Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-САБАҚ

Құдайдың назарында таза жүрейік

Құдайдың назарында таза жүрейік

Бір мейірбан ана баласын мектепке шығарып салып жатыр. Ол баласының үсті-басының таза болғанын қадағалайды. Өйткені бала таза жүрсе, денсаулығы жақсы болады, ата-анасына да сөз келмейді. Сол сияқты, мейірбан Әкеміз Ехоба да біздің таза жүргенімізді қалайды. Бұған тән тазалығы және моральдық, яғни ой, сөз және жүріс-тұрыс тазалығы кіреді. Таза жүргеніміз өзімізге пайдалы, Ехобаға да абырой әкеледі.

1. Біз тән тазалығын қалай сақтай аламыз?

Ехоба бізге: “Киелі болыңдар”,— дейді (Петірдің 1-хаты 1:16). Киелі болу үшін бізге тән және моральдық жағынан таза болған маңызды. Тән тазалығын сақтау үшін үнемі жуынып тұру керек. Киіміміздің де, үйіміз бен көлігіміздің де тазалығына мән бергеніміз жөн. Сондай-ақ Патшалық сарайының тазалығына да атсалысуымыз қажет. Тән тазалығын сақтасақ, біз Ехобаны даңқтаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 6:3, 4).

2. Таза болу үшін қандай әдеттерден қашуымыз керек?

Құдай Сөзі бізді: “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық”,— деп шақырады (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Сондықтан денеміз бен ой-санамызға зақым келтіретін кез келген нәрседен қашуымыз қажет. Ойларымыз Ехобаға ұнау керек, сол себепті бізге барынша жаман ойларды қуу керек (Зәбүр 104:34). Аузымыздан шығатын сөз де таза, жағымды болғаны жөн (Қолостықтарға 3:8 оқыңыз).

Тәндік және моральдық жағынан бізді тағы не арамдауы мүмкін? Кейбір заттар біздің тәнімізді ластайды. Сондықтан темекі тарту, кальян шегу, насыбай ату, есірткі қабылдау сияқты жаман әдеттерге жоламауымыз керек. Сонда денсаулығымыз анағұрлым жақсы болып, өмірді қадірлейтінімізді көрсетеміз. Моральдық тұрғыдан таза болу үшін мастурбациямен a айналысудан, порнография көруден де аулақ боламыз (Зәбүр 119:37; Ефестіктерге 5:5). Рас, мұндай арам әдеттерден арылу оңай болмауы мүмкін, бірақ бізге көмектесетін Ехоба бар (Ишая 41:13 оқыңыз).

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Тән тазалығы Ехобаны қалай дәріптейтінін және жаман әдеттерден қалай арылуға болатынын қарастырайық.

3. Тән тазалығы Ехобаны дәріптейді

Ехобаның ежелгі Исраилге берген заңдарын қарастырғанда, оның тазалыққа қатысты көзқарасын түсінеміз. Мұсаның 2-жазбасы 19:10 және 30:17—19 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Осы тармақтардан көрінетіндей, Ехоба тән тазалығына қалай қарайды екен?

  • Қандай жақсы әдеттер сізге тән тазалығын сақтауға көмектеседі?

Таза болу үшін уақыт пен күш жұмсауымыз қажет. Бірақ қай жерде тұрсақ та, бай-кедей болсақ та, таза жүру қолымыздан келеді. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Мүлкімізді, заттарымызды ұқыпты да таза ұстасақ, бұл неге уағыз ісіміздің мерейін өсіреді?

4. Жаман әдеттерді тастаңыз

Ехоба сізге кез келген жаман әдетті жеңуге көмектеседі

Сіз темекі тартып я есірткі қабылдап жүрсеңіз, бұл әдеттерден арылу қаншалықты қиын екенін айтпай-ақ білетін шығарсыз. Сізге не көмек бола алады? Осы әдет сізге қандай зиян тигізетінін ойлап көріңіз. Матай 22:37—39 оқып, темекі мен есірткі өмірдің мына тұстарына қалай әсер ететінін талқылаңыздар:

  • адамның Ехобамен достығына;

  • оның отбасына және қасындағы адамдарға.

Жаман әдеттен арылу үшін жоспар құрыңыз b. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Філіпіліктерге 4:13 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Үнемі дұға ету, Киелі кітапты зерттеу және қауымға қатысу адамға жаман әдетінен арылуға қалай күш береді?

5. Арам ойлар мен істерге тойтарыс беріңіз

Қолостықтарға 3:5 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Порнография, секстинг c және мастурбация Ехобаның көзінде арам екенін қайдан білеміз?

  • Қалай ойлайсыз, Ехоба бізден күтетіндей, моральдық тұрғыдан таза бола аламыз ба? Неге?

Арам ойлармен қалай күресуге болатынын біліңіз. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Моральдық тазалық сақтауға нық бекінуіміз керектігін Иса пайғамбар бір мысалмен түсіндірді. Матай 5:29, 30 оқып, сосын мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Иса пайғамбар өзімізге зақым келтіруіміз керек деп айтқысы келмеген. Оның айтқысы келгені — бізге батыл әрекет ету керек. Адам арам ойлардан арылу үшін қандай батыл әрекеттерге бару керек? d

Сіз арам ойлармен күресіп жүрген болсаңыз, Ехоба мұныңызды бағалайды. Зәбүр 103:13, 14 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Арам әдетпен күресіп жүрсеңіз, осы жазба орны сізге еш берілмеуге қалай күш береді?

Жығылу — жеңілу емес!

Жаман әдетіңізді қайталап қойғанда, “болды, қолымнан келмейді” деп беріле салу оңай. Бірақ ойлап көрейікші: марафон жарыскері сүрініп құлап қалса, ол жеңіліп қалды деген сөз емес қой. Оған жарысты да басынан бастаудың қажеті жоқ, әрі қарай жалғастырса болады. Сол сияқты жаман әдетке бой алдырып қойсаңыз, бұл — жеңілгеннің белгісі емес. Осыған дейін де күш салғаныңызды бекершілік деп ойламаңыз. Сүрінбейтін тұяқ жоқ демекші, сүріну — пендеге тән құбылыс. Сондықтан еш берілмеңіз! Ехобаның көмегімен сіз жаман әдетіңізді жеңесіз.

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Бұл әдетті тастай алмаймын, қаныма сіңіп кеткен”.

  • Адам Ехобаның көмегімен кез келген жаман әдетті тастай алатынын көрсету үшін қай тармақты оқып берер едіңіз?

ТҮЙІНДЕМЕ

Тәніміз, ойымыз, жүріс-тұрысымыз таза болса, біз Ехобаға ұнаймыз.

Қайталау

  • Таза болу неге өте маңызды?

  • Тән тазалығын қалай сақтай аласыз?

  • Ал ойыңыз бен жүріс-тұрысыңызды ше?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Тұрмысыңыз төмен болса да, тән тазалығын сақтау үшін қандай қарапайым нәрсе істей аласыз?

“Денсаулық пен гигиена: қол жуу” (3:01)

Темекіні тастауға көмектесетін пайдалы кеңестерді оқып көріңіз.

“Темекіні қалай тастауға болады?” (“Ояныңдар!” (ор.), мамыр, 2010)

Порнографияның қаншалықты зиян екенін біліңіз.

“Порнография жай ғана су ма, әлде у ма?” (“Күзет мұнарасы”, 1 тамыз, 2013)

Бір ер адам порнографияға әуестігін қалай жеңгенін оқып көріңіз.

“Жүз сүрініп барып еңсемді көтердім” (“Күзет мұнарасы” №4, 2016)

a Мастурбация — адамның өз құмарын қандыру үшін жыныс мүшесін үйкелеп, қоздыруы.

b Осы сабақтың “Қосымша ізденіңіз” бөлігінде “Темекіні қалай тастауға болады?” (ор.) деген мақала бар. Сол жерде тәуелділікті қалай жеңуге болатынына қатысты пайдалы кеңестер берілген.

c Секстинг деген — электронды құрылғы арқылы біреуге ұятсыз, анайы сөздерді, суреттер мен видеоларды жіберу.

d Мастурбация әдетін жеңу үшін, “Мен мастурбация әдетінен қалай құтыла аламын?” деген мақаланы қараңыз (“Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.), 1-том, 25-тарау).