Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-САБАҚ

Айтар сөзіміз Ехобаға жағымды болсын

Айтар сөзіміз Ехобаға жағымды болсын

Ехоба бізді жаратқанда, таңғажайып бір сый берді: бұл — сөйлеу қабілеті. Осы сыйды қалай пайдаланатынымыз Ехоба үшін өте маңызды (Жақып 1:26 оқыңыз). Ендеше, айтар сөзіміз Ехобаға жағымды болу үшін, біз қалай сөйлеуіміз керек? Келіңіз, соны білейік.

1. Ехобаның сыйын қалай дұрыс пайдалансақ болады?

Құдай Сөзі бізді “бір-бірімізді жұбатып, нығайтуға” үндейді (Салоникалықтарға 1-хат 5:11). Бәлкім, сіздің ойыңызға жұбаныш пен жігерге мұқтаж біреу түскен шығар. Оның көңілін жадырату үшін не айтсаңыз болады? Ол адам сіз үшін бағалы екенін айтыңыз. Мүмкін, оның қандай мінезі ұнайтынын айтып өтерсіз. Ал тағы біреуді тармақпен нығайтуға болатын шығар. Керемет тармақтар көп, соның біреуін таңдасаңыз болады. Бір ескеретін нәрсе — сөздің құдіреті қандай болса, оны қалай жеткізетініміздің де құдіреті сондай. Сондықтан мейіріммен, жылы-жұмсақ сөйлеуге тырысыңыз (Нақыл сөздер 15:1).

2. Аузымыздан қандай сөз шықпау керек?

Киелі кітап “аузымыздан шіріген сөз шықпау” керектігін ескертеді (Ефестіктерге 4:29 оқыңыз). “Шіріген сөзге” не жатады? Бұған балағат, бейәдеп сөздер немесе біреудің жанын жаралайтын дөрекі, ауыр сөздер жатады. Әрине, біз бұлай сөйлеуден аулақпыз. Сондай-ақ біз өсек айтып, ғайбаттаудан, біреуге жала жабудан да аулақ болуымыз керек (Нақыл сөздер 16:28 оқыңыз).

3. Сөзіміз көңілді өсірсін десек, не істеуіміз керек?

Айтатын сөзімізге қарап, жүрегіміз бен ойымызда не бар екенін аңғаруға болады (Лұқа 6:45). Сондықтан жүрек пен ой-сананы жақсы нәрселерге толтырғанымыз абзал. Бұл үшін әділ де таза, сүйіспеншілік оятатын әрі мақтауға тұратын нәрселер жөнінде ойлануымыз керек (Філіпіліктерге 4:8). Әлбетте, бұған қандай көңіл көтеру түрін, қандай достарды таңдайтынымыз ықпал етпей қоймайды (Нақыл сөздер 13:20). Ойланып барып сөйлеуді де әдетке айналдырғанымыз жақсы. Сөзіміздің жағымды да, жағымсыз да әсері бар екенін ұмытпайық. Киелі кітапта: “Ойланбай сөйлеген семсердей жаралайды, ал дананың тілі сауықтырады”,— делінген (Нақыл сөздер 12:18).

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Сөзіміз Ехобаға жағымды болу үшін және басқалардың көңілін марқайту үшін не істеуге болатынын көрейік.

4. Тілімізге ие болу

Айтуын айтып алып, кейін бармақ тістеп қалатын кездеріміз болып жатады (Жақып 3:2). Ғалаттықтарға 5:22, 23 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Сөзіңізге ие болу үшін осы қасиеттердің қайсысын дұғада сұрар едіңіз? Бұл қасиеттер сізге қалай көмектесуі мүмкін?

Қорынттықтарға 1-хат 15:33 оқып, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Достарыңыз бен таңдаған ойын-сауығыңыз сөйлеген сөзіңізге қалай ықпал етуі мүмкін?

Уағыздаушы 3:1, 7 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Қай кезде үндемей қоя салған дұрыс, ал қай кезде сөйлейтін уақытты күткен дұрыс?

5. Басқалар жайлы жақсы сөйлеу

Қалай біз біреудің көңіліне тиюден я жамандаудан аулақ бола аламыз? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, төмендегі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Бейнероликтегі ер бауырлас қай жағынан өзгеруді шешті және неге?

  • Ол өзгеру үшін не істеді?

Уағыздаушы 7:16 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Біреу туралы жаман нәрсе айтқымыз келіп тұрса, нені есте ұстауымыз керек?

Уағыздаушы 7:21, 22 оқып, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Осы тармақтар сізді біреу жамандағанда, қатты көңілге алмауға қалай көмектеседі?

6. Туғандарыңызбен мейіріммен сөйлесіңіз

Отбасыңызбен сөйлескенде, Ехоба сөзіңізден мейірім мен сүйіспеншіліктің есіп тұрғанын қалайды. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Отбасыңызбен жылы-жұмсақ сөйлесуге не көмектеседі?

Ефестіктерге 4:31, 32 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Қандай сөздер отбасындағылардың мейірін қандырып, мерейін өсіреді?

Ехоба өз Ұлы Исаға мейір-махаббатын ашық білдірген. Матай 17:5 оқып, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Отбасыңызбен қалай сөйлесу керектігіне қатысты Ехобадан не үйрене аласыз?

Өзгелерді мақтаудың жолын іздеңіз

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Мен ойымда не бар, соны айтамын. Жұртқа ұнай ма, ұнамай ма, онда шаруам жоқ”.

  • Сіз осымен келісесіз бе? Неге?

ТҮЙІНДЕМЕ

Сөздің құдіреті күшті. Сондықтан не айтатынымызды, қашан айтатынымызды және қалай айтатынымызды алдын ала ойлап алуымыз керек.

Қайталау

  • Сөзіміз біреулерге дем беру үшін не істесек болады?

  • Қандай сөздерден аулақ болғымыз келеді?

  • Әрдайым мейіріммен, жылы- жұмсақ сөйлеуге не көмектеседі?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Жылы да жағымды сөйлеуге бізге не көмектеседі?

“Тіліңді даналықпен қолдан” (8:04)

Жаман сөздер айтпауға не көмектесетінін біліңіз.

“Балағаттауға болмай ма?” (jw.org сайтындағы мақала)

Өсекке жақын болмау үшін не істеу керек?

“Өсектен қашық бол” (2:36)

Ехоба бір кісіге балағат сөздерін қоюға қалай көмектескенін оқып көріңіз.

“Өмірлік жолым жайлы шындап ойлана бастадым” (“Күзет мұнарасы”, 1 тамыз, 2013)