Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

24-САБАҚ

Періштелер туралы шындық

Періштелер туралы шындық

Ехобаның көкте отбасы бар. Ол біздің сол отбасымен таныс болғанымызды қалайды. Періштелер — сол отбасының мүшелері. Киелі кітапта олар “Құдай ұлдары” деп аталған (Әйүп 38:7). Киелі кітаптан періштелер жайлы не білуге болады? Олар адамдарға қалай ықпал етеді? Періштелердің бәрі бірдей Құдай отбасының мүшелері ме?

1. Періштелер деген кімдер?

Ехоба періштелерді жерді жаратпас бұрын жаратқан. Олар да Ехоба сияқты көзге көрінбейді және көкте мекендейді (Еврейлерге 1:14). Көкте миллиондаған періште бар, бірақ әрқайсысы өзінше дара (Аян 5:11). Олар “Ехобаның даусына құлақ асып, айтқан сөзін іске асырады” (Зәбүр 103:20). Ежелде Ехоба періштелерді өз хабарын жеткізу үшін, өз халқына көмек көрсетіп, оларды құтқару үшін жіберіп тұрған. Ал бүгінде болса періштелер Құдай жайлы білгісі келетін адамдарға мәсіхшілерді бағыттайды.

2. Шайтан мен жын-перілер деген кімдер?

Кейбір періштелер Ехобаға адал болмады. Құдайға ең бірінші қарсы шыққан періште “бүкіл жержүзін адастырып жүрген Ібіліс әрі Шайтан деп аталады” (Аян 12:9). Шайтан басқаларға билік еткісі келді, сондықтан ол Адам мен Хауаны, ал сосын басқа да періштелерді Ехобаға қарсы шығуға түрткіледі. Сол қарсы шыққан періштелер “жын-перілер” деп аталады. Ехоба оларды көктен қуып жіберді, ал болашақта олар жойылады (Аян 12:9, 12 оқыңыз).

3. Шайтан мен жын-перілер бізді қалай адастырғысы келеді?

Шайтан мен жындар көп адамды бақсы-балгерлік арқылы адастырып жүр. Бақсы-балгерлікпен айналысқанда, адам жындармен байланысқа түседі. Мысалы, кейбір адамдар жұлдызжорамалшыларға, нумерологтарға, көріпкелдерге, экстрасенс пен емшілерге барады. Ал басқалары болса жындармен байланысы бар емшараларға жүгінеді. Өлген адамның аруағымен сөйлесе аламын деп алданып жүргендер де бар a. Бірақ Ехоба бізді “аруақ шақырушыларға және көріпкелдерге жүгінбеңдер” деп ескертеді (Мұсаның 3-жазбасы 19:31). Өйткені ол бізді Шайтан мен жындардан қорғағысы келеді. Олар Құдайдың жауы болғандықтан, бар ойы — бізге зиян келтіру.

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Періштелердің қандай игі істермен айналысатынын, бақсы-балгерліктің қандай қаупі бар екенін және Шайтан мен жындардан қалай сақтана алатынымызды білейік.

4. Періштелер адамдарға Ехобаны тануға көмектеседі

Құдайдың періштелері адамдарға өздері барып уағыздамайды. Бірақ олар Құдай жайлы білгісі келетін адамдарға оның қызметшілерін бағыттай алады. Аян 14:6, 7 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Неге бізге уағыз ісінде періштелердің көмегі қажет?

  • Құдай жайлы естігісі келетін адамдарға періштелердің бізді бағыттайтынын білу сізді қуанта ма? Неге?

5. Бақсы-балгерлікке жоламаңыз

Шайтан мен жын-перілер — Ехобаның жаулары. Олар біздің де жауымыз. Лұқа 9:38—42 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Жындар адамдарға не істейді?

Біз жындарды өзімізге жолатқымыз келмейді. Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Жындар бізге не арқылы ықпал етіп, бізбен байланысқысы келеді? Сіз тұратын жерде қайсысы кең таралған?

  • Ехобаның бақсы-балгерлік сияқты істерге тыйым салатыны дұрыс деп ойлайсыз ба? Неге?

БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Қалай ойлайсыз, Палеса қызына таққан тұмардың зияны бар ма еді? Қандай?

  • Жындардан сақтану үшін Палесаға не істеу керек еді?

Шынайы мәсіхшілер әрдайым жындарға қарсы тұрған. Елшілердің істері 19:19 және Қорынттықтарға 1-хат 10:21 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Бақсы-балгерлікпен байланысы бар кез келген нәрсені неге жойып тастау керек?

6. Шайтан мен жындарды жеңе аласыз

Жындардың билеушісі — Шайтан. Ал адал періштелердің билеушісі — бас періште Микайл (бұл — Исаның басқа аты). Микайл қаншалықты күшті? Аян 12:7—9 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Кім мықты: Микайл мен оның періштелері ме, әлде Шайтан мен оның жындары ма?

  • Қалай ойлайсыз, Исаның шәкірттеріне Шайтан мен жындардан қорқу керек пе?

Сіз Шайтан мен жындарға қарсы күресте жеңіп шыға аласыз. Жақып 4:7 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Сіз Шайтан мен жындардан қалай қорғана аласыз?

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Тылсым күштер жайлы кино көріп, ойын ойнауда тұрған ештеңе жоқ. Бұл жай қызық үшін ғой”.

  • Осылай ойлау неліктен қауіпті?

ТҮЙІНДЕМЕ

Адал періштелер бізге көмектеседі. Шайтан мен оның жындары — Ехобаның жаулары, олар бақсы-балгерлік арқылы адамдарды адастырады.

Қайталау

  • Ехобаның періштелері адамдарға оны тануға қалай көмектеседі?

  • Шайтан мен жын-перілер деген кімдер?

  • Неге бақсы-балгерлікке жолағыңыз келмес еді?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Исаның бас періште екеніне қандай айғақтар бар екенін оқып көріңіз.

“Бас періште Микайл деген кім?” (jw.org сайтындағы мақала)

Шайтан Ібілістің өмірде шын мәнінде бар екенінің дәлелін оқып көріңіз.

“Шайтан Ібіліс шынымен бар ма?” (jw.org сайтындағы мақала)

Бір әйелдің жындардың ықпалынан қалай босағанын біліңіз.

“Ол өмірдің мән-мағынасын тапты” (“Күзет мұнарасы” (ор.), 1 шілде, 1993)

a 29-сабақта талқыланатындай, марқұмдар ештеңе білмейді.