Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ТАРАУ

“Ғибадатханаға қатысты заң — осы”

“Ғибадатханаға қатысты заң — осы”

ЕЗЕКИЕЛ 43:12

ОЙБАҒДАР: Ғибадатхана жайлы аян және оның Езекиелдің замандастары мен бізге тәлім болар тұстары

1, 2. а) Өткен тараудан Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны туралы не білдік? ә) Бұл тарауда қандай екі сұрақты қарастырамыз?

ЕЗЕКИЕЛ аянда көрген ғибадатхана — елші Пауыл айтып кеткен ұлы рухани ғибадатхана емес. Мұны біз өткен тараудан білдік. Тағы бір білгеніміз, бұл аян Құдайдың таза ғибадатпен байланысты нормаларының қаншалықты маңызды екенін түсіндіру үшін көрсетілген. Құдайдың халқы осы нормаларды ұстанса ғана Ехобамен қарым-қатынастарын қалпына келтірмек еді. Осыған ерекше екпін түсіру үшін, Ехоба бір тармақтың өзінде қайта-қайта: “Ғибадатханаға қатысты заң мынау... Ғибадатханаға қатысты заң — осы”,— деген (Езекиел 43:12 оқыңыз).

2 Осы тарауда біз екі сұрақты қарастыратын боламыз. Біріншісі, Езекиелдің заманындағы яһудилер ғибадатхана туралы осы аяннан Ехобаның таза ғибадатқа қатысты нормалары жайында қандай тәлім алды? Мұның жауабы бізге екінші сұрақтың жауабын білуге көмектеседі: бұл аянның соңғы күндері өмір сүріп жатқан біз үшін қандай мәні бар?

Бұл аяннан Езекиелдің замандастары қандай тәлім алды?

3. Аянда Ехобаның үйі биік таудың басында тұрғаны неге халықтың ұятын оятса керек?

3 Бірінші сұраққа жауап алу үшін, ғибадатхана жайлы аянның бірнеше ерекше тұсына назар аударайық. Биік тау. Езекиелдің аянында Ехобаның үйі өте биік таудың басында тұрған еді. Халық бұл жайында естігенде, Ишаяның қайта қалпына келтіру жайлы тамаша пайғамбарлығын естеріне түсірсе керек (Ишая 2:2). Олар ғибадатхананың осындай биік тауда тұрғанынан не түйді? Бұдан олар таза ғибадаттың асқақтатылып, бәрінен де жоғары тұру керектігін түсінді. Әрине, таза ғибадат онсыз да асқақ еді. Өйткені ол “құдай атаулыдан әлдеқайда асқақ” Ехобаның өзі орнатқан шара болатын (Зәб. 97:9). Бұл жерде мәселе тек халықта еді. Олар ғасырлар бойы таза ғибадаттан қайта-қайта теріс айналып, оның құнын түсіріп, ластаумен болды. Ал енді Құдайдың киелі үйінің асқақтатылып, даңқты әрі өзіне лайық орында тұрғанын көргенде, ақжүрек адамдардың ұяты оянғанында сөз жоқ.

4, 5. Езекиелдің замандастары ғибадатхананың биік қақпа ғимараттарынан нені ұғынса керек?

4 Биік қақпа ғимараттары. Езекиел аянда періштенің қақпа ғимараттарын өлшеп жүргенін көрген. Олардың биіктігі 30 метрдей еді! (Езек. 40:14). Ғибадатханаға кіруге арналған сол қақпа ғимараттарының ішінде күзетшілер бөлмелері болды. Осы сызбанұсқаны зерттеген адамдар нені ұғынса керек? Ехоба Езекиелге: “Ғибадатхананың кіретін... жерлеріне мұқият ден қой”,— деді. Ол мұны не үшін айтты? Өйткені халық “жүректері мен тәндері сүндеттелмеген” адамдарды ғибадат етуге арналған Құдайдың киелі үйіне кіргізіп жүрген. Ехоба: “[Оларды] менің ғибадатханама әкеліп, оны арамдаттыңдар”,— деген (Езек. 44:5, 7).

5 “Тәндері сүндеттелмеген” адамдар Құдайдың Ыбырайымның кезінде берген нақты бұйрығын орындамаған (Мұс. 1-ж. 17:9, 10; Мұс. 3-ж. 12:1—3). Ал “жүректері... сүндеттелмегендер” олардан өткен еді. Бұл бүлікшілер қасарысып, Ехобаның берген нұсқаулары мен бағыт-бағдарын мүлдем елемеген. Мұндай адамдардың Ехобаның киелі үйіне кіруіне еш жол берілмеу керек-тін! Ехоба екіжүзділікті жек көреді, ал халқы болса оның үйін екіжүзділіктің ордасына айналдырды. Аяндағы ғибадатхананың қақпа ғимараттары мен күзетшілер бөлмелері мына бір жайтты анық ұғындырды: мұндай бассыздыққа бұдан былай жол жоқ! Құдайдың үйіне кіру үшін қойылған жоғары нормаларды халық міндетті түрде ұстану керек. Сонда ғана Ехоба олардың ғибадатын қабыл алады.

6, 7. а) Ғибадатхана кешенінің айналасындағы сыртқы дуалды көрсетуімен Ехоба халқына нені түсіндіргісі келді? ә) Халық бұрын Ехобаның үйіне қалай қараған? (Сілтемені қараңыз.)

6 Сыртқы дуал. Аяндағы ғибадатхананың тағы бір ерекше тұсы — бүкіл аумағын төрт жақтан қоршап тұрған сыртқы дуалы. Бұл дуалдың әрбір жағын өлшегенде, ұзындығы 500 таяқтан (1,6 км-ге жуық) болды! (Езек. 42:15—20). Ал ғибадатхананың ғимараттары мен аулалары болса кішкентай төртбұрышты құрайтын. Оның әрбір жағы небәрі 500 шынтақтан (259 м) еді (Езек. 45:2). Байқасақ, ғибадатхананың сыртқы дуалға дейінгі аумағы өте кең болған *. Бұл не үшін қажет болды?

7 Ехоба былай деді: “Енді азғындықтары мен патшаларының өлекселерін менен аулақ әкетсін, сонда мәңгі бақи араларында тұратын боламын” (Езек. 43:9). Мұндағы “патшаларының өлекселері” деген пұттарға нұсқаса керек (Езек. 43:7, сілт.). Ехоба ғибадатхананың осындай кең аумағын көрсетуімен: “Лас нәрселердің бәрін аулақ әкетіп, маңыма да жуытпаңдар!”— дегендей болды. Халық осылай ғибадаттарын таза сақтаған жағдайда ғана, Ехоба араларында болып, батасын төкпек еді.

8, 9. Ехобаның жауапты ер адамдарға берген қатаң кеңесінен халық не жайында білсе керек?

8 Жауапты ер адамдарға берілген қатаң кеңес. Аянда Ехоба халық арасында үлкен жауапкершілігі бар ер адамдарға қатаң кеңес берді. Ол халық пұтқа табынып кеткен кезде өзінен алшақтап кеткен леуіліктерді қатаң түзетті. Ал “ғибадатханадағы міндеттерін атқарудан таймаған” Садық ұлдарын болса мақтады. Ехоба осы екі топқа істеріне қарай әділдікпен әрі мейіріммен шешім шығарды (Езек. 44:10, 12—16). Ол Исраил басшыларын да тура солай қатаң түзетті (Езек. 45:9).

9 Осылай Ехоба халқына жетекшілік ететін әрі билік ететін ер адамдарға мына жайтты анық көрсетті: олар өз міндеттерін қалай атқарғандары жайлы Ехобаға есеп бермек еді. Дәрежелері оларды кеңес алудан, түзетіліп, жөнге салынудан босатпайтын. Керісінше, Ехобаның нормаларын ұстануда олар алдыңғы шепте жүру керек-тін!

10, 11. Отандарына оралғандардың кейбірі Езекиелдің аянынан білгендерін өмірде қолданды деуге қандай негіз бар?

10 Отандарына оралған яһудилер Езекиелдің аянынан білгендерін өмірде қолданды ма? Әрине, бұл адал адамдардың осы ерекше аян туралы нақты не ойлағанын біз білмейміз. Алайда елдеріне оралған соң, олардың немен айналысқандары, Ехобаға таза ғибадат етуге қалай қарай бастағандары жайлы Киелі кітаптан біраз мәлімет біле аламыз. Сонымен, олар Езекиелдің аянының астарындағы принциптерді қолданды ма? Бабылға жер аударылмай тұрғандағы бүлікші ата-бабаларымен салыстырсақ, қолданды деуге болады.

11 Хагей мен Зәкәрия пайғамбар, діни қызметкер әрі көшірмеші Езра, әмірші Нехемия сияқты адал кісілердің бәрі көп күш жұмсап, халыққа осы аянның астарындағыдай принциптерді үйретті (Езра 5:1, 2). Олар таза ғибадаттың асқақтатылуы керектігін және оның материалдық қажеттіліктер мен қара бастың қамынан жоғары тұру керектігін үйретті (Хаг. 1:3, 4). Халықтан таза ғибадаттың нормаларына құрметпен қарауды талап етті. Мысалы, жатжұрттық әйелдер алып, рухани жағынан құлдыраған халықты Езра мен Нехемия қатаң сөгіп, әйелдерін қайтарып жіберуді бұйырды (Езра 10:10, 11 оқыңыз; Нех. 13:23—27, 30). Ал пұтқа табынушылықпен не болды? Тарих бойы пұттардың тұзағына сан мәрте түсіп келген халық тұтқыннан оралған соң, пұттарға жеркенішпен қарай бастаса керек. Діни қызметкерлер мен басшылар, яғни әміршілердің өздері туралы не деуге болады? Езекиелдің аянынан көргеніміздей, Ехоба осындай жауапкершілігі бар адамдарды кеңес беріп түзеткен еді (Нех. 13:22, 28). Бұл кеңеске кішіпейілділікпен құлақ асқандар көптеп табылды (Езра 10:7—9, 12—14; Нех. 9:1—3, 38).

Нехемия халықпен бірге еңбектене жүріп, оларға таза ғибадат жайлы тәлім берді (11-абзацты қараңыз)

12. Ехоба еліне оралған халқына қандай баталар төкті?

12 Ехоба айтқандарына құлақ асқан халқына батасын төкті. Олар рухани жағынан өркендеп, денсаулықтары жақсарып, араларында көптен бері болмаған тәртіп орнады (Езра 6:19—22; Нех. 8:9—12; 12:27—30, 43). Мұның себебі неде еді? Мұның себебі халықтың Ехобаның таза ғибадатқа қатысты нормаларын орындай бастағанында еді. Осылай ғибадатхана жайлы аянның астарындағы тәлім көптеген жұмсақ жүректерге жол тапты. Қорыта келе, өз еліне оралған халық ғибадатхана жайлы аянның мынадай екі пайдасын көрді дей аламыз: 1) олар таза ғибадаттың нормалары жайлы тәлім алды әрі соларды қалай ұстану керектігін үйренді; 2) таза ғибадат қалпына келетініне және олар таза ғибадат еткен кездің бәрінде Ехоба батасын төге беретініне деген сенімдері нығайды. Енді бізде келесідей сұрақ туындайды: бұл аянның біздің күнімізге қатысы бар ма?

Езекиел көрген аяннан біз қандай тәлім аламыз?

13, 14. а) Неге Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны біздің күндерімізде орындалып жатыр деуге болады? ә) Біз бұл аянның қандай екі пайдасын көре аламыз? (“Екі бөлек мағынасы бар екі бөлек ғибадатхана” деген 13A қоршауын да қараңыз.)

13 Езекиел көрген ғибадатхана жайлы аянның біздің күндерімізге қатысы бар ма? Иә, қатысы бар екенінде күмән жоқ! Езекиел көрген аян мен Ишая айтқан пайғамбарлықтың ұқсастығы есіңізде шығар. Езекиел Құдайдың киелі үйі “өте биік таудың басында тұрғанын” көрсе, Ишая “Ехобаның үйі тұрған тау Тау шыңдарынан асқақ болып, берік орнығатынын” айтқан. Бірақ бір ерекшелігі, Ишая бұл пайғамбарлықтың “соңғы күндерде” орындалатынын айтты (Езек. 40:2; Ишая 2:2—4; Миха 4:1—4 тармақтарды да қараңыз). Бұл пайғамбарлықтар соңғы күндердегі уақытқа — 1919 жылдан бастап таза ғибадат биік таудың басына тұрғызылған, яғни асқақтатылып, қалпына келген уақытқа — нұсқайды *.

14 Байқағанымыздай, Езекиел көрген аянның біздің күндеріміздегі таза ғибадатқа қатысы бар. Отандарына оралған ежелдегі яһудилер сияқты біз де бұл аянның екі пайдасын көреміз: 1) таза ғибадаттың нормаларын қалай ұстану керектігін үйренеміз; 2) таза ғибадат толықтай қалпына келетініне және Ехоба батасын төгетініне көз жеткіземіз.

Бүгіндегі таза ғибадатқа қатысты нормалар

15. Езекиел көрген ғибадатхананың тәлім боларлық тұстарын қарастырғанда, нені естен шығармауымыз керек?

15 Ал енді Езекиел көрген аянның бірнеше ерекше тұстарына назар аударайық. Өзімізді Езекиелмен бірге аянда ғаламат ғибадатхананы аралап жүргендей елестетіп көрейікші. Бірақ бұл ғибадатхана ұлы рухани ғибадатхана емес екенін естен шығармайық. Біз бар болғаны, бұл аяннан ғибадатымызға қатысты тәлім аламыз. Ендеше, одан алар тәліміміз қандай?

16. Езекиелдің аянындағы егжей-тегжейлі өлшемдерден не білеміз? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

16 Өлшемнің бәрі не үшін қажет? Аянда тұла бойы мыс сияқты періште Езекиелдің көзінше ғибадатхананы, оның дуалдарын, қақпа ғимараттарын, күзетшілер бөлмелерін, аулаларын және құрбандық ошағын әрлі-берлі өлшеп жүрді. Егжей-тегжейлі өлшемдердің көптігі оқырманды мезі қылып жіберуі мүмкін (Езек. 40:1—42:20; 43:13, 14). Алайда олардан маңызды ойлар түюге болады. Ехоба осы өлшемдер арқылы бұл нормалардың қаншалықты маңызды екеніне әрі оларды адамдар емес, оның өзі орнататынына баса назар аударды. Сондықтан Құдайға қалай ғибадат етсең де, бәрі дұрыс дейтіндер қатты қателеседі. Тағы бір білеріміз, ғибадатхананың егжей-тегжейлі өлшемдері арқылы Ехоба таза ғибадаттың міндетті түрде қалпына келетініне сенімділік берді. Бұл өлшемдер қаншалықты нақты болса, Құдайдың уәдесінің орындалатыны да соншалықты нақты. Ехоба осы аян арқылы таза ғибадаттың соңғы күндері міндетті түрде қалпына келетінін көрсетті!

Ғибадатхананың егжей-тегжейлі өлшемдерінен не үйрендіңіз? (16-абзацты қараңыз)

17. Ғибадатхананың сыртқы дуалы бүгінде нені еске салады?

17 Сыртқы дуал. Жоғарыда қарастырғанымыздай, Езекиел ғибадатхананың бүкіл аумағын қоршап тұрған сыртқы дуалды көрген. Аянның бұл тұсы мына бір жайтты қатаң ескерткен еді: Құдай халқы діни арам нәрселердің бәрін таза ғибадаттан аулақ ұстап, Құдай үйін ешқашан ластамау керек-тін (Езекиел 43:7—9 оқыңыз). Бұл кеңестің біз үшін де маңызы зор! Құдай халқы ұзақ ғасырларға жалғасқан Ұлы Бабылдың рухани тұтқындығынан азат болғаннан кейін, Мәсіх 1919 жылы адал да ақылды құлды тағайындады. Дәл сол жылдан бастап Құдай халқы пұтқа табынушылықпен, өзге ұлттардың діндерімен араласып кеткен жалған ілімдер мен әдет-ғұрыптардан толық арылу үшін бар күштерін салды. Біз сақ болып, рухани жағынан арам нәрселерді таза ғибадатымызға жуытпаймыз. Біз тіпті Патшалық сарайында жұмысқа қатысты мәселемен немесе коммерциялық мәселемен айналыспаймыз. Осылайша ғибадатымызды рухани істерге жатпайтын әдеттегі істерден бөлек ұстаймыз (Мар. 11:15, 16).

18, 19. а) Аяндағы биік қақпа ғимараттарына қарап не үйренеміз? ә) Ехобаның жоғары нормаларын төмендеткісі келетіндерге қалай жауап беруіміз керек?

18 Биік қақпа ғимараттары. Езекиел көрген биік қақпа ғимараттары жайлы ой жүгіртсек, қандай тәлім аламыз? Жер аударылған яһудилер ғибадатхананың осы тұсына қарап, Ехобаның нормалары өте жоғары екенін түсінген. Ал біздің күндеріміз жайлы не деуге болады? Біз Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасында ғибадат етіп жүрміз. Сондықтан бүгінде екіжүзділіктен аулақ болып, адал жүріп-тұру бұрын-соңды болмағандай маңызды! (Рим. 12:9; Пет. 1-х. 1:14, 15). Соңғы күндердің барысында Ехоба халқына жүріс-тұрысқа қатысты моральдық нормаларын мейлінше ұстануды үйретіп келді *. Мысалы, күнәсіна өкінбейтіндер қауымнан шығарылатын болды (Қор. 1-х. 5:11—13). Ал қақпа ғимараттарына кіре бергендегі күзетшілер бөлмелері болса бүгінде мынаны еске салады: Құдайдың ықыласына ие болмаған адам рухани ғибадатханаға кіріп, Құдайға ғибадат ете алмайды. Мысалы, екі жақты өмір кешетін екіжүзді адам Патшалық сарайына кіруі мүмкін, бірақ ол Ехобаның нормаларын ұстанбайынша, оның ықыласына ие бола алмайды (Жақ. 4:8). Расында да, осы құлдыраған азғын дүниеде Ехоба таза ғибадатты қызғыштай қорғап келеді!

19 Соңы жақындаған сайын бұл дүниенің құлдырай түсетіні Киелі кітапта алдын ала айтылған. Онда: “Зұлымдар мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өзгелерді де алдап, өздері де алдана бермек”,— делінген (Тім. 2-х. 3:13). Бүгінде барған сайын көп адам алданып, Ехобаның жоғары нормаларын тым қатал, ескірген, тіпті дұрыс емес деп жатады. Бұған сіз де алданасыз ба? Мысалы, біреу Ехобаның гомосексуализмге қатысты нормалары қате дегенге көзіңізді жеткізуге тырысса, онымен келісесіз бе? Жоқ әлде киелі Сөзінде бұндай әрекеттерді “сорақы қылық” деп есептейтін Ехоба Құдаймен келісесіз бе? Құдай бізге азғын жүріс-тұрысты құптамауды ескертеді (Рим. 1:24—27, 32). Біреудің тарапынан қысымға кезіккенде, Езекиелдің аянындағы биік қақпа ғимараттарын елестетіп, мынаны қаперімізден шығармайық: осы зұлым дүниенің көрсеткен қысымына қарай Ехоба өзінің әділ нормаларын төмендетпейді. Осы мәселеде көктегі Әкемізбен келісіп, дұрыс нәрсені бекем ұстанамыз ба?

Біз таза ғибадат еткенде “мадақтау құрбандығын” ұсынамыз

20. “Ұлы жамағат” Езекиелдің аянынан жігер беретін қандай ой түйеді?

20 Аулалар. Езекиел ғибадатхананың сыртқы ауласының қаншалықты үлкен екенін көргенде, ол жерге Ехобаға қуана ғибадат ететін көп адам сыятынын ойлап, бір тебіреніп қалған шығар. Бүгінде мәсіхшілер одан да үлкен қасиетті орында ғибадат етуде. Ехобаның рухани ғибадатханасының сыртқы ауласында ғибадат етіп жүрген “ұлы жамағат” Езекиелдің аянынан жігер беретін ой түйеді (Аян 7:9, 10, 14, 15). Езекиел аянда сыртқы ауланы жағалай ас бөлмелер орналасқанын көрген. Ғибадат етушілер сол жерде өздері әкелген татулық құрбандықтарынан жей алатын (Езек. 40:17). Олар, былайша айтқанда, Ехоба Құдаймен бірге дастарқандас бола алатын. Бұл татулық пен достықтың белгісі еді! Бүгінде біз Мұса Заңына бағынышты болған яһудилер сияқты құрбандықтар ұсынбаймыз, бірақ “мадақтау құрбандығын” ұсынамыз. Біз мұндай құрбандықты таза ғибадат еткенде, мысалы қауым кездесулерінде түсініктеме бергенде және уағыз қызметінде сеніміміз жайлы айтқанда ұсынамыз (Евр. 13:15). Біз сондай-ақ Ехобаның беріп жатқан рухани ас-суымен азықтанамыз. Сөз жоқ, біз де Ехобаға былай деп әндеткен Қорахтың ұлдары сияқты сезімдеміз: “Аулаларыңда өткізген бір күн басқа жерде өткізген мың күннен артық!” (Зәб. 84:10).

21. Майланған мәсіхшілер Езекиелдің аянындағы діни қызметкерлерден не үйрене алады?

21 Діни қызметкерлер әулеті. Езекиел сыртқы ауланың қақпа ғимараттары сияқты, ішкі ауланың да қақпа ғимараттары бар екенін көрді. Сыртқы ауланың қақпа ғимараттары арқылы өзге рулар, яғни діни қызметкерлер тобына жатпайтын адамдар кірсе, ішкі ауланың қақпа ғимараттары арқылы діни қызметкерлер мен леуіліктер кірген. Бұл жайт діни қызметкерлер тобына жататындар да Ехобаның таза ғибадатқа қатысты нормаларын орындауға міндетті екенін естеріне салып тұрды. Аянның бұл тұсы бүгінде кімдерге қатысты? Қазір Құдай қызметшілерінің арасында діни қызметкерлер әулетінен шыққандар жоқ. Бірақ Киелі кітапта майланған мәсіхшілер “таңдалған нәсіл, патша әрі діни қызметкерлер” деп аталған (Пет. 1-х. 2:9). Ежелгі Исраилде діни қызметкерлер бөлек аулада ғибадат еткен. Ал бүгінде майланған мәсіхшілер бауырластарынан қандай да бір бөлек жерде ғибадат етпейді, бірақ олар Ехобаның балалары ретінде онымен ерекше қарым-қатынасқа ие (Ғал. 4:4—6). Десе де майланғандар да Езекиелдің аянынан маңызды тәлім ала алады. Мысалы, олар діни қызметкерлердің кеңестерге, жөнге салуға мұқтаж болғандарын есте ұстайды. Қай топқа жатпасын, мәсіхшілердің барлығы да мынаны ұмытпайды: олар “бір бағушысы бар бір отар” (Жохан 10:16 оқыңыз).

22, 23. а) Езекиелдің аянында сипатталған басшыдан бүгіндегі ақсақалдар не үйрене алады? ә) Болашақта не болуы мүмкін?

22 Басшы. Езекиелдің аянынан басшының маңызды тұлға екенін аңғаруға болады. Ол діни қызметкерлер әулетінен шықпаған. Басшы ғибадатхана аумағында діни қызметкерлердің жетекшілігіне бағынышты болған. Ал халық арасында ол бақылаушының міндетін атқарған және халыққа құрбандықтар әкелісіп көмектескен (Езек. 44:2, 3; 45:16, 17; 46:2). Бұл басшы — бүгінде қауымда жауапкершіліктері бар мәсіхші ер адамдар үшін жақсы үлгі. Аралаушы бақылаушыларды қоса алғанда, ақсақалдардың бәрі әрдайым адал да ақылды құлдың жетекшілігіне бағынышты (Евр. 13:17). Ақсақалдар Құдай халқына кездесулерде және қызметте мадақтау құрбандықтарын ұсынуға көмектесіп, көп тер төгеді (Ефес. 4:11, 12). Сондай-ақ олар биліктерін теріс қолданған Исраил басшыларын Ехоба қалай сөккенін де ойда тұтады (Езек. 45:9). Олар Құдайдың кеңесі мен түзетуін қажет етпейміз деп ойламайды. Қайта, бағушылар мен бақылаушылар ретінде жақсара түсу үшін, Ехобаның әрбір кеңесін бағалайды (Петірдің 1-хаты 5:1—3 оқыңыз).

23 Ехоба жер бетінде орнайтын жұмақта өз халқын қабілетті де сүюші бақылаушылармен әрі қарай да қамдай бермек. Қазірдің өзінде ақсақалдар қабілетті әрі көп пайдасын тигізетін бағушы болуды үйреніп жүр. Ехоба олардың көбісін жұмақта да қолданатын болады (Зәб. 45:16). Олардың жаңа дүниеде біз үшін қандай батаға айналатынын ойлап көріңізші! Әрине, қайта қалпына келтіру шарасы жайлы басқа пайғамбарлықтар сияқты, Езекиел көрген бұл аян да Ехоба белгілеген уақытта одан сайын айқындала түсуі мүмкін. Оның біз біле алмаған кейбір тұстары болашақта керемет түрде жүзеге асуы ғажап емес. Мұны уақыт көрсетеді.

Биік қақпа ғимараттары мен аулалардан ғибадатымызға қатысты не үйренеміз? (18—21 абзацтарды қараңыз)

Ехобаның таза ғибадатқа төгер баталары

24, 25. Халқы таза ғибадат еткен кездің бәрінде Ехоба батасын төгетіні Езекиелдің аянынан қалай көрінеді?

24 Тараудың соңында Езекиел көрген аянның ең ерекше тұсына тағы бір рет назар аударайық. Аянда Ехоба ғибадатханаға кіріп, халқы оның таза ғибадатқа қатысты нормаларын адал ұстанған кездің бәрінде ғибадатханада бола беретінін уәде еткен еді (Езек. 43:4—9). Ехобаның сол жерде болғаны халықтың өзіне және жеріне қалай әсер етпек еді?

25 Ғибадатхана жайлы бұл аянда Құдайдың төгетін баталарын сипаттайтын мынадай екі пайғамбарлық бар: 1) ғибадатханадан өзен ағып шығып, елге тіршілік пен молшылық дарытады және 2) жер тәртіппен әрі нақты өлшеммен бөлініп, ортасында ғибадатхана мен оның аумағы орналасады. Аянның бұл тұстарын қалай түсінуге болады? Бүгінде біз Ехоба әлдеқайда киелі ғибадат шарасын, яғни ұлы рухани ғибадатхананы тазартып, оны өз ықыласына бөлеген кезеңде өмір сүріп жатырмыз (Малх. 3:1—4). Аталмыш бұл екі пайғамбарлықты осы кітаптың 19—21 тарауларында қарастырамыз.

^ 6-абзац Ехобаның аянда көрсеткені мен халықтың оның киелі үйіне істеп келгендері бір-біріне мүлдем қарама-қайшы еді. Ехоба былай деді: “Олар патшаларының өлекселерінің босағасы мен табалдырығын менің үйімнің босағасы мен табалдырығының жанына салды. Біздің арамызды жалғыз қабырға бөліп тұрды, осылай жеркенішті қылықтарымен менің киелі есімімді қорлады” (Езек. 43:8). Ежелгі Иерусалимде Ехобаның ғибадатханасы мен адамдардың үйлерінің арасын жалғыз қабырға ажыратып тұрған. Ехобаның әділ нормаларынан тайған халық арам нәрселерін, яғни пұттарын дәл Ехобаның үйінің жанына әкелген. Бұл еш төзуге болмайтын жағдай еді!

^ 13-абзац Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны соңғы күндері орындалып жатқан басқа да қайта қалпына келтіру туралы пайғамбарлықтармен астасып жатыр. Мысалы, Езекиел 43:1—9 тармақтар мен Малахи 3:1—5 тармақтардың және Езекиел 47:1—12 тармақтар мен Жоел 3:18-дің ұқсастықтарын байқап көріңіз.

^ 18-абзац Рухани ғибадатхана б. з. 29 жылы, яғни Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, бас діни қызметкер ретіндегі қызметіне кіріскенде пайда болды. Алайда Исаның елшілері қайтыс болғаннан кейін, ғасырлар бойы адамдар жер шары бойынша таза ғибадатты елемей келді. Бірақ 1919 жылдан бері таза ғибадат жоғарылатылып, асқақтатылып келеді.