Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

35-САБАҚ

Қалай дұрыс шешім қабылдауға болады?

Қалай дұрыс шешім қабылдауға болады?

Бәріміз өмірде шешім қабылдап жатамыз. Олардың көбісі өзімізге де, Ехобамен достығымызға да айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, қайда тұратынымызды, қалай ақша табатынымызды, неке құрамыз ба, жоқ па — соны шешу керек болып жатады. Дұрыс шешім жасасақ, өзіміз де бақытты боламыз, Ехобаны да қуантамыз.

1. Дұрыс шешім қабылдауға Киелі кітап қалай көмектеседі?

Шешім қабылдамас бұрын, Ехобадан көмек іздеп, дұға етіңіз. Сонымен қатар сол мәселеге қатысты Ехобаның ойын білу үшін Киелі кітапқа үңіліңіз (Нақыл сөздер 2:3—6 оқыңыз). Ехоба кейбір мәселелерге қатысты нақты нұсқау берген. Сол нұсқауға мойынсұну ең дұрыс шешім болар еді.

Ал не істеу керектігіне қатысты Киелі кітапта нақты нұсқау болмаса ше? Мұндайда да Ехоба сізді бағытсыз қалдырмай, “жүруге тиіс жолмен жетелейді” (Ишая 48:17). Қалай? Сізге қажетті принциптер арқылы. Киелі кітап принциптері деген — Құдайдың ойы мен сезімдерін білуге көмектесетін негізгі шындықтар. Жиі біз Киелі кітаптағы бір оқиғаны оқып отырып, Құдайдың қандай да бір жайтқа қатысты көзқарасын біліп жатамыз. Соны білгенде, оған ұнайтын шешім қабылдай аламыз.

2. Шешім қабылдамас бұрын нені ойлау керек?

Киелі жазбаларда: “Парасатты әр қадамын ойлап басады”,— делінген (Нақыл сөздер 14:15). Бұл — мәселенің бірнеше шешімі бар болса, бір тоқтамға келмес бұрын, жақсылап ойланып алуымыз керек деген сөз. Әр шешімді саралауға сізге мына сұрақтар көмектеседі: “Қандай Киелі кітап принциптерін қолданса болады? Осы шешімнен кейін көңілім тыныш бола ма? Бұл шешімім өзгелерге жақсы әсер ете ме, жаман ба? Ал ең бастысы, Ехобаны қуанта ма?” (Мұсаның 5-жазбасы 32:29).

Бізге ненің жақсы, ненің жаман екенін айтуға Ехобаның құқы бар. Оның заңдары мен принциптерін жақсы біліп, оларды орындауға бекінсек, ар-ұжданымызды тәрбиелейміз. Ал ар-ұждан дегеніміз — бізге дұрыс пен бұрысты айтып отыратын ішкі сезім (Римдіктерге 2:14, 15). Жақсы тәрбиеленген ар-ұждан дұрыс шешімдер жасауға көмектеседі.

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Киелі кітап принциптері мен біздің ар-ұятымыз жақсы шешім қабылдауға қалай көмектесетінін білейік.

3. Киелі кітап бағыт береді

Шешім қабылдағанда қалай Киелі кітап принциптері бізге бағыт бере алады? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, төмендегі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Таңдау еркіндігі деген не?

  • Ехоба бізге таңдау еркіндігін не үшін берген?

  • Таңдау еркіндігімізді дұрыс қолдану үшін Ехоба бізге не берді?

Киелі кітаптағы бір принципті көру үшін Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыздар. Сосын мына жағдайларда қалай “уақытты барынша тиімді пайдалануға” болатынын талқылаңыздар:

  • Киелі кітапты жүйелі түрде оқу үшін;

  • жақсы жар, ата-ана, ұл я қыз болу үшін;

  • кездесулерге бару үшін.

4. Ар-ұжданыңызды дұрыс шешім жасауға үйретіңіз

Құдай Сөзінде бір жайтқа қатысты нақты нұсқау болған кезде дұрыс шешім жасау қиын емес. Бірақ нақты нұсқау болмаса ше? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Бейнероликтегі әйел ар-ұжданын тәрбиелеу үшін және Ехобаға ұнайтын шешім қабылдау үшін не істеді?

Неге біз үшін шешімді басқалар қабылдамау керек? Еврейлерге 5:14 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Басқалардан “менің орнымда болсаң, не істер едің?” деп сұрай салу оңай шығар. Бірақ солай етсек, нені үйрене алмаймыз?

  • Сізге ар-ұжданды тәрбиелеуге және дұрыс шешім жасауға көмектесетін қандай зерттеу құралдары бар?

Ар-ұждан карта сияқты өмірімізге бағыт береді

5. Басқалардың ар-ұятын құрметтеңіз

Әр адам әртүрлі шешім қабылдайды. Сондай кезде басқалардың ар-ұятын құрметтейтінімізді қалай көрсетсек болады? Екі жағдайды қарастырайық:

1-жағдай: Боянуды жақсы көретін бір әйел бауырлас басқа қауымға ауысады. Сол қауымдағы көп әйел бауырлас боянғанды онша жақтыра бермейді екен.

Римдіктерге 15:1 және Қорынттықтарға 1-хат 10:23, 24 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Осы тармақтарға сай, бұл әйел бауырлас қандай шешім қабылдауы мүмкін? Қандай да бір нәрсені істеуге сіздің ар-ұятыңыз жіберсе, басқалардікі жібермеуі мүмкін. Сондай адамның қасында болсаңыз, сіз не істейсіз?

2-жағдай: Бір ер бауырлас ішімдікті орынды мөлшермен ішуді Киелі кітап айыптамайтынын біледі, бірақ өзі ішпеуді шешеді. Оны бір отырысқа шақырғанда, ол ер бауырластардың ішімдік ішіп жатқанын көреді.

Уағыздаушы 7:16 мен Римдіктерге 14:1, 10 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Осы тармақтарға сай, бұл бауырлас не істеуді шешуі мүмкін? Сіздің ар-ұжданыңыз жібермейтін нәрсені біреудің істеп жүргенін көрсеңіз, не істер едіңіз?

 Дұрыс шешім қабылдау үшін не істеу керек?

1. Ехобадан көмек сұрау. Сонда не істеу керектігін шешу жеңіл болады (Жақып 1:5).

2. Іздену. Қажетті принциптерді табу үшін Киелі кітаптан және оған негізделген әдебиеттерден ізденіңіз. Сондай-ақ тәжірибесі бар мәсіхшілермен ақылдассаңыз болады.

3. Салдарын қарастыру. Шешіміңіз сіздің және өзгелердің ар-ұятына қалай әсер ететіні туралы ойланып көріңіз.

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Не істесе де, әркім өзі біледі, кім не ойласа да бәрібір”.

  • Неге біз Құдайдың және басқалардың сезімін ойлауымыз керек?

ТҮЙІНДЕМЕ

Дұрыс шешім жасау үшін Ехобаның сол мәселеге қатысты ойын білуіміз керек және біздің әрекетіміз басқаларға қалай әсер ететінін ойлауымыз қажет.

Қайталау

  • Ехобаға ұнайтын шешімді қалай қабылдай аласыз?

  • Ар-ұжданыңызды қалай тәрбиелей аласыз?

  • Басқалардың ар-ұжданын құрметтейтініңізді қалай көрсете аласыз?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Жасайтын шешімдеріңіз Құдаймен достығыңызды қатайту үшін не істеу керек?

“Қабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін” (“Күзет мұнарасы”, 15 сәуір, 2011)

Ехоба бізге ақыл-кеңесті қалай беретінін біліңіз.

“Ехоба өз халқын жетелейді” (9:50)

Бір ер адамға маңызды шешім қабылдауға не көмектескенін көріңіз.

“Ехоба бар жақсысын аямайтынына кепілдік береді” (5:46)

Бір мәселеге қатысты нақты нұсқау болмағанда, Ехобаның көңілінен қалай шығуға болады?

“Сізге әрбір жағдайға Киелі кітаптан заң керек пе?” (“Күзет мұнарасы” (ор.), 1 желтоқсан, 2003)