бір аян алды. Ол аянда яһудилерге жеуге болмайтын жануарларды көрді. Бір дауыс оған: “Осыларды же”,— деді. Петір бас тартып: “Жоқ, мен арам жануарларды ешқашан жеген емеспін”,— деді. Сонда дауыс оған былай деп айтты: “Бұл жануарларды арам деме. Өйткені Құдай оларды таза етті”. Кейін Петірге киелі рух: “Есігіңнің алдында үш адам тұр. Соларға ер”,— деді. Петір есіктің алдына барып, жаңағы кісілерден не үшін келгендерін сұрады. Олар: “Бізді Римнің әскер басшысы Корнел жіберді. Ол сізді Кесариядағы үйіне шақырып жатыр”,— деп жауап берді. Петір оларды үйіне кіргізіп, қонақ етті. Ертесіне Петір олармен бірге Кесарияға жолға шықты. Ол қасына Иоппедегі кейбір бауырластарды ертіп алды.

Петір келгенде, Корнел оның аяғына жығыла кетті. Бірақ Петір оған былай деді: “Тұрыңыз! Мен де өзіңіз сияқты адаммын. Әдетте яһудилер басқа ұлт адамдарының үйіне бармайды. Бірақ Құдай маған сіздің үйіңізге бар деп айтты. Мені не үшін шақыртып едіңіз?”

Сонда Корнел Петірге былай деді: “Төрт күн бұрын Құдайға дұға етіп отырған едім. Сол кезде бір періште келіп, сізді шақырт деді. Өтінемін, бізге Ехобаның сөздерін үйретіңізші”. Петір: “Құдай ешкімді бөліп-жармайтынын түсіндім. Ол өзіне ғибадат еткісі келетін адамдардың бәрін қабыл алады”,— деді. Сөйтіп, оларға Иса туралы көп нәрсе үйретті. Сол кезде Корнел мен оның қасындағыларға киелі рух қонды. Олардың бәрі шомылдыру рәсімінен өтті.

“[Құдай] өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:35).