Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ТАРАУ

“Сені... күзетші етіп тағайындадым”

“Сені... күзетші етіп тағайындадым”

ЕЗЕКИЕЛ 33:7

ОЙБАҒДАР: Ехобаның күзетші тағайындауы және оның міндетін түсіндіруі

1. Ехобаның күзетші етіп тағайындаған пайғамбарлары не істеді және артынан қандай жағдай орын алды?

ИЕРУСАЛИМНІҢ қабырғасының үстінде тұрған күзетші ұясына батып бара жатқан күннен қолымен көзін қалқалап, алысқа қарап тұр. Бір кезде ол жалма-жан қолына кернейін алды да, қос өкпесін ауаға толтырып, дабыл қаға бастады. Өйткені қалаға Бабыл әскері төніп келе жатты! Күзетші кернейін қанша аңырата тартпасын, халықтың қандай да бір шара қолдануына тым кеш еді. Ехобаның тағайындаған күзетшілері, яғни пайғамбарлары осы күннің келетінін ондаған жыл бойы талмай ескертіп келген еді. Бірақ қала тұрғындары оларды мүлдем елемеді. Ал енді, міне, Иерусалим жаудың қоршауында қалды. Бабылдықтар қаланы көп ай қоршауда ұстаған соң, қабырғаны бұзып кіріп, ғибадатхананың күл-талқанын шығарды. Ал сенімнен жұрдай тұрғындарының кейбірін қырып тастап, кейбірін тұтқынға әкетті.

2, 3. а) Жер шарының тұрғындарын не күтіп тұр және қазір оларда қандай мүмкіндік бар? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Біздің күндерімізге келсек, Ехобаның көктегі әскері жуырда бүкіл жер шарының сенімнен жұрдай тұрғындарына лап қояды (Аян 17:12—14). Бұл соғыс адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған зор алапаттың шарықтау шегі болмақ (Мат. 24:21). Алайда, бір қуаныштысы, Ехоба тағайындаған күзетшілердің ескертуіне құлақ асуға әлі де мүмкіндік бар.

3 Ехобаның күзетшілер тағайындауына қозғау болған не? Олар қандай хабарды жариялаған? Күзетшілердің міндетін кімдер атқарып келген және бұл ретте біздің қосар үлесіміз қандай? Қазір осы сұрақтарды қарастырып шығайық.

“Оларға ескертуімді жеткізуге тиіссің”

4. Ехоба күзетшілерді не үшін тағайындаған? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

4 Езекиел 33:7 оқыңыз. Ежелде күзетшілер қала қабырғасының үстінде тұрып, тұрғындардың қауіпсіздігін күзеткен. Осындай шараның болғаны қала билеушісі өз халқының амандығын ойлайтынын көрсеткен. Әрине, кернейдің аңыраған даусы шырт ұйқыда жатқан жұртты шошытуы мүмкін еді, бірақ осы дабылдың арқасында олар жандарын сақтап қала алған. Тура сол сияқты, Ехобаның күзетшілер тағайындаған себебі — ол исраилдіктерді үкім хабарымен қорқытқысы келген жоқ, керісінше, олардың қамын ойлап, аман сақтап қалғысы келген.

5, 6. Ехобаның әділдігін көрсететін бірінші жайт қандай?

5 Езекиелді күзетші етіп тағайындаған кезде, Ехобаның болмысы ашыла түсті. Қазір оның жанымызды жайландыратын екі қасиетіне назар аударайық.

6 Әділдік. Ехоба ешкімді алаламай, әрбірімізге дара тұлға деп қарайды. Осыдан оның әділдігі анық көрінеді. Мысалы, Езекиелдің хабарын халықтың көпшілігі елемесе де, Ехоба исраилдіктердің бәріне бірдей бүлікшілер деп қарамады. Ол әрбір жеке адамның хабарды қалай қабылдайтынын көргісі келді. Езекиелге айтқан хабарында Ехоба “зұлым адам” және “әділ адам” деген жекеше түрдегі сөздерді қайта-қайта қолданған. Осыдан Ехобаның әрбір адамды хабарға қалай құлақ асатынына қарай соттайтынын көреміз (Езек. 33:8, 18—20).

7. Адамдарды соттаған кезде Ехоба нені ескереді?

7 Ехобаның әділдігі адамдарды қалай соттайтынынан да байқалады. Әр адам өзінің бұрынғы істері үшін емес, ескертулерге қазір қалай құлақ асып жатқаны үшін жауап береді. Ехоба Езекиелге: “Егер зұлым адамға “Сен өлесің!” десем, бірақ ол күнә жасауын қойып, заңды да әділ әрекет ете бастаса... ол өлмейді, өмір сүре береді”,— деген. Осы сөздерінен кейін Ехоба: “Оның күнәларының ешқайсысы еске алынбайды”,— деп маңызды жайтқа назар аударды (Езек. 33:14—16). Ал әділдік жолымен жүріп келген адам болса бұрыннан мойынсұнғыш болып келе жатқаны қазіргі күнәсін жуып-шаяды деп ойламау керек. Өйткені Ехоба: “Егер мен әділ адамға “Сен өмір сүресің!” десем, бірақ ол әділдігіне сеніп, жамандық жасаса, оның әділ істерінің ешқайсысы еске алынбайды, ол жасаған жамандығы үшін өледі”,— деген (Езек. 33:13).

8. Пайғамбарлардың ескертулерінен Ехобаның әділдігі жайлы не білеміз?

8 Ехобаның әділдігінің тағы бір көрінісі — ол үкімін іске асырмас бұрын алдын ала ескертеді. Мысалы, Езекиел бабылдықтар Иерусалимді жоймай тұрып, алты жылдай уақыт бойы пайғамбарлық еткен. Бірақ Құдайдың халқын ескерткен бірінші адам Езекиел емес еді. Оған дейін де Ехоба Иерусалимнің жойылатынын ескерту үшін, Ошия, Ишая, Миха, Одед, Еремия пайғамбарларын жіберіп, оларға күзетші міндетін атқаруды тапсырған. Ехоба исраилдіктерге Еремия арқылы: “Мен күзетшілер тағайындадым, олар: — Мүйіз кернейдің даусына құлақ салыңдар!— деп жар салды”,— деген (Ерм. 6:17). Сондықтан бабылдықтар Ехобаның үкімін жүзеге асырғанда қаза болған адамдардың қаны Ехобаның да, оның күзетшілерінің де мойнында кеткен жоқ.

9. Ехоба айнымас сүйіспеншілігін қалай танытты?

9 Сүйіспеншілік. Ехоба күзетшілерін әділдерді ғана емес, зұлымдарды да — оның жүрегін ауыртып, атына кір келтіргендерді де — ескерту үшін жіберген. Осылай оларға айнымас сүйіспеншілік танытқан. Ойлап көріңізші, исраилдіктер Ехобаның есімін алып жүрген халық болатын. Бірақ олар Ехобадан қайта-қайта теріс айналып, жалған құдайлардың жетегінде кетті! Ехоба опасыз халқын күйеуінің көзіне шөп салған әйелге теңеп, жүрегінің қаншалықты сыздағанын көрсетті (Езек. 16:32). Сөйтсе де ол халқынан бірден бас тартып кетпеді. Ехоба кек алуды көздеп, халқын өлімге кесуге асықпады, қайта, татуласудың жолын іздеді. Неліктен? Ол Езекиелге: “Мен зұлым адамның өлгеніне қуанбаймын, қайта, теріс жолдан қайтып, өмір сүргеніне қуанамын”,— деген (Езек. 33:11). Ехоба әлі де өзгерген жоқ. Ол бұрын қандай болған болса, бүгінде де дәл сондай (Малх. 3:6).

10, 11. Ехобаның өз халқына қалай қарағанынан не үйренеміз?

10 Ехобаның исраилдіктерге әділдікпен, сүйіспеншілікпен қарағанынан не үйренеміз? Біріншіден, біз уағыз қызметінде кездестіретін адамдарды жалпы бір топ адам деп емес, әрқайсысын дара тұлға деп қарастырғанымыз жөн. Біреудің бұрынғы жаман істеріне, ұлты мен руына, тіліне, әлеуметтік жағдайына қарап, ол адам ізгі хабарды естуге лайық емес деп ойласақ, бұл үлкен қателік болар еді! Елші Петір Ехобаның көмегімен біздің күнімізге дейін маңызын жоғалтпаған бір жайтты жақсы түсінген. Ол: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады”,— деген (Ел. іс. 10:34, 35).

Сіз де адамдарға Ехоба сияқты қарайсыз ба? (10-абзацты қараңыз)

11 Екіншіден, өзіміздің де өте сақ болғанымыз абзал. Бұрын жасалған әділ істер қазіргі күнәні жуып-шая алмайды. Мынаны естен шығармайық: уағызда кезігетін адамдардікіндей күнәкар бейімділіктер өзімізде де бар. Елші Пауыл Қорынттағы қауымға: “Кім нық тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын! Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес”,— деп кеңес берген (Қор. 1-х. 10:12, 13). Бұл сөздерге біздің де ден қойғанымыз жөн. Дұрыс емес нәрсе істесем ештеңе болмайды, өйткені жақсы істер де жасап жүрмін ғой деп, өз “әділдігімізге сеніп” кетуден аулақ болайық (Езек. 33:13). Ехобаға қаншалықты ұзақ қызмет етпейік, әрқашан кішіпейіл де мойынсұнғыш болып қала бергеніміз өте маңызды.

12. Бұрын ауыр күнәлар жасаған болсақ, нені есте ұстағанымыз абзал?

12 Ал бұрын жасаған ауыр күнәларымыз үшін ар-ұжданымыз әлі күнге дейін маза бермесе ше? Езекиел айтқан хабардан Ехоба күнәсіна еш өкінбейтін адамдарды жазалайтынын білдік. Бұған қоса, оның бірінші кезекте жазалаушы емес, сүюші Құдай екенін де білдік (Жох. 1-х. 4:8). Шын өкінетінімізді іс-әрекетімізбен көрсетіп жүрсек, Құдайдың кешіріміне лайық емеспін деп ойлауға еш негіз жоқ (Жақ. 5:14, 15). Ехоба ежелде исраилдіктердің опасыздығын кешіруге дайын болғандай, бізді де кешіруге дайын (Зәб. 86:5).

“Халқыңның ұлдарына мына хабарымды жеткіз”

13, 14. а) Күзетшілер қандай екі түрлі хабар айтқан? ә) Ишая қандай хабар жариялаған?

13 Езекиел 33:2, 3 оқыңыз. Ехобаның күзетшілері қандай хабар жариялаған? Олардың міндетіне көбіне ескертулер айту кірген. Дегенмен күзетшілер жақсы хабар да жариялаған. Қазір мұның бірер мысалын көрейік.

14 Шамамен б. з. б. 778—732 жылдар аралығында қызмет еткен Ишая пайғамбар бабылдықтар Иерусалимді басып алып, халқын жер аудартып жіберетінін ескерткен (Ишая 39:5—7). Бірақ ол рухтың жетелеуімен былай деп те жазған: “Тыңдашы! Күзетшілерің айғайлап жатыр, Бір кісідей қуана дауыстап жатыр. Олар Сион халқын Ехобаның қайта жинағанын анық көреді” (Ишая 52:8). Ишая осылай ең тамаша хабарды — шынайы ғибадаттың қалпына келетінін жариялаған!

15. Еремия қандай хабар айтқан?

15 Б. з. б. 647—580 жылдары қызмет еткен Еремия пайғамбарды кейбіреулер әділетсіз түрде “апат шақырушы” деп атап жатады. Рас, ол Ехобаның зұлым исраилдіктерге апаттар төндіргелі жатқанын талмай ескерткен *. Алайда Еремия жақсы хабар да айтқан. Ол Құдай халқының өз елдеріне оралатынын және онда таза ғибадат қалпына келетінін пайғамбарлық еткен (Ерм. 29:10—14; 33:10, 11).

16. Езекиелдің хабары Бабылдағы тұтқындарға қандай игілік әкелді?

16 Езекиел күзетші болып б. з. б. 613 жылы тағайындалды. Ол осы қызметін шамамен б. з. б. 591 жылға дейін адал атқарды. Қолымыздағы кітаптың 5, 6-тарауларынан білгеніміздей, Езекиел Исраил халқына апат төнгелі тұрғанын жан сала жариялаған. Осылайша жойылатындардың ешқайсысының қаны оның мойнында кеткен жоқ. Бірақ Езекиел жер аударылған яһудилерге Ехобаның Иерусалимдегі жолдантаюшыларды жазалайтынын ескертіп қана қоймады. Ол Бабылда жүрген халыққа Ехобамен арақатынастарын нығайтуға көмектесіп, оларды алда күтіп тұрған үлкен іске де дайындады. 70 жылдық тұтқындықтан кейін Ехоба тамтықты қалпына келген Исраил жеріне әкелмек еді (Езек. 36:7—11). Олардың басым бөлігі Езекиелге құлақ қойған яһудилердің балалары мен немерелері болмақ-тын. Осы басылымның 3-бөлімінің басқа да тарауларында Езекиелдің айтқан көптеген ізгі хабары айтылады. Бұл хабарлар Иерусалимде таза ғибадаттың қалпына келетінін шегелей түседі.

17. Ехоба күзетшілерді қай кездері тағайындап отырған?

17 Б. з. б. 607 жылдың, яғни Иерусалим қираған жылдың тұсында қызмет еткен осы пайғамбарлар ғана күзетшінің міндетін атқарған ба? Жоқ. Ниеті жүзеге асатын елеулі оқиға болар алдында, Ехоба үнемі күзетшілер тағайындап, оларға зұлымдарды ескертуді де, жақсы хабар айтуды да тапсырып отырған.

Бірінші ғасырдағы күзетшілер

18. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия қандай қызмет атқарды?

18 Б. з. I ғасырында күзетші міндетін шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия атқарды. Ол Исраил үйіне Құдай жақында олардан бас тартатынын ескертті (Мат. 3:1, 2, 9—11). Алайда оның қызметі мұнымен шектелмеді. Иса Жақияның, пайғамбарлықта айтылғандай, Мәсіхке жол дайындайтын “хабаршы” екенін айтқан (Малх. 3:1; Мат. 11:7—10). Жақияның қызметіне ізгі хабарды, яғни “Құдайдың Тоқтысы” Иса келгенін әрі ол “дүниені күнәдан арылтатынын” жариялау да кірді (Жох. 1:29, 30).

19, 20. Иса мен оның шәкірттері қалайша күзетшілер міндетін атқарды?

19 Алайда күзетшілердің ішіндегі ең ұлысы Иса болған. Ол да Езекиел сияқты “Исраил үйіне” жіберілді (Езек. 3:17; Мат. 15:24). Иса Ехобаның жақында “Исраил үйінен” бас тартатынын және Иерусалимнің жойылатынын ескертті (Мат. 23:37, 38; 24:1, 2; Лұқа 21:20—24). Бірақ оның негізгі қызметі ізгі хабар жариялау еді (Лұқа 4:17—21).

20 Жерде жүрген кезінде Иса шәкірттеріне күзетшінің міндетін жүктеп, оларға: “Сергек болыңдар!”— деді (Мат. 24:42). Олар Исаның осы бұйрығына мойынсұнып, Ехоба “Исраил үйінен” және жердегі Иерусалим қаласынан бас тартқанын айтып жүрді (Рим. 9:6—8; Ғал. 4:25, 26). Өздеріне дейінгі күзетшілер сияқты, Исаның шәкірттері де ізгі хабар жариялады. Олардың хабары мына бір өте ерекше жайтты қамтыды: рухпен майланған Құдайдың Исраиліне енді өзге ұлт адамдары да қосылып, Мәсіхпен бірге жерде таза ғибадатты қалпына келтірмек еді (Ел. іс. 15:14; Ғал. 6:15, 16; Аян 5:9, 10).

21. Пауыл қандай үлгі қалдырған?

21 Бірінші ғасырдағы күзетшілердің ішінде елші Пауыл ерекше үлгі қалдырған. Ол өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қараған. Адамдардың қаны мойнында кетпес үшін, ол да Езекиел сияқты міндетін тыңғылықты атқару керектігін түсінген (Ел. іс. 20:26, 27). Пауыл өзге күзетшілер секілді, адамдарға ескерту айтып қана қоймай, оларға ізгі хабарды да жеткізген (Ел. іс. 15:35; Рим. 1:1—4). Киелі рухтың жетелеуімен ол Ишаяның: “Тау асып ізгі хабар әкеле жатқан жариялаушы қандай керемет!”— деген пайғамбарлығын келтіріп, мұны Құдай Патшалығын уағыздап жүрген Мәсіхтің ізбасарларына қатыстырған (Ишая 52:7, 8; Рим. 10:13—15).

22. Елшілердің өлімінен кейін не болды?

22 Алдын ала айтылып кеткендей, елшілердің өлімінен кейін мәсіхшілер қауымында жолдантаюшылық белең алды (Ел. іс. 20:29, 30; Сал. 2-х. 2:3—8). Бидай мен арамшөп қатар өскен ұзақ уақыт аралығында жалған мәсіхшілердің саны Исаның адал ізбасарларының санынан әлдеқайда басым болып кетті. Жалған ілімдер болса Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды тұмшалап тастады (Мат. 13:36—43). Алайда Ехобаның адамзаттың ісіне араласатын уақыты келгенде, ол қайтадан күзетшілер тағайындап, сүйіспеншілігі мен әділдігін тағы бір рет паш етті. Бұл күзетшілер де ескертумен қатар ізгі хабар айтты. Олар кімдер?

Ехоба қайтадан күзетшілер тағайындады

23. Чарлз Тейз Расселл мен оның серіктестері қандай міндет атқарды?

23 1914 жылға таяу жылдары Чарлз Тейз Расселл мен оның серіктестері “хабаршы” міндетін атқарды. Олар Мәсіх Патшалығының алдында “жол дайындады” * (Малх. 3:1). Сонымен қатар бұл топ күзетші міндетін де атқарды. Олар “Сион күзет мұнарасы” журналын қолданып, адамдарды Құдайдың үкімі жайлы ескертті және Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды жариялады.

24. а) Қалай адал да ақылды құл күзетші міндетін атқарып келеді? ә) Бұрынғы күзетшілердің үлгісінен не үйрендіңіз? (“Үлгі болған күзетшілер” деген қоршауды қараңыз.)

24 Құдай Патшалығы орнағаннан кейін, Иса шағын топты құраған ер адамдарды адал да ақылды құл етіп тағайындады (Мат. 24:45—47). Содан бері осы адал құл, яғни қазіргі Басқарушы кеңес, күзетші міндетін атқарып келеді. Олар “Құдайдың кек алатын күні” жайлы ескертіп қана қоймай, “Ехобаның ықылас түсіретін жылы” туралы да жариялап жүр (Ишая 61:2; Қорынттықтарға 2-хат 6:1, 2-ні де қараңыз).

25, 26. а) Иса ізбасарларына нені бұйырған және олар мұны қалай орындап жүр? ә) Келесі тарауда не қарастырылады?

25 Бүгінде күзетші міндетін атқарып жүрген адал да ақылды құл өте “сергек”. Алайда Иса ізбасарларының “бәріне” сергек болуды бұйырған (Марқа 13:33—37). Біз рухани сергектік сақтап, бүгіндегі күзетшіні адалдықпен қолдайтын болсақ, Исаның осы бұйрығын орындайтынымызды көрсетеміз. Ал рухани сергек екенімізді уағыздау міндетімізді атқару арқылы дәлелдейміз (Тім. 2-х. 4:2). Мұны істеуге бізге не қозғау салады? Біз адамдардың құтқарылғанын қалаймыз (Тім. 1-х. 4:16). Өйткені бүгіндегі күзетшінің ескертуін елемеген адамдар жуырда сан мыңдап өмірлерінен айырылады (Езек. 3:19). Десе де уағыздауымыздың басты себебі — біз ең тамаша хабарды, яғни таза ғибадаттың қалпына келгенін жариялауға асықпыз! “Ехобаның ықылас түсіретін жылы”, яғни қазіргі уақытта адамдарға әлі де есік ашық. Олардың бізбен бірге әділ де сүюші Құдайымыз Ехобаға ғибадат етуге әлі де мүмкіндіктері бар. Жақында осы зұлым дүниенің жойылуынан аман қалғандардың бәрі Құдай Ұлы Иса Мәсіхтің мейіріммен жүргізетін билігінің игілігін көреді. Ендеше, бүгіндегі күзетшіні қолдап, ізгі хабарды жариялаудан еш аянып қалмайық! (Мат. 24:14).

Біз ізгі хабарды жариялау арқылы бүгіндегі күзетшіні қолдауға қуаныштымыз (25-абзацты қараңыз)

26 Тіпті осы зұлым дүниенің өзінде-ақ Ехоба халқын ғажайып түрде біріктірді. Осыны жақсы суреттейтін екі таяқ жайлы пайғамбарлықты келесі тарауда қарастыратын боламыз.

^ 15-абзац Еремия кітабында “апат” деген сөз шамамен 70 рет кездеседі.

^ 23-абзац Бұл пайғамбарлық пен оның орындалуы жайлы толығырақ білу үшін, “Құдай Патшалығы билік етуде!” кітабының “Көкте Құдай Патшалығы орнады!” деп аталатын 2-тарауын қараңыз.