Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

“Маңдайларына таңба қойып шық”

“Маңдайларына таңба қойып шық”

ЕЗЕКИЕЛ 9:4

ОЙБАҒДАР: Езекиелдің кезіндегі адал жандардың маңдайына құтқарылу таңбасының қойылуы және оның бүгінгі мағынасы

1—3. а) Езекиел неге есеңгіреп қалды және Иерусалимнің жойылуына қатысты ол нені түсінді? ә) Біз қандай сұрақтарға тоқталамыз?

ЕЗЕКИЕЛ есін жия алмай есеңгіреп қалды! Ол жаңа ғана аян алып, жолдан тайған яһудилердің Иерусалимдегі ғибадатханада жасап жатқан жеркенішті істерін көрді *. Олар еш шімірікпестен Исраилдегі таза ғибадаттың ордасын ластап жатты. Олар тек ғибадатхананы ғана ластап қоймай, бүкіл Яһуда жерін зорлық-зомбылыққа толтырып, елді оңалмастай күйге ұшыратты. Таңдап алған халқының мұндай істеріне қатты күйінген Ехоба Езекиелге: “Мен қаһарлана әрекет етемін”,— деді (Езек. 8:17, 18).

2 Иерусалим мен қасиетті саналған ғибадатхана Ехобаның қаһарын туғызатын жерге айналып, енді жойылып кететіні Езекиелдің жанына зілдей батса керек. “Қаладағы адал адамдармен не болмақ? Олар аман қала ма? Аман қалса, қалай аман қалады?” деген сұрақтар оны мазалағаны сөзсіз. Бұл сұрақтардың жауабы көп күттірмеді. Езекиел аянда Иерусалимге шығарылған ауыр үкімді естігені сол-ақ екен, үкімді жүзеге асырушыларды жиналуға шақырған қатты дауыс шықты (Езек. 9:1). Пайғамбар аянның барысында халықтың түгел емес, іріктеліп жойылатынын түсінді. Иә, құтқарылуға лайық жандар аман қалмақ еді!

3 Осы зұлым заманның соңы жақындаған сайын біз де алдағы ұлы апаттан кім аман қалады деп уайымдайтын шығармыз. Сондықтан мына сұрақтарға тоқталғанымыз орынды: 1) Езекиел әрі қарай аянда не көрді? 2) Бұл аян оның кезінде қалай орындалды? 3) Ал бүгінде бұл аянның қандай мәні бар?

“Қаланы жазалайтындар... бері келсін!”

4. Езекиел әрі қарай аянда не көргенін айтып беріңіз.

4 Езекиел әрі қарай аянда не көрді? (Езекиел 9:1—11 оқыңыз). Ол “солтүстікке қарайтын жоғарғы қақпа жақтан” жеті кісінің келе жатқанын көрді. Бұл жер Құдайдың қаһарын туғызған мүсін тұрған жер, я болмаса әйелдер Таммуз тәңірін жоқтап жылап жатқан жер болса керек (Езек. 8:3, 14). Бұл жеті кісі ғибадатхананың ішкі ауласына кіріп, мыс құрбандық ошағының қасына келіп тұрды. Бірақ олар құрбандық шалу үшін келген жоқ. Өйткені Ехоба бұл жерде ұсынылған құрбандықтарды бұдан былай қабылдамайтын. Әлгі кісілердің алтауы “қолдарына бір-бір шоқпардан ұстаған”. Ал жетіншісі өзгелерінен ерекше көзге түсіп тұрды. Үстіне зығыр киім киген бұл кісінің қолында шоқпар емес, “хатшының сиясауыты” болды.

5, 6. Маңдайларына таңба қойылған адамдар жөнінде қандай тұжырым жасауға болады? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

5 Сиясауыты бар кісі не істеуге келді? Ехоба оған: “Иерусалимді бастан-аяқ аралап өт. Қалада жасалып жатқан жеркенішті істерді көріп, аһ ұрып күрсініп жүргендердің маңдайларына таңба қойып шық”,— деп жауапты іс тапсырды. Осы мезетте Езекиел ежелдегі исраилдік ата-аналарды еске алған шығар. Олар тұңғыш балаларын апаттан аман сақтап қалу үшін, есіктерінің маңдайшалары мен жақтауларына қан жаққан еді (Мұс. 2-ж. 12:7, 22, 23). Езекиелдің аянындағы сиясауыты бар кісі адамдардың маңдайына тура осындай мақсатпен таңба қойған ба? Басқаша айтқанда, бұл Иерусалим жойылған кезде таңба қойылғандар аман қалатынын білдірген бе?

6 Бұл сұрақтың жауабын білу үшін, таңбаның не үшін қойылатынын қарастырайық. Таңба “қалада жасалып жатқан жеркенішті істерді көріп, аһ ұрып күрсініп жүргендердің” маңдайына қойылу керек-тін. Ендеше, таңба қойылған адамдар жөнінде қандай тұжырым жасауға болады? Олар ғибадатханадағы пұтқа табынушылық үшін ғана емес, бүкіл Иерусалимді жайлаған зорлық-зомбылық, азғындық пен әділетсіздік үшін де қатты қайғырды (Езек. 22:9—12). Бірақ олар мұны тек сезініп қана қойған жоқ. Олардың елде болып жатқан жағдайға жеркенішпен қарайтындары әрі таза ғибадатқа шын берілгендері сөздері мен істерінен де көрініп тұрған. Ехоба мұндай ақжүрек жандарға мейірімін түсіріп, оларды құтқарып қалмақ еді.

7, 8. Шоқпары бар алты кісі не істеу керек еді, әрі аянның соңында не болды?

7 Ал шоқпары бар алты кісі не істеу керек еді? Езекиел аянда Ехобаның оларға нұсқау беріп, сиясауыты бар кісінің артынан жүріп, маңдайларына таңба қойылғандардан басқасының бәрін өлтіруді бұйырып жатқанын естіді. Ехоба оларға: “Менің киелі үйімнен бастап солай істеңдер”,— деді (Езек. 9:6). Үкімді жүзеге асырушылар жазалауды Иерусалим қаласының жүрегінен — Ехоба үшін қасиеттілігін жоғалтқан ғибадатханадан — бастау керек еді. Бірінші кезекте “киелі үйдің алдында тұрған ақсақалдар”, яғни ғибадатхананың ішінде жалған тәңірлерге хош иісті зат түтетіп жатқан Исраилдің 70 ақсақалы өлтірілмек еді (Езек. 8:11, 12; 9:6).

8 Аянның соңында не болды? Езекиел әрі қарай аянда сиясауыты бар адамның: “Айтқаныңның бәрін орындадым”,— деп Ехобаға есеп бергенін көрді (Езек. 9:11). Сонымен, Иерусалим жойылғанда оның тұрғындарымен не болды? Араларында аман қалған адал адамдар болды ма?

Аянның Езекиелдің кезінде орындалуы

9, 10. Иерусалим жойылғанда аман қалған адал адамдардың арасында кімдер болды және олар жайында қандай тұжырым жасаймыз?

9 Шежірелер 2-жазба 36:17—20 оқыңыз. Б. з. б. 607 жылы Бабыл әскері Иерусалим мен ондағы ғибадатхананы жойғанда, Езекиелдің айтқан пайғамбарлығы орындалды. Ехоба “қолында тостаған” сияқты болған бабылдықтарды қолданып, опасыз Иерусалимге қаһарын төкті (Ерм. 51:7). Сол кезде қала тұрғындарының бәрі бірдей жойылып кетті ме? Жоқ. Езекиелдің аянынан көруге болатындай, бабылдықтардың шапқыншылығынан кейбіреулер аман қалмақ еді (Мұс. 1-ж. 18:22—33; Пет. 2-х. 2:9).

10 Жойылу кезінде біраз адал адам, соның ішінде Рехаб әулеті, эфиопиялық Әбдімәлік, Еремия пайғамбар мен оның хатшысы Барух та құтқарылды (Ерм. 35:1—19; 39:15—18; 45:1—5). Езекиелдің аянына қарап, мұндай адамдар Иерусалимде “жасалып жатқан жеркенішті істерді көріп, аһ ұрып күрсініп жүрді” деп тұжырым жасай аламыз (Езек. 9:4). Бұл адамдар зұлымдықтан барынша аулақ екендерін және таза ғибадатқа шын берілгендерін қала жойылмас бұрын көрсеткен. Осылай олар құтқарылуға жетелейтін жолмен жүрген.

11. Шоқпар ұстаған алты кісі мен хатшының сиясауыты бар кісі кімдерді бейнелейді?

11 Бұл адал адамдардың маңдайына таңба тура мағынада қойылды ма? Езекиелдің болсын, не басқа пайғамбардың болсын, Иерусалимді аралап, адал адамдардың маңдайына таңба қойып шыққаны жайлы Киелі кітаптың еш жерінде жазылмаған. Езекиелдің пайғамбарлық мәні бар бұл аяны көзге көрінбейтін көктегі әлемде болып жатқан жайтты айқын етсе керек. Сиясауыты бар кісі мен қолдарында шоқпары бар алты кісі Ехобаның еркін жүзеге асыруға қашанда дайын тұратын адал рухани жаратылыстарды бейнелеген (Зәб. 103:20, 21). Ехоба опасыз Иерусалимге шығарылған үкімін жүзеге асыру үшін періштелерді қолданғаны сөзсіз. Құтқарылатын адамдардың маңдайына таңба қойылғаны періштелер адамдардың бәрін бірдей жоймай, іріктеп жоятынын білдірген.

Езекиел көрген аянның бүгіндегі мәні

12, 13. а) Ехоба Иерусалимге қаһарын не үшін төккен еді және біздің кезімізде де солай болады деп күту неге орынды? ә) Мәсіхшілер әлемі опасыз Иерусалимнің бейнесі ме? Түсіндіріңіз. (“Мәсіхшілер әлемі Иерусалимнің бейнесі ме?” деген қоршауды қараңыз.)

12 Біз жуырда Құдайдың ұлы үкімінің жүзеге асатынына куә боламыз. Бұл “дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайтып қайталанбайтын зор алапат болады” (Мат. 24:21). Осы шешуші кезеңді күте жүріп, бізде мынадай сұрақтар туындар: Алдағы ұлы апат кезінде бәрі тегіс жойылып кетпей, іріктеліп жойыла ма? Ехобаға таза ғибадат ететіндер аман қалу үшін оларға таңба қойыла ма? Басқаша айтқанда, Езекиелдің аянындағы сиясауыты бар кісі жайлы пайғамбарлық біздің кезімізде орындала ма? Бұл сұрақтардың бәрінің жауабы — “иә”. Неге бұлай дей аламыз? Бұны білу үшін Езекиелдің аянына қайта оралайық.

13 Ежелде Ехобаның Иерусалимге қаһарын не үшін төккені есіңізде ме? Езекиел 9:8, 9-ға (оқыңыз) тағы бір назар аударайықшы. Езекиел төніп тұрған апаттан “Исраилдің тамтығы түгел құрып” кететін болды деп уайымдаған кезде, Ехоба оған халқын не үшін үкімге кескенінің төрт себебін келтірді. Біріншіден, халықтың “күнәсі өте, өте ауыр” еді *. Екіншіден, Яһуда жері “қантөгіске толы” болды. Үшіншіден, Яһуда патшалығының астанасы Иерусалимді “әділетсіздік жайлаған” еді. Төртіншіден, халық “Ехоба бізді көрмейді” деп өз-өзін алдап, жасаған зұлымдығы үшін өзін айыпты сезінбеді. Ехобаның айтқан сөздері моральдық жағынан бұзылған, қатыгез, әділетсіз, сенімнен жұрдай осы дүниені дәл сипаттайды, солай емес пе?! Ехоба құбылмалы емес, ол “еш өзгермейді”, сондықтан Езекиелдің кезінде не нәрсе оның әділ ашуын туғызған болса, бүгінде де тура сол нәрсе ашуын туғызады (Жақ. 1:17; Малх. 3:6). Біздің күнімізде де шоқпар ұстаған алты кісі мен хатшының сиясауыты бар кісі әрекет етеді деп күткеніміз әбден орынды!

Шоқпар ұстаған алты кісі жақында әрекет етеді (12, 13-абзацты қараңыз)

14, 15. Ехоба адамдарды апат келмей тұрып ескертетіні қай мысалдардан көрінеді?

14 Сонымен, пайғамбарлық мәні бар Езекиелдің аяны бүгінде қалай орындалуда? Бұл аянның ежелде қалай орындалғанын есте ұстасақ, оның қазір және болашақта қалай орындалатынын түсіне аламыз. Олай болса, Езекиелдің пайғамбарлығындағы қазір орындалып жатқан әрі алдағы уақытта орындалатын кейбір жайттарға назар аударайық.

15 Ехоба адамдарды апат келмей тұрып ескертеді. Осы басылымның 11-тарауынан көргеніміздей, Ехоба Езекиелді “Исраил үйіне күзетші етіп тағайындаған” еді (Езек. 3:17—19). Езекиел б. з. б. 613 жылдан бастап исраилдіктерді төніп келе жатқан апат жайлы ескертумен болды. Одан бөлек Ишая, Еремия сияқты пайғамбарлар да Иерусалимнің жойылатынын айтып дабыл қаққан (Ишая 39:6, 7; Ерм. 25:8, 9, 11). Ал бүгінде Ехоба майланған қызметшілерінен тұратын шағын топты Мәсіх арқылы қолданады. Бұл топ таза ғибадат ететіндерге, яғни үйдегі басқа құлдарға ас-су беріп қана қоймай, адамдарды қарқынмен төніп келе жатқан зор алапат жайлы ескертеді (Мат. 24:45).

16. Бүгінде Ехобаның халқы құтқарылатын адамдарға таңба қоя ма? Түсіндіріңіз.

16 Ехобаның халқы құтқарылатындарға таңба қоймайды. Есімізде болса, Ехоба Езекиелге Иерусалимді аралап, аман қалатындарға таңба қойып шығуды тапсырмаған. Тура сол сияқты, Ехобаның халқы бүгінде құтқарылуға лайық адамдарға таңба қоймайды. Бірақ Мәсіхтің үйіндегі басқа құлдар ретінде бізге уағыздау ісі тапсырылған. Егер Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды құлшына жарияласақ және осы зұлым заманның ақыры тез таяп келе жатқанын бар ынтамен ескертетін болсақ, осы тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтынымызды көрсетеміз (Мат. 24:14; 28:18—20). Осылайша ақжүрек адамдарға таза ғибадатты табуға көмектесеміз (Тім. 1-х. 4:16).

17. Таңба қойылатындардың қатарында болу үшін, адамдар қазірден бастап не істеу керек?

17 Алдағы апаттан аман өту үшін, адам сенімі бар екенін қазірден дәлелдеу керек. Жоғарыда қарастырғанымыздай, б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің жойылуы кезінде аман қалғандар зұлымдықтан барынша аулақ екендерін және таза ғибадатқа шын берілгендерін қала жойылмай тұрып көрсеткен болатын. Бүгінде де тура солай. Адамдар алдағы апат келмей тұрып “аһ ұрып күрсінулері” керек, яғни осы дүниенің зұлымдығын көріп, қатты қайғырулары қажет. Сондай-ақ олар мұны іштей сезініп қана қоймай, сөздерімен де, істерімен де таза ғибадатқа шын берілгендерін көрсетулері керек. Олар мұны жарияланып жатқан ізгі хабарды қабылдау арқылы, Мәсіхке тән жаңа болмысқа ие болу арқылы, Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту арқылы және Мәсіхтің бауырларын адалдықпен қолдау арқылы көрсете алады (Езек. 9:4; Мат. 25:34—40; Ефес. 4:22—24; Пет. 1-х. 3:21). Құтқарылу таңбасы қазірден бастап осындай өмір жолын ұстанатындарға ғана және зор алапатты таза ғибадат етушілер ретінде өткеретіндерге ғана қойылатын болады.

18. а) Иса Мәсіх құтқарылатын адамдарға қашан және қалай таңба қояды? ә) Адал майланған мәсіхшілерге таңба қоюдың қажеті бар ма? Түсіндіріңіз.

18 Құтқарылуға лайық жандарға таңбаны Иса Мәсіх қояды. Езекиелдің кезінде адал адамдарға таңба қоюға періштелер қатысқан еді. Ал бұл пайғамбарлықтың бүгінгі орындалуына сай, хатшының сиясауыты бар кісі “ұлылыққа бөленіп келіп”, барлық халықтарды соттайтын Иса Мәсіхті бейнелейді (Мат. 25:31—33). Ол зор алапаттың кезінде, жалған діндер жойылғаннан кейін келеді *. Сол бір шешуші кезеңде, Армагеддонның дәл алдында, Иса адамдарды соттап, оларды қой мен серкеге бөледі. “Ұлы жамағатқа” жататындар қой ретінде танылады, басқаша айтқанда, оларға таңба қойылады. Бұл олардың “мәңгілік өмірді иемденетінін” білдіреді (Аян 7:9—14; Мат. 25:34—40, 46). Ал адал майланған мәсіхшілер жайлы не деуге болады? Армагеддоннан аман өту үшін оларға таңба қойылмайды. Өйткені олар шешуші белгілерін өлгенге дейін немесе зор алапат басталмас бұрын алып қояды. Олар Армагеддон басталар алдында көкке әкетіледі (Аян 7:1—3).

19. Осы дүниеге шығарылған үкімді Исамен бірге кімдер жүзеге асырады? (“Аһ ұрып күрсіну, таңба қою, шоқпармен қыру. Қашан және қалай орындалды?” деген қоршауды қараңыз.)

19 Патша Иса Мәсіх пен оның көктегі әскері осы дүниеге шығарылған үкімді жүзеге асырады. Езекиелдің аянында зығыр киімдегі кісі құтқарылатындардың бәріне таңба қойып шықпайынша, шоқпар ұстаған алты кісі жоюды бастамаған еді (Езек. 9:4—7). Алдағы болатын апат та Иса Мәсіх халықтардың бәрін соттап, құтқарылатын қойларға таңба қойып бітпейінше, басталмайды. Ал Армагеддон соғысында Иса көктегі әскерімен, яғни киелі періштелермен және өзімен бірге билік ететін 144 000 майланғанмен бірге осы зұлым дүниеге қарсы аттанып, оны түптамырымен жояды. Ал таза ғибадат ететіндерді құтқарып, әділдік орнаған жаңа дүниеге бастап апарады (Аян 16:14—16; 19:11—21).

20. Сиясауыты бар кісі туралы аяннан көңілімізді орнықтыратын қандай тәлім аламыз?

20 Сиясауыты бар кісі туралы аяннан көңілімізді орнықтыратын көп тәлім алдық. Біз Ехоба әділдерді зұлымдармен бірге жойып жібермейтініне кәміл сенуге болатынын білдік (Зәб. 97:10). Болашақта бізге құтқарылу таңбасы қойылу үшін, қазірден бастап не істеу керектігін де білдік. Біз Ехобаға ғибадат етушілер ретінде мынаған нық бекіндік: біз Шайтанның дүниесіндегі зұлымдықты көріп, аһ ұрып күрсініп жүргендерге ізгі хабарды жариялауға және төніп келе жатқан апат жайында ескертуге барынша атсалысамыз. Осылай “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарға” таза ғибадат етушілердің қатарына қосылуға көмектесеміз. Сонда олардың да құтқарылу таңбасын алуға әрі әділдік орнаған Құдайдың жаңа дүниесіне жетелейтін жолмен жүруге мүмкіндіктері болады (Ел. іс. 13:48).

^ 1-абзац Езекиелдің ғибадатханадағы жеркенішті істерді көрген аяны осы басылымның 5-тарауында қарастырылған.

^ 13-абзац Бір еңбекке сай, осы тармақтағы “күнә” деп аударылған сөз, көп жағдайда, Құдайдың алдында жасалатын моральдық қылмыс не сорақы әрекетке нұсқайды.

^ 18-абзац Ұлы Бабылдың жойылуы жалған діндердің барлық мүшелері өледі дегенді білдірмесе керек. Сол уақытта тіпті кейбір діни қызметкерлердің өзі жалған діннен бас тартып, онымен байланыста болғандарын мойындамауы мүмкін (Зәк. 13:3—6).