Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ТАРАУ

“Құдайдан аян алдым”

“Құдайдан аян алдым”

ЕЗЕКИЕЛ 1:1

ОЙБАҒДАР: Езекиелдің аянда көктегі арбаны көруі

1—3. а) Езекиелдің не көріп, не естігенін баяндап беріңіз. (Тараудың басындағы суретті қараңыз.) ә) Езекиел куә болған жағдайдың артында қандай күш тұрды және пайғамбар қандай әсер алды?

ЕЗЕКИЕЛ алыстағы кең жазыққа қарап тұр. Бір кезде көзі шарасынан шыға жаздады. Ол өз көзіне өзі сенер емес! Көкжиектен өте ерекше бір дауыл көтеріліп келе жатты. Солтүстіктен соққан дүлей жел шашы мен киімін жұлқылап жатса да, оның бар назары төніп келе жатқан алып бұлтта еді. Бұлттың ішінен алаулаған от көрінді. Оның алауы жалтыраған алтын мен күмістің қоспасына ұқсайтын. Бұлт Езекиелге қарай жақындаған сайын қалың әскердің шуындай дауыс та күшейе берді (Езек. 1:4, 24).

2 Осылай Езекиел шамамен 30 жасында мәңгі естен кетпес алғашқы аянын көрді. Ол Ехобаның құдіретін, яғни киелі рухының ғаламат зор күшін сезінді. Езекиелдің сол рухтың әсерімен көрген көріністері қазіргі заманның ең күшті деген спецэффектілері бар фильмдерін басып озатын. Мұндай аяннан кейін бойында еш әл қалмай, Езекиел жерге етпеттей құлады (Езек. 1:3, 28).

3 Бірақ Ехобаның мақсаты Езекиелді жай аң-таң ету ғана емес еді. Езекиел кітабында жазылған барлық аян іспетті бұл аян да мән-мағынаға толы болатын. Оның тек Езекиелге ғана емес, Ехобаның бүгіндегі адал қызметшілеріне де айтары көп. Қазір Езекиелдің осы бірінші аянда не нәрсеге куә болғанына толығырақ тоқталайық.

Сол кезеңдегі ахуал

4, 5. Езекиел аян алған уақытта жағдай қандай еді?

4 Езекиел 1:1—3 оқыңыз. Алдымен сол кездегі жағдайға назар аударайық. Бұл б. з. б. 613 жыл еді. Алдыңғы тараудан білгеніміздей, Езекиел Бабылға жер аударылған қандастарымен бірге Кебар өзенінің маңында тұрып жатты. Кебар қолдан жасалған, терең әрі арнасы кең канал болса керек. Ол Евфраттан тармақталып, кейін қайтадан Евфратқа құятын.

Езекиел Кебар өзенінің маңында жер аударылған яһудилермен бірге тұрып жатты (4-абзацты қараңыз)

5 Туған қалалары Иерусалим шалғайда, Бабылдан 800-дей шақырым жерде жатты *. Кезінде Езекиелдің әкесі діни қызметкерлік міндетін атқарған ғибадатхана болса жалған ғибадатпен, пұттармен арамдалды. Ал Дәуіт пен Сүлеймендей ұлы патшалар отырған тақ сән-салтанатынан айырылды. Сенімнен жұрдай Ехония патша Иерусалимнен жер аударылып, оның орнына Бабыл патшасының қолшоқпарына айналған зұлым Седекия келді (Пат. 2-ж. 24:8—12, 17, 19).

6, 7. Езекиелдің жанына не нәрсе қатты батты?

6 Қара түнек басқан бұл кезең Құдайдың адал қызметшісі Езекиелдің жанына қатты батты. Оның жер аударылған бауырларының кейбірі: “Ехоба бізді біржолата тастап кеткені ме? Жалған тәңірлерге толы Бабыл империясы таза ғибадат пен Ехобаның жердегі билігін шынымен-ақ құртып жібере ме?”— деп, сарыуайымға салынса керек.

7 Осы жайттарды ойда тұтып, жеке зерттеуіңізде Езекиелдің алғашқы аянын тыңғылықты зерттеп көріңіз (Езек. 1:4—28). Оның естігені мен көргенін елестетіп, сезімдерін тұла бойыңызбен сезінуге тырысыңыз.

Евфрат өзені (Кархемистің маңы) (5—7 абзацтарды қараңыз)

Теңдесі жоқ көлік

8. Езекиел аянда не көрді және ол нені бейнелейді?

8 Езекиел аянда не көрді? Ол адам бойын түршіктіріп, аң-таң қылатын өте үлкен, ғаламат бір көлік көрді десек болады. Оның суреттегені көбіне арбаға не күймеге ұқсайтын. Бұл көліктің айбынды алып төрт дөңгелегі болды. Дөңгелектердің жанында төрт ерекше тіршілік иесі, яғни Езекиел кейінірек сипаттағандай, төрт керуб тұрды (Езек. 10:1). Олардың төбе жағында мұз айдынына ұқсайтын жалтыраған үлкен тақта төселіп жатты. Тақтаның үстінде Ехобаның өзі отырған салтанатты тақ тұрды! Бұл арба Ехобаның бүкіләлемдік ұйымының көктегі бөлігін бейнелейді. Бұлай деуге негіз болар үш жайт бар.

9. Ехобаның көктегі жаратылыстарының үстінен билік жүргізуі қай жағынан көлік жүргізуге ұқсайды?

9 Ехоба көктегі жаратылыстарының үстінен билік жүргізеді. Байқағанымыздай, аянда Ехобаның отырған тағы керубтердің төбе жағында орналасқан. Киелі кітаптың басқа жерлерінде де Ехобаның тағы керубтердің үстінде я арасында тұрғаны айтылады (Патшалар 2-жазба 19:15 оқыңыз; Мұс. 2-ж. 25:22; Зәб. 80:1). Әрине, Ехоба тура мағынада керубтердің үстінде отырмайды. Ол осы құдіретті рухани жаратылыстардың оны көтеріп жүруіне де, кәдімгі көлікпен жүруге де мұқтаж емес. Керубтер Ехобаның бүкіләлемдік билігі үшін қам жейтін періштелер. Ехоба оларды ниетін жүзеге асыру үшін ғаламның кез келген бұрышына жібере алады. Олар көктегі күллі періштелер сияқты Ехобаның шешімін іске асырады (Зәб. 104:4). Міне, осы мағынада Ехоба арбаның “жүргізушісі” ретінде барлық періштелерін бейне бір көлік іспетті басқарып, оларға бүкіләлемдік билігін жүргізеді.

10. Көктегі арба төрт керубті ғана емес, анағұрлым көп рухани жаратылысты қамтитынын неден білеміз?

10 Аяндағы төрт тіршілік иесі керубтерді ғана білдірмейді. Езекиел көрген керубтердің саны төртеу еді. Жазбаларда 4 деген сан әдетте бір нәрсені түгелімен, толық қамтығанда қолданылады. Демек, төрт керуб Ехобаның бүкіл адал рухани ұлдарын бейнелейді. Назар аударатын тағы бір жайт, керубтердің өздері де, дөңгелектер де көздерге толы болған. Бұл дегеніміз төрт тіршілік иесінің ғана емес, бүкіл рухани жаратылыстың сергек те қырағы екенін білдіреді. Бұған қоса, Езекиелдің арбаны қалай сипаттағанынан оның көлемі аса үлкен екенін білуге болады (Езек. 1:18, 22; 10:12). Иә, Ехобаның ұйымының көктегі бөлігі төрт керубтен де көп рухани жаратылысты қамтитындай өте үлкен.

Аянда Ехобаның көктегі арбасын көріп Езекиел таң-тамаша болды! (8—10 абзацтарды қараңыз)

11. Даниял қандай ұқсас аян көрген және бұдан қандай тұжырымға келеміз?

11 Даниял да ұқсас аян көрген. Ол Бабылда ұзақ жыл тұтқында болған. Ехоба оған да аян беріп, көктегі әлемді көрсеткен. Сол аянда да Ехобаның тағының дөңгелектері болды. Даниялдың аяны Ехобаның көктегі рухани отбасының өте үлкен екендігіне баса назар аударады. Даниял Ехобаның алдында “миллиондаған... жүз миллиондаған” періштенің тұрғанын көрген. Бұл періштелер көктегі Сот отырысына жиналғанын ескерсек, олардың әрқайсысының тағайындалған өз орны болғанға ұқсайды (Дан. 7:9, 10, 13—18). Езекиел көрген аян да осы рухани жаратылыстарды бейнелейді деу қисынды емес пе?!

12. Езекиелдің аяны сияқты оқиғаларды зерттеу бізге қай жағынан қорғаныш?

12 “Көзге көрінбейтін” рухани нәрселер жайлы ойлану біз үшін қорғаныш екенін Ехоба жақсы біледі. Ет пен сүйектен жаралған пенде болғандықтан, біз “көзге көрінетін”, яғни тәндік әрі өткінші нәрселерге көп мән беруге бейімбіз (Қорынттықтарға 2-хат 4:18 оқыңыз). Шайтан сол бейімділігімізді пайдаланып, бізді тек тәннің күйін күйттейтін адам еткісі келеді. Оның осындай қысымына төтеп беруіміз үшін, қамқор Әкеміз Ехоба Езекиелдің аяны сияқты оқиғалардың Киелі кітапқа жазылуын қамдады. Соларды зерттеудің арқасында біз Ехобаның көктегі отбасының асқақ ұлылығын әрдайым ойда ұстаймыз!

“Айналып тұрған дөңгелектер!”

13, 14. а) Езекиел арбаның дөңгелектерін қалай сипаттаған? ә) Ехобаның тағының дөңгелектері болғаны неге орынды?

13 Езекиел алдымен төрт керубке назар аударған. Осы басылымның 4-тарауынан бұл тіршілік иелерінің ерекше түр-тұрпаты Ехоба жайында не айтатынын білеміз. Ал қазір сол керубтердің жанында бір-бірден тұрған дөңгелектерге көңіл бұрайық. Төрт жерде тұрған бұл дөңгелектер үлкен төртбұрыш жасап тұрды (Езекиел 1:16—18 оқыңыз). Олар сары не сарғыш жасыл түсті мөлдір хризолит тасынан жасалғандай көрінді, әрі жалт-жұлт етіп көздің жауын алып тұрды.

14 Езекиел арбаның дөңгелектерін ерекше екпін түсіріп сипаттады. Бұнысы түсінікті де. Көз алдыңызға дөңгелегі бар патшалар тағын елестетіп көріңізші. Өте қызық, солай емес пе?! Әдетте тақ бекітілген жерінде ғана тұрады. Оның үстінде отырған патшаның да билігінің аясы шектеулі болады. Бірақ Ехобаның басқа патшалардан айырмашылығы жер мен көктей. Оның бүкіләлемдік билігінің шегі де, шеті де жоқ (Нех. 9:6). Иә, Әлемнің Әміршісі Ехоба өз билігін кез келген жерге жүргізе алады!

15. Езекиел дөңгелектердің көлемі мен құрылысын қалай сипаттады?

15 Дөңгелектердің көлемі Езекиелді қайран қалдырды. Ол: “Дөңгелек құрсауларының үлкендігі сонша — бойыңды үрей билейді”,— деп жазды. Жалт-жұлт етіп, аспанмен таласқан алып дөңгелектерге шалқая қарап тұрған Езекиелді елестетіп көріңізші. Ол: “Құрсаулардың төртеуі де айналдыра көздерге толы еді”,— деп ғажайып жайтқа назар аударды. Алайда бәрінен асып түсетіні дөңгелектердің бірегей құрылысы еді. “Бір дөңгелектің ішінде тағы бір дөңгелек орналасқандай көрінетін”,— деп сипаттады Езекиел.

16, 17. а) Дөңгелектің ішінде тағы бір дөңгелек болғанын қалай түсінуге болады? ә) Мұндай дөңгелектермен көктегі арба қалай жүретін?

16 Езекиел көрген аянда бір дөңгелектің өзі екі дөңгелектен тұратын. Екі дөңгелектің де диаметрі бірдей әрі бір-бірімен тік бұрыш жасап қиылысқан болса керек. Осының арқасында “дөңгелектер қозғалғанда, бұрылмай-ақ төрт бағыттың біріне қарай жүре беретін”. Мұндай дөңгелектер көктегі арба жайында нені аян етеді?

17 Дөңгелектердің үлкендігі сонша — олар бір айналғанда бірталай алқапты басып өтетін. Езекиелдің сөздерінен көктегі көліктің найзағайдай жылдам жүретінін де аңғаруға болады (Езек. 1:14). Ол — ол ма, төрт бағытты дөңгелектерінің арқасында бұл көлік епті қозғалып, бағытын оңай әрі лезде өзгертетін. Осындай манёвр жасай алатын механизмді жасап шығару — инженерлер үшін қол жетпес арман ғана! Көктегі арбаға бағытын өзгерту үшін жылдамдықты бәсеңдетудің де, ол түгілі бұрылудың да қажеті жоқ! Бірақ ол кез келген бағытқа бейберекет жүре бермейді. Құрсаулары көздерге толы болғандықтан, бұл көлік қай тарапқа бет алмасын, жан-жағын толық көріп, сезіп отырады.

Көлемі өте үлкен дөңгелектер көз ілестірмей зулайтын (17-абзацты қараңыз)

18. Дөңгелектердің өте үлкен және көздерге толы болғаны нені көрсетеді?

18 Сонымен, Ехоба Езекиелге және күллі адал адамдарына өз ұйымының көктегі бөлігі жайлы не айтқысы келді? Осыған дейін қарастырғанымызды түйіндейік. Дөңгелектердің жалтыраған тастан жасалғанын және көлемінің үлкендігін ескерсек, бұл ұйым даңқты да салтанатты, әрі қастерлі сезім оятады. Ал дөңгелектердің көздерге толы болғандығы ұйымның барлық мән-жайды біліп отыратынын көрсетеді. Ехобаның өзі де бәрін көріп отырады (Нақ. с. 15:3; Ерм. 23:24). Бұған қоса, ол сан миллиондаған періштесін ғаламның кез келген нүктесіне жібере алады. Олар болса бәрін асқан мұқияттылықпен бақылап, зерделеп, көргендерін Әлемнің Әміршісіне баяндайды (Еврейлерге 1:13, 14 оқыңыз).

Ерекше құрылысының арқасында дөңгелектер ғажап ептілікпен қозғалатын (17, 19-абзацты қараңыз)

19. Көктегі арбаның өте жылдам әрі өте епті қозғалатынынан Ехоба мен оның ұйымының көктегі бөлігі жайлы не білеміз?

19 Сондай-ақ біз көктегі арбаның өте жылдам әрі өте епті қозғалатынын білдік. Ехобаның ұйымының көктегі бөлігі адами үкіметтер мен ұйымдардан қаншалықты ерекшеленеді десеңізші! Олар дүниедегі күрделі мәселелердің шешімін көруге дәрменсіз, үнемі құбылып тұратын жағдайларға да икемделе алмайды. Сол себепті заманнан қалып ескіріп, ақырында құрдымға кетеді. Ал көктегі арба оны басқарып отырған Ехобаның парасатпен әрекет ететін, жаңа жағдайға тез бейімделетін Құдай екенін аңғартады. Есімі анық айтып тұрғандай, Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін кім болу керек болса, сол бола алады (Мұс. 2-ж. 3:13, 14). Мысалы, ол халқын қорғау үшін айбатты Жауынгер бола алады, сөйте тұра, кешірімді Құдай ретінде, шын өкінген, жүрегі жаралы күнәкарды мейірімділікпен түзетіп, қайта аяққа тұрғыза алады (Зәб. 30:5; Ишая 66:13).

20. Неге Ехобаның арбасы бойымызда қастерлі сезім ояту керек?

20 Аяндағы Ехобаның арбасы бойыңызда қастерлі сезім оятты ма? Арба ретінде суреттелген Ехобаның ұйымы шынымен бар, әрі ол дәл қазір әрекет етіп жатыр. Ехоба да, оның Ұлы мен күллі періштелері де жанымызға батқан қиындықтарымызды көрмейді деген жаңсақ ойға берілмейік. “Ехоба қажет уақытта көмектесе алмайды, ұйымы да құбылмалы мына дүниедегі жағдайларға бейімделе алмайды” деп уайымдамайық. Езекиел көктен “Айналып тұрған дөңгелектер!” деген дауысты естіген еді (Езек. 10:13). Бұдан Ехобаның көктегі арбасы үнемі қозғалыста екенін көреміз. Осы маңызды жайтты есте ұстағаймыз. Ехобаның өз ұйымын қалай басқарып отырғаны бізді қайран қалдырады, солай емес пе?! Ал Ехобаның өзіне назар аударып, қандай Құдай екені жайлы ойлансақ, бойымызды одан сайын қастерлі сезім кернейді.

Теңдессіз көліктің “жүргізушісі”

21, 22. Көктегі арбаның бөлшектері қалай тұтасып тұрғанын түсіндіріп беріңіз.

21 Езекиел көзін одан да жоғары көтеріп еді, “адамды таң-тамаша қалдыратын жалтыраған мұз айдынына ұқсайтын тақта сияқты бірдеңені” көрді (Езек. 1:22). Мөп-мөлдір бұл тақта керубтердің төбе жағында, өте биікте төселіп жатты. Көліктің құрылысын бес саусақтай білетін адамда мынандай сұрақтар туындайтын шығар: “Бұл тақта дөңгелектерге бекітілмесе, ол қалай тұр? Дөңгелектердің арасында жүргізгіш белдеме болмаса, олар қалай айналып тұр?” Бірақ мына нәрсені ескерейік: көктегі арба физикалық заңдарға тәуелді емес, ол — рухани әлемді сипаттайтын бейнелі мағынадағы көлік. Оның үстіне: “Тіршілік иелеріндегі рух дөңгелектерде де болды”,— деп жазылған (Езек. 1:20, 21). Керубтер мен дөңгелектердегі бұл қандай рух?

22 Әрине, бұл — ғаламдағы ең ғаламат күш Ехобаның киелі рухы! Көлікті тұтас біріктіріп, оған қуат беріп, бөлшектерін бір уақытта бірдей қозғалтып отырған — осы күш. Ал енді осы күштің иесіне, арбаның үстінде отырған “жүргізушіге” назар аударайық.

Езекиел сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес нәрселерді көрген

23. Езекиел Ехобаны сипаттау үшін қандай сөздерді қолданды және неге?

23 Езекиел 1:26—28 оқыңыз. Көктегі арбаны сипаттау барысында Езекиел “ұқсайтын”, “сияқты”, “іспеттес”, “бірдеңе” деген сөздерді жиі қолданғанын байқаймыз. Ал келтірілген тармақтарда осындай сөздер тіптен көп. Соған қарағанда, Езекиел сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес нәрселерді сипаттауға тырысқан. Ол “таққа ұқсайтын”, “жақұт тасы сияқты бірдеңені” көрген еді. Елестетіп көріңізші, алдыңызда қою көк түсті алып жақұт тасынан тұтастай қашалған тақ тұр! Ал оның “үстінде адам іспеттес біреу отыр”.

24, 25. а) Ехобаның тағының айналасындағы кемпірқосақ нені есімізге салады? ә) Көрген аяндары Құдайдың кейбір қызметшілеріне қалай әсер еткен?

24 Тақтың үстінде отырған Ехоба еді. Бірақ ол көзге анық көрінбеді, өйткені белінен төмен және жоғары қарай оттай лаулап тұрды. Даңқы мен салтанаты осылай нұр шашқан Ехобаға Езекиел бетін алақанымен қалқалап, көзін сығырайтып әрең қараса керек. Ал “оның айналасындағы сәуле жаңбырлы күні бұлт арасынан шығатын кемпірқосаққа ұқсайтын”. Бұл көріністі көргенде, Езекиел таң-тамаша болды. Жауыннан кейін зеңгір аспанды жайнатып жіберетін кемпірқосақ кімді тәнті етпейді дейсіз?! Ол Жаратушымыздың ғаламат салтанатын ойымызда жаңғыртып тұрады. Көк аспанда керілген түрлі-түсті бұл жолақ тағы бір жайтты — Ехобаның Топан судан кейін адамдармен жасасқан тыныштық пен бейбітшілік келісімін — есімізге салады (Мұс. 1-ж. 9:11—16). Құдіреті қанша шексіз болса да, Ехоба “тыныштықтың Құдайы” болып қала береді (Евр. 13:20). Тыныштық оның жүрегінде мекендейді, әрі бұл тыныштық оның барлық адал қызметшілеріне де дариды.

Ехоба отырған тақтың айналасындағы кемпірқосақ тыныштықтың Құдайына қызмет ететінімізді еске салады (24-абзацты қараңыз)

25 Ехоба Құдайдың даңқы мен салтанатына куә болғаны Езекиелге қалай әсер етті? “Мұны көргенде, мен жерге етпеттей кеттім”,— деп жазды ол. Тұла бойын қастерлі сезім мен үрей меңдеген Езекиел жерге құлай кетті. Өзге де пайғамбарлар Ехобадан аян алғанда дәл осындай күй кешкен. Олар өздерін түкке тұрғысыз сезініп, тіпті әл-дәрменнен айырылған (Ишая 6:1—5; Дан. 10:8, 9; Аян 1:12—17). Бірақ кейін олар көрген аяндарынан ерекше күш-жігер алған. Езекиел жайында да солай дей аламыз. Киелі кітаптан осы іспетті тарауларды оқығанда, біз де сондай әсер алуға тырысайық.

26. Көрген аяны Езекиелді қалай нығайтты?

26 Егер Езекиел Бабылдағы Құдай халқын уайымдап, санасын күмәнді ойлар билеген болса, көрген аяны оны бір нығайтып тастағаны сөзсіз. Шынымен де, Құдай халқы Иерусалимде бола ма, Бабылда не басқа жерде бола ма — Ехобаның ғаламат арбасы оларға бәрібір жете алар еді! Шайтанның қол астындағы ешқандай үкімет көктегі айбынды арбаны басқарып отырған Құдайға кедергі бола алмайды! (Зәбүр 118:6 оқыңыз). Езекиел көргендей, арба адамзат мекеніне жақын жүрген. Дөңгелектері тіпті жерге тиген! (Езек. 1:19). Бұл Ехоба Бабылға айдалған адал халқының күйіне бейжай қарамағанын көрсетеді. Олар қай жерде жүрсе де, сүюші Әкелерінің қамқорлығынан шет қалмаған.

Көктегі арба және сіз

27. Езекиел көрген аянның біз үшін қандай мәні бар?

27 Езекиел көрген аянның біз үшін қандай мәні бар? Өте зор мәні бар дей аламыз! Мынаны ұмытпайық, Шайтан таза ғибадатқа шабуылын күшейте бермек. Ол бізді “біз жалғызбыз, көктегі Әкеміз де, оның ұйымы да бізден алыста” дегенге сендіргісі келеді. Мұндай өтіріктің санамыз бен жүрегімізге енуіне ешқашан жол бермейік! (Зәб. 139:7—12). Езекиел сияқты қастерлі сезімге бөленудің себептері бізде де жетіп-артылады. Әрине, ол сияқты жерге етпеттей құламайтын шығармыз. Алайда Ехобаның бүкіләлемдік ұйымының көктегі бөлігі қаншалықты құдіретті, жылдам, епті, бейімделгіш, салтанатты екені бізді де қайран қалдырып, таң-тамаша етеді емес пе?!

28, 29. Ехобаның арбасы бір орында тұрмағаны өткен ғасырда қалай байқалды?

28 Ехобаның ұйымының жердегі бөлігі де бар екенін естен шығармайық. Бірақ бір айырмашылығы, бұл бөлігі кемелсіз адамдардан тұрады. Осыған қарамастан Ехоба өз қызметшілерін қолданып, нендей істерді жүзеге асырғаны жайлы ойлап көріңізші! Әрине, Ехобаның көмегінсіз жұмыр басты пенделер дүниежүзі бойынша мұндай ғаламат істерді атқара алмас еді (Жох. 14:12). Өткен ғасырда уағыз ісінің қаншалықты кең көлемде жүргенін “Құдай Патшалығы билік етуде!” кітабының беттерінен көре аламыз. Құдай ұйымының шынайы мәсіхшілерге тәлім беруде алға басқаны, сот істеріндегі жеңістері, Құдай еркін іске асыру үшін ең заманауи технологияларды қолданғаны да таңғалдырады!

29 Зұлым дүниенің соңғы күндерінде таза ғибадатты қалпына келтіру үшін қандай шаралар жасалғанын көргенде, Ехобаның арбасы бір орында тұрмағанына анық көзіміз жетеді. Осындай ұйымның мүшесі болып, Әлемнің Әміршісіне қызмет ету неткен зор мәртебе десеңізші! (Зәб. 84:10).

Ехобаның ұйымының жердегі бөлігі ілгері жылжуда (28, 29-абзацты қараңыз)

30. Келесі тарау не жайлы болады?

30 Езекиелдің аянынан білетініміз бұл ғана емес. Келесі тарауда аяндағы ерекше төрт “тіршілік иесіне”, яғни керубтерге назар аударамыз. Олардың да ұлы Әлемнің Әміршісі Ехоба жайлы үйретері мол.

^ 5-абзац 800-дей шақырым деген екі жердің арасын тікелей өлшегендегі арақашықтық. Бірақ Бабылға айдалған яһудилер айналма жолмен жүріп, одан екі есе көп жүрсе керек. “Бабылға апарған ұзақ жол” деген картаны қараңыз.