Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОРШАУ 15А

Апалы-сіңлілі екі жезөкше

Апалы-сіңлілі екі жезөкше

Езекиел кітабының 23-тарауында Құдай өзінің адалдық сақтамаған халқын өткір сөздермен айыптағаны жайлы оқимыз. 16-тараудағыдай, бұл тарауда да жезөкше жайлы мысал келтіріледі. Онда Иерусалим сіңлісі, ал Самария әпкесі деп аталған. Екі тарауда да сіңлісі жезөкше әпкесінің ізін қуып, тіпті зұлымдығы мен азғындығы жағынан одан асып түскені жайлы айтылады. 23-тарауда Ехоба бұл апалы-сіңлілілердің есімдерін атайды: Исраилдің он рулы патшалығының астанасы Самарияны білдіретін әпкесінің аты — Охола. Ал Яһуданың астанасы Иерусалимді білдіретін сіңлісінің аты — Охолиба * (Езек. 23:1—4).

Бұл екі тараудың басқа да ұқсастықтары бар. Олардың ішінде басты ұқсастығы мынау: ондағы жезөкшелер алғашында Ехобаның әйелі болған, ал кейін оған опасыздық жасаған. Сондай-ақ бұл екі тарауда да олардың қайта қалпына келетіндері жайлы үміт хабары бар. Бұл үміт 23-тараудан аса анық байқалмайды. Дегенмен ондағы Ехобаның: “Сорақы қылықтарың мен жезөкшелігіңді тыямын”,— деген сөздері 16-тараудағы үміт хабарына ұқсас (Езек. 16:16, 20, 21, 37, 38, 41, 42; 23:4, 11, 22, 23, 27, 37).

Олар мәсіхшілер әлемін білдіре ме?

Бұған дейін біздің әдебиеттерде Охола мен Охолиба деген апалы-сіңлілілер мәсіхшілер әлемінің, әсіресе католик пен протестант ағымдарының түпбейнесі деп айтылып келді. Алайда дұға ете отырып ой жүгіртудің және зерттеудің нәтижесінде мынадай сұрақтар туындады: Қашан мәсіхшілер әлемі қандай да бір мағынада Ехобаның әйелі болып еді? Қашан онымен келісімге тұрып еді? Ешқашан! Құдай Исаны келістірушісі ретінде қолданып, рухани Исраилмен “жаңа келісім” жасасқан кезде мәсіхшілер әлемі әлі пайда болмаған еді (Ерм. 31:31; Лұқа 22:20). Оның үстіне, мәсіхшілер әлемі ешқашан майланған мәсіхшілерден тұратын рухани халықтың бір бөлігі болған емес. Мәсіхшілер әлемі елшілер қайтыс болған соң біршама уақыт өткеннен кейін б. з. IV ғасырында пайда болды. Жолдан тайған әрі бүлінген бұл ұйым Исаның бидай мен арамшөп жайлы пайғамбарлығында айтылған “арамшөптен”, яғни жалған мәсіхшілерден құралды (Мат. 13:24—30).

Апалы-сіңлілі екі жезөкше мәсіхшілер әлемін білдіруі мүмкін емес екенінің тағы бір себебі — Ехоба адалдық сақтамаған Иерусалим мен Самарияның қайта қалпына келуге үміттері бар екенін айтқан (Езек. 16:41, 42, 53—55). Ал Киелі кітапта мәсіхшілер әлемінің осындай үміті бар деп айтыла ма? Жоқ! Оның да, Ұлы Бабылды құрайтын өзге діндердің де ешқандай үміті жоқ.

Сонымен, жоғарыдан Охола мен Охолиба мәсіхшілер әлемінің түпбейнесі емес екенін көрдік. Алайда екеуінің мысалы Ехобаның халқымыз дей тұра, оның киелі есімін қорлайтын және таза ғибадатқа қатысты орнатқан нормаларын аяқасты ететін адамдарға оның қалай қарайтынын түсінуге көмектеседі. Осы ретте мәсіхшілер әлемінің айыбы өте ауыр, өйткені оның сансыз көп шіркеулері өздерін Құдайдың өкіліміз дейді. Бұл былай тұрсын, олар Ехобаның сүйікті ұлы Иса Мәсіхті көсеміміз дей тұра, оны үш беті бар үштік құдайының бірі деп үйретеді, әрі оның “осы дүниелік” болмауға қатысты анық талабына мойынсұнбайды (Жох. 15:19). Мәсіхшілер әлемі пұтқа табынушылық пен саяси істерге қоймай араласуымен өзінің “ұлы жезөкшенің” бір бөлігі екенін дәлелдеді (Аян 17:1). Жалған діндер империясы жойылатындай, оны да жойылу күтіп тұрғаны шүбәсіз!

^ 3-абзац Бұл есімдердің мағынасы бар. Охола деген “оның [ғибадат ететін] шатыры” дегенді білдіреді. Бұл есім Исраил халқы Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасына бармай, өз ғибадат орындарын тұрғызып алғанына нұсқайды. Ал Охолиба деген “менің [ғибадат ететін] шатырым оның ішінде” дегенді білдіреді. Бұл Ехобаның ғибадат үйі Иерусалимде болғанына нұсқайды.