Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

33-САБАҚ

Құдай Патшалығы не істейді?

Құдай Патшалығы не істейді?

Құдай Патшалығы қазір көкте билік етіп жатыр. Жақында ол жер бетіне билігін жүргізіп, үлкен өзгерістер жасайды. Қазір сол өзгерістердің кейбірін қарастырайық.

1. Құдай Патшалығы қалай жер бетіне бейбітшілік пен әділдік орнатады?

Құдай Патшалығының Патшасы Иса зұлым адамдар мен үкіметтерді Армагеддон соғысында жояды (Аян 16:14, 16). Сол кезде Киелі кітаптағы “көп ұзамай зұлымдар жоқ болады” деген уәде толықтай орындалады (Зәбүр 37:10). Иә, Патшалық арқылы Иса бүкіл жер бетіне бейбітшілік пен әділдік орнатады (Ишая 11:4 оқыңыз).

2. Құдай еркі жер бетінде орындалғанда, өмір қандай болады?

Құдай Патшалығы билік еткен кезде “әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәбүр 37:29). Өзіңіз елестетіп көріңізші: жерде тек жақсы, әділ, Ехобаны және бір-бірін жақсы көретін адамдар ғана өмір сүреді! Ешкім ауырмайды, бәрі мәңгі жасайды. Бұл неткен ғанибет өмір болмақ!

3. Зұлымдарды жойған соң, Құдай Патшалығы нені жүзеге асырады?

Зұлымдарды жойған соң, Иса Патша ретінде 1000 жыл билік етеді. Сол кезде ол 144 000 билеушісімен бірге адамзатқа күнәларынан арылып, кемелділікке жетуге көмектеседі. Мың жылдың соңына қарай бүкіл жержүзі әсем жұмаққа айналады және Ехобаның заңдарына бағынып жүрген бақытты адамдарға толады. Содан кейін Иса Патшалықты қайтадан Әкесі Ехобаға тапсырады. Сонда бұрын-соңды болмағандай Ехобаның “есімі киелі болады” (Матай 6:9, 10). Мұның бәрі Ехоба өз азаматтарының қамын ойлайтын ең жақсы Билеуші екенін дәлелдейді. Сосын Ехоба Шайтанды, жындарды және өзінің билігіне қарсы шыққан кез келген адамды жояды (Аян 20:7—10). Құдай Патшалығы істейтін таңғажайып жағдай мәңгілікке ұласады.

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Құдай Киелі жазбалардағы болашаққа қатысты уәделерді Патшалық арқылы орындайтынына неліктен сенімді бола алатынымызды қарастырайық.

4. Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерін алып тастайды

“Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9). Ехоба өз Патшалығы арқылы осы әділетсіздікті тоқтатады.

Даниял 2:44 пен Салоникалықтарға 2-хат 1:6—8 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Ехоба мен оның Ұлы Иса үкіметтермен және оның қолдаушыларымен не істейді?

  • Сіздің осы уақытқа дейін Ехоба мен Иса жайлы оқып білгеніңіз олардың әділ әрекет ететініне сендіре ме? Неге?

5. Иса — ең керемет Патша

Құдай Патшалығының Патшасы Иса келешекте жердегі азаматтарына көптеген жақсылық жасайды. Иса адамдарға көмектескісі келетінін және соны істеуге Құдай оған құдірет дарытқанын әлдеқашан дәлелдеп қойған. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Иса жерде болғанда, Құдай Патшалығы қандай істерді жүзеге асыратынын көрсеткен. Сіз кестеде жазылған қай нәрсені әсіресе күтудесіз? Кестедегі тармақтарды оқып, Патшалықтың төгетін баталары жайлы көбірек біліңіз.

ИСА ЖЕРДЕ БОЛҒАНДА

ИСА КӨКТЕН

  • бүлінген табиғатты қалпына келтіреді (Ишая 35:1, 2).

  • мыңдаған адамды керемет түрде тамақтандырған (Матай 14:17—21).

  • бәріне мінсіз денсаулық сыйлайды (Ишая 33:24).

  • қайтыс болған адамдарды тірілтіп, өлімді жояды (Аян 21:3, 4).

6. Құдай Патшалығы жарқын болашақ сыйлайды

Құдай Патшалығы Ехоба әуел баста адамдар үшін ниет қылған ғажап өмірді сыйлайды. Барлық адамдар жердегі жұмақта мәңгі өмір сүреді. Ехоба өз Ұлы Иса арқылы осы ниетін қалай жүзеге асыратынын білу үшін, БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Зәбүр 145:16 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Ехоба “барша тіршілік иелерінің қажетін беретіні” сізді қандай сезімге бөлейді?

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Бәріміз біріксек, әлемдегі қиындықтарды шешеміз”.

  • Құдай Патшалығы адам үкіметтері шеше алмайтын қандай қиындықтарды шешеді?

ТҮЙІНДЕМЕ

Құдай Патшалығы Ехобаның ниет-қалауын жүзеге асырады. Ол бүкіл жерді жұмаққа айналдырып, Ехобаға мәңгі ғибадат ететін жақсы адамдарға толтырады.

Қайталау

  • Құдай Патшалығы Ехобаның есімін қалай киелі етеді?

  • Құдай Патшалығы Киелі жазбалардағы уәделерді орындайтынына неліктен сенуге болады?

  • Құдай Патшалығы әкелетін көп жақсылықтың қайсысын әсіресе күтудесіз?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Армагеддон деген не екенін оқып көріңіз.

“Армагеддон соғысы деген не?” (jw.org сайтындағы мақала)

Исаның мыңжылдық патшалығы кезінде және соңында қандай оқиғалар болатынын оқып көріңіз.

“Сот күні не болады?” (“Күзет мұнарасы”, 1 қазан, 2012)

Бір отбасы Құдай Патшалығының баталарын қалай елестетіп жатқанын тамашалаңыз.

“Жұмақта жүргеніңді елестет” (1:50)

Кезінде саяси қылмыскер болған ер адам сұрақтарына қалай жауап тапқанын “Мені көптеген сұрақтар мазалайтын” деген өмірбаянынан оқып көріңіз.

“Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” (“Күзет мұнарасы”, 1 қаңтар, 2012)