Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

59-САБАҚ

Сіз қуғын-сүргінге шыдай аласыз

Сіз қуғын-сүргінге шыдай аласыз

Ерте ме, кеш пе — мәсіхшілердің бәрі қарсылық көреді, тіпті қуғын-сүргінге ұшырайды. Бірақ бұдан біз қорқуымыз керек пе?

1. Неге қуғын-сүргін бізді айналып өтпеуі мүмкін?

Киелі кітапта: “Мәсіх Исаның шәкірті ретінде Құдайға шын беріліп өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалады”,— деп анық жазылған (Тімөтеге 2-хат 3:12). Иса Шайтан басқарған дүниенің бір бөлігі болмағандықтан қуғындалған. Біз де осы дүниелік емеспіз, сондықтан осы әлемнің үкіметтері және діни ұйымдар қудалап жатса, еш таңғалмаймыз (Жохан 15:18, 19).

2. Біз қуғын-сүргінге қалай дайындалсақ болады?

Біз қазірден бастап Ехобаға деген сенімімізді қатайтуымыз керек. Қалай? Күнде уақыт тауып, Ехобамен дұғада сөйлесіңіз, оның Сөзін оқыңыз, апта сайын қауым кездесулерін жібермеңіз. Осылардың бәрі сізге қуғындалған кезде тайсалмай қарсы тұруға күш береді. Қуғындап жатқан үй ішіндегілеріңіз болса да, сіз қорықпай төтеп бере аласыз. Қудалаудың не екенін жақсы білген елші Пауыл былай деп жазған еді: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын” (Еврейлерге 13:6).

Батылдығымызды қамшылайтын тағы бір көмек — уағызға үнемі қатысып тұру. Уағыздаған кезде біз Ехобаға арқа сүйеуді және адамдардан қорықпауды үйренеміз (Нақыл сөздер 29:25). Қазір батылдықпен уағыздауға машықтансақ, үкімет ісімізге шектеу қойса немесе тыйым салса да, біз қаймықпай уағыздай береміз (Салоникалықтарға 1-хат 2:2).

3. Қуғын-сүргінге шыдасақ, оның қандай пайдасын көреміз?

Қуғын-сүргін кімге ұнайды дейсіз?! Бірақ осы ауыртпалықты қайыспай көтере білсек, сеніміміз бекем болады. Біз Ехобаға одан сайын жақындаймыз, өйткені “болды, әрі қарай шыдай алмаймын” деген кезде, Ехобаның көмегін сезінеміз (Жақып 1:2—4 оқыңыз). Әрине, қатты қиналып жатқанымызды көргенде, Ехобаның жүрегі ауырады. Бірақ соған дес бермей, шыдап жатқанымызды көргенде, жүрегі шаттанады. Киелі кітапта: “Жақсылық жасағандарың үшін азап шегіп, соған төзіп жүрсеңдер, бұл Құдайға ұнамды”,— делінген (Петірдің 1-хаты 2:20). Қиындыққа адалдықпен төзгендердің бәріне Ехобаның дайындап отырған жүлдесі бар. Ол — жаңа дүниедегі мәңгілік өмір. Онда таза ғибадатқа қарсы шығатындар атымен болмайды (Матай 24:13).

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Қуғындалғанда да Ехобаға адал болып қалу мүмкін екенін және Ехоба сол үшін қалай жарылқайтынын білейік.

4. Отбасының қарсылығына төзе аласыз

Иса үй ішіндегілеріміздің кейбірі Ехобаға қызмет ететінімізге қарсы болуы әбден мүмкін екенін айтқан. Матай 10:34—36 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Біреу Ехобаға қызмет етемін деп шешсе, бұған жақын туыстары қалай қарауы мүмкін?

Соның бір мысалын БЕЙНЕРОЛИКТЕН көріңіздер, сосын төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Бір туысыңыз я досыңыз Ехобаға қызмет етуден сізді айнытқысы келсе, не істейсіз?

Зәбүр 27:10 және Марқа 10:29, 30 оқыңыздар. Әр тармақты оқып болған соң, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Үй ішіндегілеріңіз я достарыңыз Ехобаға қызмет етуіңізге қарсы болып жатса, бұл уәде сізге қалай күш береді?

5. Қуғын-сүргінге қарамай қызмет ете беріңіз

Біреу қарсылық көрсеткенде, Ехобаға қызмет ету үшін таудай батылдық керек. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, келесі сұрақты талқылаңыздар:

  • Осы оқиғалар сізді қалай нығайтты?

Елшілердің істері 5:27—29 және Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыздар. Әр тармақты оқып болған соң, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Үкімет уағыздауға я қауымда жиналуымызға рұқсат етпесе де, неге әрі қарай да Ехобаға ғибадат ете бергеніміз аса маңызды?

6. Ехоба сізге жар болады

Ехоба куәгерлерінің жасы да, қарты да қуғындалған кезде қызметтерін еш тоқтатпаған. Ехобаға адалдықпен қызмет ете беруге оларға не көмек болғанын білу үшін, БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер. Сосын төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Қуғын-сүргінге шыдауға осы бауырластарға не көмектесті?

Римдіктерге 8:35, 37—39 және Філіпіліктерге 4:13 оқыңыздар. Әр тармақты оқып болған соң, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Бұл тармақ кез келген қиындықты жеңіп шығатыныңызға қалай көзіңізді жеткізеді?

Матай 5:10—12 оқып, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Қуғын-сүргінге қарамай неге сіз бақытты бола аласыз?

Ехобаның миллиондаған қызметшілері қуғын-сүргінге тайсалмай төтеп берген. Сіз де төтеп бере аласыз!

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Қуғын-сүргінге шыдай алмайтын сияқтымын”.

  • Оларға сенімділік беру үшін қандай тармақтарды оқып беруге болады?

ТҮЙІНДЕМЕ

Қуғынға қарамай қызмет етіп жатқанымызды көргенде, Ехоба қатты қуанады. Оның көмегімен біз бәріне төзе аламыз!

Қайталау

  • Неге қуғын-сүргін мәсіхшілерді айналып өтпейді?

  • Алда болатын қуғын-сүргінге қазірден бастап қалай дайындалсаңыз болады?

  • Кез келген қиындыққа қарамай, Ехобаға қызмет ете алатыныңызға не нәрсе сенімділік береді?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Әскерге бармағаны үшін түрмеге қамалған жас ер бауырласқа Ехоба қалай жар болғанын көріңіз.

“Қуғын-сүргінге қайыспау” (2:34)

Бір ерлі-зайыпты жылдар бойы қудаланса да, Ехобаға адал қызмет етулеріне не көмектескенін көріңіз.

“Ехобаға қиын шақта қызмет ету” (7:11)

Қуғындалғанда қорықпау үшін не істеуге болатынын оқып көріңіз.

“Қуғын-сүргінге қазірден дайын болыңыз” (“Күзет мұнарасы”, шілде, 2019)

Отбасымыздың тарапынан болатын қарсылықтарды қалай қабылдау керектігін және сондай кезде қалай дұрыс әрекет ету керектігін оқып біліңіз.

“Шындық “татулық емес, семсер” әкеледі” (“Күзет мұнарасы”, қазан, 2017)