Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

99-ТАРАУ

Түрме бастығы Ехоба жайлы білді

Түрме бастығы Ехоба жайлы білді

Філіпі қаласында ішіне жын кірген бір қызметші қыз болды. Жын бұл қызға болашақта не болатынын айтқызатын. Осының арқасында қыз өз қожайындарына көп ақша тауып беріп жүрді. Пауыл мен Сыйлас Філіпіге келгенде, әлгі қыз көп күн бойы арттарынан қалмай қойды. Жынның айтуымен қыз: “Бұл адамдар Алла Тағаланың құлдары”,— деп айқайлап жүрді. Ақырында Пауыл жынға былай деді: “Исаның атымен бұйырамын, шық одан!” Сол сәтте жын қыздың ішінен шығып кетті.

Қыздың қожайындары енді оның ақша таппайтынын түсінгенде, қатты ашуланды. Олар Пауыл мен Сыйласты басшылардың алдына сүйреп апарып: “Мына екеуі заңды бұзып, бүкіл қаланы шулатып жүр”,— деді. Сонда басшылар Пауыл мен Сыйласты ұрып, түрмеге қамауды бұйырды. Түрме бастығы екеуін түрменің ең түпкі, ең қараңғы бөлмесіне қамап, аяқтарын бұғаулап тастады.

Түрмеде Пауыл мен Сыйлас Ехобаны мадақтап ән айтты. Мұны басқа тұтқындар естіп жатты. Кенет түннің ортасында жер қатты сілкініп, түрме түгелдей шайқалып кетті. Есіктер ашылып, тұтқындардың қол-аяғындағы шынжырлар мен бұғаулар түсіп қалды. Түрме бастығы ішке жүгіріп кірсе, есіктердің бәрі ашық тұр екен. Ол тұтқындар қашып кетті деп ойлап, семсерін шығарып, өз-өзін өлтірмек болды.

Дәл сол кезде Пауыл: “Өзіңді өлтірме! Біз қашып кеткен жоқпыз!”— деп қатты дауыстады. Сонда түрме бастығы жүгіріп келіп, Пауыл мен Сыйластың аяғына жығылды. Ол: “Құтқарылуым үшін не істеуім керек?”— деп сұрады. Бұған олар: “Өзің де, үй ішің де Исаға сенулерің керек”,— деп жауап қатты. Сөйтіп, Пауыл мен Сыйлас түрме бастығы мен оның үй ішіне Ехобаның сөзін айтып берді. Нәтижесінде, олардың бәрі шомылдыру рәсімінен өтті.

“Жұрт сендерді тұтқындайды, қудалайды, соттау үшін мәжілісханаларға апарады, түрмелерге жабады, менің атыма бола патшалар мен билеушілердің алдына сүйреп апарады. Бұл куәлік етулеріңе мүмкіндік береді” (Лұқа 21:12, 13).