Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-САБАҚ

Салтбастылық пен неке жайлы Киелі кітапта не айтылған?

Салтбастылық пен неке жайлы Киелі кітапта не айтылған?

Кейбір мәдениетте адам неке құрса ғана бақытты болады деген ой қалыптасқан. Алайда неке құрғандардың бәрі бірдей бақытты емес, неке құрмағандардың да бәрі бірдей бақытсыз емес. Киелі кітапта салтбастылық та, неке де Ехобаның берген сыйы деп айтылған.

1. Салтбастылықтың артықшылығы неде?

Киелі кітапта: “Некеге тұрған адам дұрыс істейді, ал тұрмаған адам одан да дұрыс істейді”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 7:32, 33, 38 оқыңыз). Мұндағы “одан да дұрыс істейді” дегенді қалай түсінуге болады? Басы бос мәсіхшіге өмірлік жарының қамын ойлаудың қажеті жоқ. Сондықтан да олардың еркіндігі мен бостандығы көбірек. Мысалы, олар қызметтерін қызықты ету үшін басқа жерге көшіп бара алады. Салтбасты болудың тағы бір жақсы жері — олар Ехобаға жақындауға көбірек уақыт жұмсай алады.

2. Заңды некенің артықшылығы неде?

Салтбастылық сияқты некенің де өзіндік артықшылықтары бар. Киелі кітапта: “Жалғыз болғаннан екеу болған жақсы”,— деп айтылған (Уағыздаушы 4:9). Мұны некесінде Киелі кітап принциптерін ұстанатын мәсіхшілер растай алады. Некелерін заңдастырған жұптар бір-бірін әрдайым сүюді, құрметтеп, аялауды ант етеді. Сондықтан олар бір-бірінің алдында жауапкершілік сезінеді, көңілдері де тыныш болады, ал некелеспей тұрып жатқандар жайлы бұлай деу қиындау. Заңды некенің тағы бір артықшылығы — олардың балалары да бақытты, алаңсыз өмір сүреді.

3. Ехоба некенің қандай болғанын қалайды?

Ехоба алғашқы некеге бастау бергенде, былай деген: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады” (Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Иә, Ехоба ерлі-зайыптылардың бір-бірін сүйіп, өле-өлгенше бірге болғанын қалайды. Ол бір ғана себеппен ажырасуға рұқсат берген. Бұл — неке адалдығын бұзу. Ондай кезде кінәсіз жары ажыраса ма, жоқ па — Ехоба мұны өзіне шешуіне ерік береді a (Матай 19:9). Ехоба мәсіхшінің бірнеше жарының болуына рұқсат етпейді (Тімөтеге 1-хат 3:2).

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Некеге тұрсаңыз да, тұрмасаңыз да, сіз қалай бақытты бола алатыныңызды, Ехобаны да қалай бақытты ете алатыныңызды білейік.

4. Салтбастылығыңызды сәнді де мәнді етіңіз

Иса салтбастылықты сый деп білген (Матай 19:11, 12). Матай 4:23 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Салтбастылығы Исаға Әкесіне қызмет етуге және адамдарға жақсылық жасауға қалай көмектесті?

Бүгіндегі мәсіхшілер де Иса сияқты салтбастылықтың қызығын көре алады. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Мәсіхшілер салтбастылық өмірдің игілігін қалай көре алады?

Біле жүріңіз

Киелі кітапта некеге қанша жастан бастап тұру керектігі айтылмаған. Алайда онда қыз-жігіттер албырт шақтан, яғни жыныстық құмарлық ерекше өршіп тұрған кезеңнен өткен соң ғана некеге тұрған жөн деп кеңес береді. Сонда олар дұрыс шешім қабылдай алады (Қорынттықтарға 1-хат 7:36).

5. Жарды ақылмен таңдаңыз

Жар таңдау — өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Матай 19:4—6, 9 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Неге мәсіхші асығыс некеге тұрмау керек?

Киелі кітаптың көмегімен жар таңдағанда қандай қасиеттерге мән беру керектігін біле аласыз. Бірінші кезекте Ехобаны жақсы көретін адамды іздеңіз b. Қорынттықтарға 1-хат 7:39 және Қорынттықтарға 2-хат 6:14 оқыңыз. Сосын келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Неге Мәсіхтің ізбасарымен ғана неке құру керек?

  • Ехобаны жақсы көрмейтін адаммен некелесуді шешсек, Ехоба не сезінеді деп ойлайсыз?

Екі түрлі жануар бір мойынтұрыққа жегілсе, екеуі де қиналады. Сол сияқты мәсіхші Ехобаға сенбейтін адаммен неке құрса, көп қиындық көреді

6. Некеге Ехоба сияқты қараңыз

Ежелгі Исраилде кейбір ер адамдар өз қара бастарын ойлап, әйелдерімен ажыраса берген. Малахи 2:13, 14, 16 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Неге Ехоба Киелі кітап құптамайтын себеппен ажырасқанды жек көреді?

Неке адалдығын бұзу және ажырасу кінәсіз жарының да, балаларының да жанына жара салады

БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Жарыңыз Ехоба куәгері болмаса, некеңізді қалай бақытты ете аласыз?

7. Ехобаның неке талаптарын орындаңыз

Ехобаның некеге қоятын талаптарын орындау үшін кейбіреулерге көп күш салу керек болады c. Бірақ Ехоба ондай адамдарды жарылқаусыз қалдырмайды. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Еврейлерге 13:4 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Ехобаның некеге қойған талаптары дұрыс деп ойлайсыз ба? Неге?

Ехоба мәсіхшілер неке құрса да, ажырасса да — бәрін заңды түрде істейді деп күтеді. Өйткені көп елде үкімет мұны талап етеді. Титке 3:1 оқып, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Үкімет сіздің некеңізді заңды деп біле ме?

БІРЕУ СҰРАСА: “Міндетті түрде заңды некеге отыру керек пе? Бірге тұра берсе де болады ғой”.

  • Сіз қалай жауап берер едіңіз?

ТҮЙІНДЕМЕ

Салтбастылық та, неке де — Ехобаның сыйы. Ехобаның еркіне сай өмір сүрсе, некеге тұрғандар да, тұрмағандар да қанағат сезініп, бақытты бола алады.

Қайталау

  • Адам салтбастылығын қалай мәнді ете алады?

  • Неге Киелі кітапта тек Мәсіхтің ізбасарымен неке құру керек деп айтылған?

  • Киелі кітапқа сай, қандай себеппен ғана ажырасуға болады?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Тек “Иеміздің ізбасарымен” неке құру деген не?

“Оқырмандардың сауалдары” (“Күзет мұнарасы”, 1 шілде, 2004)

Біреумен жүруге, неке құруға қатысты дұрыс шешім қабылдағыңыз келсе, екі қойылымды көріңіз.

“Неке құруға дайындық” (11:53)

Ехоба бір ер бауырласқа шындық үшін жоғалтқанын қалай көл-көсір етіп толтырғанын біліңіз.

“Жүретін қызым шындықты қабылдап қалар деп үміттендім” (1:56)

Ажырасқысы я бөлек тұрғысы келетін адам алдымен қандай жайттарды ескеру керек?

“Ақ некені қастерлеңіз” (“Күзет мұнарасы”, желтоқсан, 2018)

a Неке адалдығы бұзылмағанда, бөлек тұруға қатысты білу үшін 4-түсіндірмені қараңыз.

b Кейбір мәдениетте ұл-қызына өмірлік жарды ата-анасы таңдайды. Ондай кезде сүюші ата-ана ақшасына я беделіне емес, болашақ келіні я күйеубаласы Ехобаны жақсы көре ме, жоқ па — соған қарайды.

c Сіз біреумен неке құрмай бірге тұрып жатсаңыз, одан кетесіз бе, әлде некеңізді заңдастырасыз ба — оны өзіңіз шешесіз.