Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

100-ТАРАУ

Пауыл мен Тімөте

Пауыл мен Тімөте

Тімөте есімді жас бауырлас Листра қаласындағы қауымда қызмет ететін. Оның әкесі грек, ал анасы яһуди ұлтынан болған. Анасы Әунике мен әжесі Лойда Тімөтеге кішкентай кезінен бастап Ехоба туралы үйреткен.

Пауыл екінші уағыз сапары кезінде Листраға келді. Сол жерде ол Тімөтенің бауырластарды қатты жақсы көретінін және оларға көмектесуге дайын екенін көрді. Сөйтіп, Пауыл оны өзімен бірге сапарға шығуға шақырды. Уақыт өте Пауыл Тімөтеге ізгі хабарды уағыздауды және тәлім беруді жақсылап үйретті.

Пауыл мен Тімөте қайда барса да, киелі рух оларды бағыттап отырды. Бір күні түнде Пауыл аян көрді. Аянда бір кісі оған: “Македонияға келіп, бізге көмектесе көр”,— деп шақырды. Содан Пауыл, Тімөте, Сыйлас пен Лұқа уағыздау үшін және қауымдар ашу үшін Македонияға кетті.

Македониядағы Салоника қаласында көптеген ерлер мен әйелдер мәсіхші болды. Бірақ кейбір яһудилер Пауыл мен оның жолдастарын көре алмай, қызғанышпен қарады. Олар бір топ адамды жинап, бауырластарды қала басшыларының алдына сүйреп апарды. Олар: “Мыналар — Рим үкіметінің жаулары!”— деп айқай салды. Пауыл мен Тімөтенің өміріне қауіп төнгендіктен, олар түнде Берея деген қалаға қашып кетті.

Береяның адамдары ізгі хабар туралы қатты білгісі келді. Олардың арасында гректер де, яһудилер де Исаның ізбасары болды. Бірақ Салоникадан кейбір яһудилер келіп, шу шығарғандықтан, Пауыл Афинаға кетіп қалды. Ал Тімөте мен Сыйлас бауырластарға қолдау көрсету үшін Береяда қала берді. Кейін Пауыл Тімөтені қайтадан Салоникаға жіберіп, ондағы қатты қудалау көріп жатқан бауырластарға көмектесуін сұрады. Пауыл оны басқа да көптеген қауымдарға жіберіп, оларды нығайтуды тапсырды.

Пауыл Тімөтеге: “Ехобаға қызмет еткісі келетіндердің бәрі қудаланады”,— деді. Шынымен де, Тімөте сенімі үшін қудалау көріп, түрмеге жабылды. Бірақ ол бұған мұңаймай, қайта, қуанды. Себебі Ехобаға адал екенін дәлелдей алды.

Пауыл філіпіліктерге былай деді: “Мен сендерге Тімөтені жіберемін. Ол сендерге Ехобаның жақсы қызметшісі сияқты өмір сүруді және қалай уағыздауды үйретеді”. Пауыл Тімөтенің сенімді адам екенін білген. Екеуі қызметте көп жыл бірге еңбектеніп, жақын дос болды.

“Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа ешкімім жоқ. Өзгелердің бәрі Иса Мәсіхтің емес, өз мүдделерін ойлайды” (Філіпіліктерге 2:20, 21).