Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-САБАҚ

Жақыныңызбен қайта қауышасыз!

Жақыныңызбен қайта қауышасыз!

Өлім жанымызды сыздатып, қабырғамызды қайыстырады. Сондықтан Киелі кітапта өлім “жау” деп аталған (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). 27-сабақта біз Ехобаның осы жауды жоқ қылатынын білдік. Ал қазір өлім ұйқысында жатқандармен не болмақ? Осы сабақта Ехобаның тағы бір керемет уәдесін қарастырамыз. Сол уәдеге сай, Ехоба миллиардтаған адамды мәңгі бақи өмірдің рақатын көру үшін қайта тірілтеді. Бірақ бұл мүмкін бе? Олар көкте тіріле ме, әлде жерде ме?

1. Марқұм болған жақындарымызға Ехобаның тілек-қалауы қандай?

Ехоба көз жұмған адамдарды өмірге қайтаруды қатты аңсайды. Адал болған Әйүп пайғамбар қара жердің қойнына кіргенде, Құдай оны ұмытпайтынына сенімді еді. Сондықтан ол: “Ал сен шақырғанда, [көрден] жауап беремін”,— деді (Әйүп 14:13—15 оқыңыз).

2. Өлгендердің қайта тірілетініне неге сенуіміз керек?

Иса пайғамбар жерде болған кезде, Құдай оған өлген адамдарды тірілтетін құдірет берген. Мысалы, ол 12 жасар қызды және бір жесір әйелдің жалғыз ұлын тірілтті (Марқа 5:41, 42; Лұқа 7:12—15). Бірде Исаның Елазар деген жақын досы да қайтыс болды. Жерленгеніне төрт күн болса да, Иса оны өмірге қайтарды. Ол қабірдің аузында тұрып, Құдайға дұға етті де: “Елазар, шық!”— деді. Сонда “марқұм қабірден шықты”. Иә, Елазар тіріліп кетті! (Жохан 11:43, 44). Сол кезде оның туыстары мен достары қалай шаттанды десеңізші!

3. Көз жұмған жақындарымыз үшін қандай үміт бар?

Киелі жазбаларда “қайта тірілу” болатыны уәде етілген (Елшілердің істері 24:15). Иса пайғамбар жерде болғанда қайта тірілткен адамдар көкке кетпеген (Жохан 3:13). Иса оларды жердегі өмірге қайтарды. Олар да бұған қуанды. Сол сияқты, Иса жақын болашақта миллиардтаған адамды жерде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру үшін тірілтеді. Иса Құдайдың есінде қалған адамдардың бәрі қайта тірілетінін айтқан. Адамдар оларды ұмытса да, Құдай оларды ұмытпайды (Жохан 5:28, 29).

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Исаның адамдарды қайта тірілтетін құдіреті бар екеніне және ол марқұмдарды міндетті түрде тірілтетініне Киелі кітаптан дәлелдер қарастырайық. Сондай-ақ қайта тірілу қалай сізге жұбаныш пен үміт сыйлайтынын көрейік.

4. Иса өлгендерді тірілте алатынын дәлелдеді

Иса досы Елазар үшін не істегені жайлы көбірек біліңіз. Жохан 11:14, 38—44 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Елазардың шынымен қайтыс болғанын қайдан білеміз? (39-тармақты қараңыз).

  • Елазар көкке кеткен болса, қалай ойлайсыз, Иса оны жердегі өмірге қайтарар ма еді?

БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

5. Сансыз көп адам тіріледі!

Зәбүр 37:29 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Қайта тірілген миллиардтаған адам қайда өмір сүреді?

Иса Ехобаға ғибадат еткен адамдарды ғана емес, басқа да көптеген адамды қайта тірілтеді. Елшілердің істері 24:15 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Қайта тірілгендердің арасынан кімді көргіңіз келер еді?

Әкесі баласын қалай оңай оята алса, Иса да марқұмдарды өлім ұйқысынан оп-оңай оята алады

6. Қайта тірілу сізге жұбаныш пен үміт сыйлайды

Киелі кітаптағы Жайырдың қызы жайлы оқиға қайғы жұтып жүрген көбімізге жұбаныш сыйлап, күш береді. Өмірде болған сол шын оқиғаны Лұқа 8:40—42, 49—56 оқыңыздар.

Жайырдың қызын қайта тірілтпес бұрын, Иса оның әкесіне былай деді: “Қорықпаңыз, тек сеніміңіз болсын!” (50-тармақты қараңыз). Қайта тірілуге деген үміт сізге мына жағдайларда қалай көмектесе алады:

  • жақыныңыз өмірден өткенде?

  • өміріңізге қауіп төнгенде?

БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Қайта тірілуге деген үміт Фелиситидің ата-анасына қалай жұбаныш пен күш берді?

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Адам қайта тіріліп, жерде өмір сүреді дегені несі?”

  • Сіз не ойлайсыз?

  • Қайта тірілудің шынымен болатынын көрсету үшін қандай тармақты оқып берер едіңіз?

ТҮЙІНДЕМЕ

Киелі кітапта қайтыс болған миллиардтаған адамның қайта тірілетіні уәде етілген. Ехоба оларды өмірге қайтаруды қатты аңсайды. Оларды қайта тірілту үшін Ехоба Исаға құдірет дарытқан.

Қайталау

  • Ехоба мен Исаның марқұмдарды қайта тірілтуге қатысты ой-ниеті қандай?

  • Тірілген миллиардтаған адам қайда өмір сүреді: көкте ме, әлде жерде ме? Неге сіз олай ойлайсыз?

  • Жақын адамдарыңыздың қайта тірілетініне көзіңізді не жеткізеді?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Қайғыны жеңілдетудің жолдары туралы оқып көріңіз.

“Қайғырған жүректің емі” (“Ояныңдар!” № 3, 2018)

Қайғы жамылған адамға Киелі кітаптағы кеңестер көмектесе ала ма?

“Жақынымыз өмірден өткенде” (5:06)

Балаға қайғымен күресуге қалай көмектесуге болады?

“Төлем” (2:07)

Көкке тірілетіндер бола ма? Кімдер қайта тірілмейді?

“Қайта тірілу деген не?” (jw.org сайтындағы мақала)