Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

44-САБАҚ

Құдайға барлық мейрамдар ұнай ма?

Құдайға барлық мейрамдар ұнай ма?

Ехоба Құдай өмірдің қызығын көргенімізді, тіпті арасында мейрамдатып тұрғанымызды қалайды. Бірақ оған мереке-мейрамдардың бәрі ұнай ма? Осы мәселеде Ехобаны сүйетінімізді қалай көрсетсек болады?

1. Неге көп мейрамдар Ехобаға ұнамайды?

Көп мейрамдар Киелі кітаптың үйрететіндеріне қайшы келетінін я жалған діннен шыққанын білгенде, таңғалатын шығарсыз. Бұл мейрамдар бақсы-балгерлікпен немесе “жан өлмейді” деген ұғыммен байланысты болуы мүмкін. Ал кейбір мейрамдардың түптамыры ырымдардан және тағдырға сенуден бастау алған (Ишая 65:11). Ехоба өз қызметшілеріне былай деп ескертеді: “Бөлек тұрыңдар, бұдан былай арам нәрсеге жоламаңдар” (Қорынттықтарға 2-хат 6:17) a.

2. Адамдарды ұлықтайтын мейрамдар жайында Ехоба не ойлайды?

Ехоба “пендеге сенім артпауды” ескертеді (Еремия 17:5 оқыңыз). Кейбір мейрамдар билеушілерді я батырларды ұлықтайды. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер күні, тәуелсіздік күні мерекеленіп жатады (Жоханның 1-хаты 5:21). Саяси және қоғамдық ұйымдарды дәріптейтін мейрамдар да бар. Ехобаның ниетіне қайшы келетін идеяларды насихаттайтын адамды я қандай да бір ұйымды дәріптеп жатсақ, Ехоба не сезінеді?

3. Қандай іс-әрекеттер мейрамдарды жарамсыз етуі мүмкін?

Киелі кітапта “маскүнемдікке берілу, ырду-дырду той-думан құрып, сылқия тойғанша жарыса ішу” айыпталады (Петірдің 1-хаты 4:3). Кейбір мейрамдарда адамдар жүгенсіздік пен азғындыққа барып жатады. Ехобаның досы болып қалғымыз келсе, моральдық жағынан аздыратын мұндай істерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек.

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Мереке-мейрамдарға қатысты дұрыс шешім қабылдасақ, Ехобаны қалай қуантатынымызды білейік.

4. Ехобаны қорлайтын мейрамдардан бас тартыңыз

Ефестіктерге 5:10 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Мейрамға қатысты шешім қабылдағанда, не нәрсеге көз жеткізуіміз керек?

  • Сіз тұратын жерде қандай мейрамдар тойланады?

  • Сіздің ойыңызша, сол мейрамдар Ехобаға ұнай ма?

Мысалы, туған күн тойлау жайлы Құдай не ойлайтыны сізді қызықтырған ба? Киелі кітапта Ехобаның қызметшілері туған күн тойлады деп еш жерде айтылмаған, бірақ оған қызмет етпеген екі адамның туған күні жайлы жазылған. Мұсаның 1-жазбасы 40:20—22 және Матай 14:6—10 оқыңыз. Сосын келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Екі туған күн қай жағынан ұқсайды?

  • Осы екі оқиғаны білген соң, Ехобаның туған күндерге көзқарасы қандай деп ойлайсыз?

Сонда да сізде мынадай сұрақ туындауы мүмкін: “Туған күнге не басқа да Киелі кітапқа қайшы мейрамдарға қатысам ба, жоқ па — шынымен Ехоба үшін маңызы бар ма?” Мұсаның 2-жазбасы 32:1—8 оқыңыздар. Сосын БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Ехобаға не ұнайтынына неге көз жеткізу керек?

  • Мұны қалай істей аламыз?

Ехобаға қандай мейрамдар ұнамайды?

  • Ол мейрам Киелі кітаптың ілімдеріне қайшы ма? Оны анықтау үшін шығу тарихын зерттеңіз.

  • Ол мейрам адамды, ұйымды я мемлекеттік рәміздерді дәріптей ме? Біз бәрінен бұрын Ехобаны дәріптейміз және әлемдегі қиындықтарды ол ғана шешеді деп сенеміз.

  • Әдетте сол мейрамда істелінетін нәрселер Құдайдың нормаларына қайшы ма? Біз моральдық жағынан таза болып қалуымыз керек.

5. Нанымдарыңызды сыйлата біліңіз

Ехобаға ұнамайтын мейрамға басқалар сізді қатыстырғысы келіп қоймай қойса, оларға “жоқ” деу қиын болуы мүмкін. Неге тойламайтыныңызды шыдаммен, ізетпен айтып жеткізіңіз. Осының бір үлгісін БЕЙНЕРОЛИКТЕН көріңіздер.

Матай 7:12 оқып, төмендегі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Осы тармаққа сай, сенбейтін туысқандар мейрамды тойлай ма, жоқ па — оны кім шешу керек?

  • Туған-туысқандарыңызбен мейрамдарды тойламасаңыз да, оларды жақсы көретініңізді, бағалайтыныңызды қалай көрсете аласыз?

6. Ехоба бізді қуаныштан айырғысы келмейді

Ехоба отбасымызбен, достарымызбен уақытты көңілді өткізгенімізді қалайды. Уағыздаушы 8:15 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Ехоба қуанғанымызды қалайтыны осы тармақтан қалай көрінеді?

Ехоба өз халқының бірге көңіл көтеріп, мәз-мейрам болғанын қалайды. Бұл халықаралық конгрестерімізден айқын байқалады. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.

Ғалаттықтарға 6:10 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Өзгеге “жақсылық жасау” үшін олармен бірге мейрамдарды тойлауымыз керек пе?

  • Сіз қай кезде көбірек қуанышты боласыз: мейрамда міндетті болғандықтан сый бергенде ме, әлде сыйлықты кез келген уақытта, өзіңіз қалап бергенде ме?

  • Көп Куәгерлер балаларына ерекше мейрамдар ұйымдастырып, тосын сый жасап жатады. Балаларыңыз бар болса, оларды қуанту үшін не істей алар едіңіз?

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Мейрамдардың қайдан шыққаны кімге керек? Ең бастысы — отбасыңмен, достарыңмен бас қосып отыру ғой”.

  • Сіз не деп айтар едіңіз?

ТҮЙІНДЕМЕ

Ехоба туыстарымызбен, достарымызбен көңілді уақыт өткізгенімізді қалайды. Бірақ ол өзіне ұнамайтын мейрамдарға қатысқанымызды жөн көрмейді.

Қайталау

  • Қандай да бір мейрамның Ехобаға ұнайтын-ұнамайтынын қалай біле аласыз?

  • Мейрамдарды тойламайтынымызды туыстарымыз бен достарымызға қалай түсіндірсек болады?

  • Ехоба біздің қуанышты болып, көңіл көтергенімізді қалайтынын қайдан білеміз?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Мәсіхшілер тойламайтын кейбір мейрамдарды қарастырыңыз.

“Неге Ехоба куәгерлері кейбір мейрамдарды тойламайды?” (jw.org сайтындағы мақала, (ор.)

Туған күн тойлау неге Ехобаға ұнамайтынының төрт себебін біліңіз.

“Ехоба куәгерлері неге туған күнді тойламайды?” (jw.org сайтындағы мақала)

Ехобаны сүйетін кішкентай балалар мерекелер тойланып жатқанда оны қуанта алатынын көріңіз.

“Ехоба сені бағалайды” (11:35)

Миллиондаған мәсіхші Рождествоны тойламауды ұйғарған. Олар бұған өкіне ме?

“Тапқаны әлдеқайда бағалы” (“Күзет мұнарасы” (ор.), 1 желтоқсан, 2012)

a Мереке кезінде туындайтын кейбір жағдайларда қалай әрекет ету керектігін білу үшін 5-түсіндірмені қараңыз.