Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

32-САБАҚ

Құдай Патшалығы қазір билік етуде!

Құдай Патшалығы қазір билік етуде!

Құдай Патшалығы көкте билік етуін 1914 жылы бастады. Сондай-ақ сол кезден бастап адам үкіметтерінің соңғы күндері басталды. Бұны қайдан білеміз? Қазір Киелі кітапта алдын ала не айтылғанын және 1914 жылдан бастап әлемдегі жағдай мен адамдардың мінез-құлқы қалай өзгергенін қарастырайық.

1. Киелі кітап пайғамбарлығында не делінген?

Даниял кітабынан көретініміздей, Құдай Патшалығы “жеті уақыт” деп аталатын кезең аяқталған кезде өз билігін бастау керек еді (Даниял 4:16, 17). Ғасырлар өте Иса дәл сол кезеңді “басқа ұлттарға белгіленген уақыт” деп атаған, әрі оның сол кезде әлі бітпегенін көрсеткен (Лұқа 21:24). Алда көретініміздей, сол жеті уақыт 1914 жылы аяқталды.

2. 1914 жылдан бері әлемдегі жағдай мен адамдардың мінез-құлқы қалай өзгерді?

Исаның шәкірттері одан: “Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Матай 24:3). Ол Құдай Патшалығының Патшасы ретінде билік ете бастағанда, көптеген жайттардың болатынын айтып кеткен. Солардың кейбірі — соғыс, ашаршылық және жер сілкінісі (Матай 24:7 оқыңыз). Сондай-ақ Киелі жазбаларда “соңғы күндері” адамдардың мінез-құлқы өзгеріп, содан өмір “ерекше қиын” болып кететіні алдын ала айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Осының бәрі әсіресе 1914 жылдан бастап болып жатыр.

3. Құдай Патшалығы билік ете бастағалы бері неге дүниедегі жағдай нашарлап кетті?

Иса Құдай Патшалығының Патшасы болғаннан кейін көп ұзамай көкте Шайтан мен жын-перілерімен соғысты. Осы соғыста Шайтан жеңіліп қалды. Киелі кітапта айтылғандай, ол “жерге лақтырылды, онымен бірге періштелері де лақтырылды” (Аян 12:9, 10, 12). Өзінің жойылатынын білгендіктен, Шайтан қатты ашулы. Дүниедегі бүкіл қасіретке сол жауапты. Сондықтан әлемдегі жағдайлардың неліктен нашарлап кеткеніне таңғалмасақ болады! Осы қиыншылықтардың бәрін Құдай Патшалығы шешеді.

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Құдай Патшалығы билігін 1914 жылы бастағанын қайдан білетінімізді қарастырайық және бұл бізді не нәрсеге талпындыру керектігін көрейік.

4. 1914 жылға нұсқайтын Киелі кітаптағы оқиғалар хронологиясы

Бірде ежелгі Бабылдың патшасы Навуходоносор түс көреді. Сол түсінде Құдай оған болашақта не болатынын көрсетеді. Осы түс туралы және Даниял пайғамбар оны қалай жорып бергені туралы біз Киелі кітаптан оқып білеміз. Бұл түстің Навуходоносордың патшалығына да, Құдай Патшалығына да қатысы бар еді (Даниял 4:17 оқыңыз). a

Даниял 4:20—26 оқып, кестенің көмегімен мына сұрақтарға жауап беріңіз:

Ағаш туралы түстің Құдай Патшалығымен байланысы

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ (Даниял 4:20—36)

Билік

А) Зәулім ағаш

Билік тоқтатылды

Ә) “Ағашты шабыңдар”, “сөйтіп, жеті уақыт өтсін”

Билік қалпына келтірілді

Б) “Патшалығыңыз өзіңізге тиесілі болып қала береді”

Пайғамбарлықтың бірінші орындалуы

  • В) Ағаш кімді бейнелеген? (22-тармақты қараңыз).

  • Г) Оның билігі қалай тоқтатылды? (Даниял 4:29—33 оқыңыз).

  • Ғ) “Жеті уақыт” аяқталғанда Навуходоносормен не болды? (Даниял 4:34—36 оқыңыз).

БІРІНШІ ОРЫНДАЛУЫ

Билік

В) Бабыл патшасы Навуходоносор

Билік тоқтатылды

Г) Б. з. б. 606 жылдан кейін Навуходоносор ақыл-есінен айырылып, жеті жыл бойы билік ете алмай қалды

Билік қалпына келтірілді

Ғ) Навуходоносордың ақыл-есі кіріп, қайтадан билік ете бастады

Пайғамбарлықтың екінші орындалуы

  • Д) Ағаш кімді бейнелеген? (Шежірелер 1-жазба 29:23 оқыңыз).

  • Е) Олардың билігі қалай тоқтады? Иса жерде болғанда олардың билігі әлі тоқтап тұрғанын қайдан білеміз? (Лұқа 21:24 оқыңыз).

  • Ж) Бұл билік қашан және қайда қалпына келді?

ЕКІНШІ ОРЫНДАЛУЫ

Билік

Д) Құдайдың билігін бейнелеген исраилдік патшалар

Билік тоқтатылды

Е) Иерусалим күйреді. 2520 жыл бойы исраилдік патша әулетінің билігі тоқтап тұрды

Билік қалпына келтірілді

Ж) Құдай Патшалығының Патшасы ретінде Иса көкте билік етуін бастады

“Жеті уақыт” деген қанша?

Киелі кітаптың бір жері оның басқа жерін түсінуге көмектеседі. Мысалы, Аян кітабынан үш жарым уақыт 1260 күнге тең екенін білеміз (Аян 12:6, 14). Жеті уақыт одан екі есе көп болғандықтан, ол 2520 күнге тең. Киелі кітапта кейде бір күн деген сөз бір жылды білдіреді (Езекиел 4:6). Осыны ескерсек, Даниял кітабында айтылған “жеті уақыт” 2520 жылға тең.

5. 1914 жылдан бастап әлем өзгерді

Иса Патша болғаннан кейін әлемдегі жағдайдың қандай болатынын айтып кеткен. Лұқа 21:9—11 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Сіз осылардың қайсысын көріп я естіп жүрсіз?

Ал елші Пауыл адам билігінің соңғы күндері адамдардың мінез-құлқы қандай болатынын айтып кеткен. Тімөтеге 2-хат 3:1—5 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Адамдардың бойынан осылардың қайсысын көріп жүрсіз?

6. Құдай Патшалығының билеп жатқанына сенетініңізді көрсетіңіз

Матай 24:3, 14 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Құдай Патшалығының қазір билік етіп жатқаны қандай маңызды істен көрінеді?

  • Сіз бұл іске қалай қатыса аласыз?

Құдай Патшалығы қазір билік етіп жатыр. Оның бүкіл жер бетіне билік жүргізетін күні де жақындап қалды. Еврейлерге 10:24, 25 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Сол күннің “жақын қалғанын білгендіктен” әрқайсысымыз не істеуіміз керек?

Біреуге көмегі тиіп, өмірін құтқаратын бір нәрсе біліп жатсаңыз, не істер едіңіз?

БІРЕУ СҰРАСА: “Неге Ехоба куәгерлері 1914 жылды елеулі жыл деп атайды?”

  • Сіз не деп жауап берер едіңіз?

ТҮЙІНДЕМЕ

Киелі кітап пайғамбарлығы, хронологиясы және дүниедегі жағдайлар Құдай Патшалығының қазір билік етіп жатқанын дәлелдейді. Бұған сенетінімізді уағыздаумен және кездесулерге баруымызбен көрсетеміз.

Қайталау

  • Даниял кітабында айтылған “жеті уақыт” аяқталғанда не болды?

  • Құдай Патшалығының 1914 жылы билік ете бастағанына сіздің көзіңізді не жеткізді?

  • Құдай Патшалығының қазір билік етіп жатқанына сенетініңізді қалай көрсете аласыз?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

1914 жылдан бастап әлемде болып жатқан өзгерістер жайлы тарихшылар мен басқалар не дейтінін көріңіз.

“Моральдық құлдыраудың басы” (“Ояныңдар!” (ор.), сәуір, 2007)

Матай 24:14-тегі пайғамбарлық бір ер кісінің өмірін қалай өзгерткенін оқып көріңіз.

“Есіл-дертім бейсбол еді!” (“Күзет мұнарасы” № 3, 2017)

a Осы сабақтың “Қосымша ізденіңіз” бөліміндегі  соңғы екі мақаланы қараңыз.