Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Қадірменді бауырластар!

Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілік бізді “барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды. . . шомылдыру рәсімінен өткізуге” қозғау салады (Мат. 28:19, 20; Мар. 12:28—31). Риясыз сүйіспеншіліктің күші зор. Ол мәңгі өмірге ыңғай танытқан жандардың жүрегін қозғауы мүмкін (Ел. іс. 13:48).

Бұрынырақта біз ұсыныс үлгілерін жаттап, әдебиеттерді қалдырып кетуге көбірек назар аударатынбыз. Ал қазір адамдармен әңгіме бастауға, сөйлесуге көбірек күш салып жатырмыз. Біз адамдармен оларды қызықтыратын тақырыптарға сөйлесіп, осылайша сүйіспеншілік танытқымыз келеді. Бұл дегеніміз бейімделгіш болуды және әр адамның уайымына, қызығатын жайттарына мұқият болуды білдіреді. Осы орайда, бұл кітапшаның тиер көмегі қандай?

Бұл кітапшада 12 сабақ бар. Әр сабақта адамдарды жақсы көруге және шәкірт дайындауға көмектесетін қасиеттер талқыланады әрі олар Киелі кітаптағы бір оқиғаға негізделген. Мысалы, Исаның немесе I ғасырдағы бір мәсіхшінің қызметте қандай да бір қасиетті қалай танытқаны қарастыралады. Мақсатымыз — ұсыныс үлгілерін жаттап алу емес, адамдарға сүйіспеншілік танытудың жолдарын табу. Әрине, қасиеттердің барлығы қызметіміздің барлық саласында қажет. Бірақ әңгіме бастағанда, адамға қайта барғанда және Киелі кітап зерттеу сабағын өткізгенде біз әсіресе қандай қасиеттерді танытуымыз керектігін осы кітапшада қарастырамыз.

Әрбір сабақты қарастырғанда, сол сабақтағы қасиетті жергілікті адамдармен сөйлескенде қалай таныта аламын деп ойланыңыз. Ехобаға және адамдарға деген сүйіспеншілігіңіз терең тамыр жая берсін. Мұндай сүйіспеншілік кез келген тәсілден анағұрлым артық және ол сізге шәкірт дайындаймын деген мақсатыңызға жетуге көмектеседі.

Сіздермен иық тіресе қызмет ету — біз үшін зор құрмет (Соф. 3:9). Адамдарды жақсы көріп, шәкірт дайындап жүрген сіздерге Ехоба молынан батасын жаудырсын!

Бауырластарыңыз,

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі