Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-САБАҚ

Жаратқанға дұға қылу арқылы жақындаңыз

Жаратқанға дұға қылу арқылы жақындаңыз

Өмірде біреудің жөн сілтегеніне мұқтажсыз ба? Көкейіңізде жауабын таппаған маңызды сұрақтарыңыз бар ма? Жұбаныш пен қолдау іздейсіз бе? Құдайға жақын сезінгіңіз келе ме? Осы жағдайдың бәрінде сізге көмек болатын — дұға. Бірақ қалай дұға еткен дұрыс? Алла Тағала барлық дұғаларды қабыл ала ма? Сіздің тілек-дұғаңыз қабыл болу үшін не істесеңіз болады? Осыны білейік.

1. Кімге дұға айтуымыз керек және не жайында?

Нұх, Ыбырайым, Мұса және Дәуіт сияқты пайғамбарлар Ехоба Құдайға дұға еткен. Мысалы, Дәуіт пайғамбар: “Уа, Ехоба, дұғамды ести көрші”,— деген (Зәбүр 143:1). Дұға айтқанда, Ехобамен достығымыз күшейеді.

Біз кез келген нәрсе туралы дұға етсек болады. Әрине, Құдай дұғамызға жауап берсін десек, сұрағандарымыз оның ерік-қалауына сай келу керек. Өйткені “оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ асады” (Жоханның 1-хаты 5:14). Иса пайғамбар дұғада не айтуға болатынын үйретті (Матай 6:9—13 оқыңыз). Өтініш-дұғамызда жеке мәселелерімізді айтумен қатар, Құдайға бізге жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтуды және басқалар үшін көмек сұрауды ұмытпағанымыз жөн.

2. Дұғаны қалай айтқанымыз дұрыс?

Киелі кітап Құдайға “жүрек сырларымызды ақтаруға” шақырады (Зәбүр 62:8). Демек, дұғаларымыз шын жүректен айтылу керек. Біз дұғаны дауыстап та, іштей де, кез келген уақытта, кез келген жерде айта аламыз. Құдайға сиынғанда денемізді қалай ұстауымыз керек? Ехоба бізден отырып, тұрып я тізерлеп дұға қылуды талап етпейді. Ең бастысы, дене қалпымыздан оны құрметтейтініміз көрініп тұру керек.

3. Алла Тағала дұғамызға қалай жауап береді?

Ехоба дұғамызға әрқилы жолдармен жауап береді. Ол бізге өз Сөзі Киелі кітапты берді. Оны оқысақ, біз көп сұрағымызға жауап табамыз. Құдай Сөзі “тәжірибесізді дана қылады” (Зәбүр 19:7; Жақып 1:5 оқыңыз). Әртүрлі қиыншылық көргенде, Құдай бізге жантыныштығын береді. Сондай-ақ көмекке зәру кезімізде өз қызметшілерін бізге жәрдем беруге талпындыруы мүмкін.

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Құдай тілек-дұғаңызды қабыл алу үшін не істей алатыныңызды қарастырып, дұғаның сізге қандай пайдасы тиетінін білейік.

4. Жаратқан Иеміздің дұғаға қояр шарттары

Дұғаларымыздың қабыл болуы қандай жайттарға байланысты? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Ехоба өзіне дұға еткенімізді қалайды. Зәбүр 65:2 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • “Дұғаларды тыңдайтын” Құдай жеке сіздің дұға еткеніңізді қалай ма? Неге олай ойлайсыз?

Алла Тағала дұғаларымызды естісін десек, оның заң-талаптары бойынша өмір сүруіміз керек. Миха 3:4 және Петірдің 1-хаты 3:12 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Ехоба дұғамызды тыңдау үшін не істеуіміз керек?

Соғыс кезінде екі жақтың әскері де жеңіс сұрап дұға етуі мүмкін. Құдай олардың дұғаларына жауап береді деп ойлау ақылға сыя ма?

5. Дұғаларымыз жүректен шықсын

Кейбіреулерге қандай да бір дұғаларды сөзбе-сөз қайталап айтуды не өздері түсінбейтін тілде айтуды үйреткен. Бірақ Құдай біздің осылай дұға айтқанымызды қалай ма? Матай 6:7 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Сіз дұғаңызда “бір нәрсені қайталай бермеу” үшін не істей аласыз?

Әр күні Ехобаға алғыс айтқыңыз келетін бір нәрсе жайлы ойланыңыз. Бір апта бойы осылай етсеңіз, дұғаңызда бір айтқаныңызды қайталай бермей, жеті түрлі нәрсе туралы айтасыз.

Жақсы әке баласы жүрегіндегісін айтса екен дейді. Ехоба да дұғамыздың жүректен шыққанын қалайды

6. Дұға — Құдайдың берген сыйы

Әсіресе қиын шақтарда дұға бізге қалай күш-қуат береді? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Киелі кітапта уәде етілгендей, дұға нағыз жантыныштығына кенелуге көмектеседі. Філіпіліктерге 4:6, 7 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Дұға барлық уақытта қиындықтарымыздан арылтпағанымен, оның қандай көмегі тиеді?

  • Сіз не жайында дұға еткіңіз келер еді?

Біле жүріңіз

“Аумин” я “әумин” деген сөз “солай болсын”, “рас” дегенді білдіреді. Ежелден бері бұл сөз дұғаның соңында айтылып келеді (Шежірелер 1-жазба 16:36).

7. Дұға қылуға арнайы уақыт бөліңіз

Кейде тірліктен қолымыз тимей, дұға айтуды ұмытып жатамыз. Иса пайғамбар үшін дұға ету қаншалықты маңызды болған? Матай 14:23 және Марқа 1:35 оқыңыз, сосын келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Дұға етуге уақыт табу үшін Иса пайғамбар не істеді?

  • Дұғаға қашан уақыт тапсаңыз болады?

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Дұғаңыз қабыл болу үшін, оны белгілі бір тілде айту керек”.

  • Сіз не деп жауап берер едіңіз?

ТҮЙІНДЕМЕ

Шын жүректен айтылған дұғалар бізді Құдайға жақындатады, жантыныштығын сыйлайды және Ехобаға ұнайтынды істеу үшін күш береді.

Қайталау

  • Біз кімге дұға етуіміз керек?

  • Дұғаны қалай айтқан дұрыс?

  • Дұғаның қандай пайдасы бар?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Дұға жайлы жиі қойылатын сұрақтардың жауабын оқып көріңіз.

“Дұға жайында жеті жайт” (“Күзет мұнарасы” (ор.), 1 қазан, 2010)

Дұға айтудың маңызды себептері мен оның сапасын қалай жақсартуға болатыны жайлы біліңіз.

“Не үшін дұға айту қажет?” (jw.org сайтындағы мақала)

Дұғаны кімге айту керектігіне қатысты Киелі кітапта не делінгенін оқып көріңіз.

“Әулиелерге дұға айту керек пе?” (jw.org сайтындағы мақала)

Осы бейнебаяннан кез келген жерде, кез келген уақытта дұға етуге болатынын біле аласыз.

“Әрқашан дұға ет Құдайға” (1:22)