Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Қадірменді оқырман!

Ехобаның қызметшілері болғандықтан біз оның Сөзі — Киелі кітапты жақсы көреміз. Бұл кітап тарихты тура баяндайтынына, өмірімізге сенімді бағыт-бағдар беретініне, сондай-ақ онда Ехобаның адамзат баласын өте жақсы көретініне салмақты дәлел бар екеніне көзіміз жеткен (Зәбүр 119:105; Лұқа 1:3; Жоханның 1-хаты 4:19). Біз басқа адамдардың да Құдай Сөзіндегі баға жетпес шындықтарды білгенін шын жүректен қалаймыз. Осы мақсатпен “Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық” деп аталатын кітапты қуанышпен назарларыңызға ұсынамыз. Ал қазір осы кітап жайлы бірер сөз айта кетейік.

Бұл кітап негізінен балаларға арнап дайындалды. Дегенмен Киелі кітап туралы көбірек білгісі келетін ересектер үшін де бұл кітаптың көмегі зор болмақ. Киелі кітап баршаға арналған кітап болғандықтан, оның ішіндегі тәлімдерді еске түсіргеніміз бәріміздің де бақытымызға бақыт қосары сөзсіз.

Киелі кітаптағы оқиғаларға сүйене отырып, бұл кітап адамзат жаратылғаннан бергі тарихты хабар етеді. Ондағы Киелі кітап оқиғаларын анық та қарапайым, мүмкіндігінше хронологиялық тәртіппен баяндауға тырыстық.

Алайда бұл кітаптың мақсаты — жай ғана Киелі кітаптағы оқиғаларды айтып беру емес. Ондағы мәтін де, суреттер де Киелі кітап оқиғаларына жан бітіріп, суреттегі адамдардың сезімін жеткізетіндей етіп құрастырылды.

Бұл басылымнан Киелі кітаптың Ехоба Құдайға мойынсұнған және мойынсұнбаған адамдар туралы жазылған кітап екені көрінеді. Сондай-ақ олардан үлгі-өнеге және сабақ алуға көмектеседі (Римдіктерге 15:4; Қорынттықтарға 1-хат 10:6). Бұл кітап 14 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің басында тәлім боларлық түйінді ойлар жазылған.

Балаңыз бар болса, кітаптағы әрбір тарауды онымен бірге оқып, суретін талқылаңыз. Сосын сол тарауға негіз болған Киелі кітаптағы тармақтарды бірге оқыңыз. Осылайша балаңызға оқып жатқандарының бәрі Киелі кітаптан алынғанын түсінуге көмектесіңіз. Мұндай тәсіл Киелі кітап туралы жалпы мағлұмат алғысы келетін ересек адамға да тиімді болар.

Бұл кітап жас-үлкен демей, ниеті түзу, жүрегі таза жандардың бәріне Құдай Сөзін танып-білуге әрі алған тәлімдерін кәдесіне жаратуға көмектеседі деп үміттенеміз. Осының арқасында олар да Құдайдың сүйікті отбасының бір мүшесі болып, оған ғибадат етушілердің қатарына қосылар.

Игі тілекпен,

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі