Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Исаның кереметтері не туралы айтады?

Исаның кереметтері не туралы айтады?

Исаның кереметтері не туралы айтады?

БӘЛКІМ, Киелі кітаптың түпнұсқасындағы Исаның жердегі өмірі туралы мәліметте бірде-бір рет “керемет” сөзінің қолданылмағанын білсеңіз таңғалатын шығарсыз. Кейде “керемет” деп аударылып жүрген грек тілінің диʹнамис сөзінің сөзбе-сөз мағынасы “құдірет”, яғни күш, дегенді білдіреді (Лұқа 8:46). Сондай-ақ бұл “құдіретті істер”, яки керемет істер, “қабілет” деп те аударылады (Матай 14:2; 25:15). Бір ғалымның мәлімдемесіне сәйкес, бұл грек сөзі “орындалған құдіретті іске, әсіресе оны іске асырған күшке ерекше көңіл аударады. Оқиға Құдайдың әрекет етуші күшіне нұсқап тұр”.

“Ғажап іс” не “керемет” деген мағынаны білдіретін гректің теʹрас деген басқа бір сөзі сырттан бақылаған адамдардың зор әсер алатынына ерекше көңіл аударады. Жиналған топ пен шәкірттері әдетте Исаның жасаған кереметтеріне аңтарылып, қайран қалатын болған (Марқа 2:12; 4:41; 6:51; Лұқа 9:43).

Исаның кереметтеріне қатысы бар симиʹон деген гректің бір сөзі “белгі” деген мағынаны да білдіреді. Бұл сөз: “Ең алдымен, кереметті білдіреді, атап айтқанда, оның астарындағы мағынасына баса назар аударады”,— дейді ғалым Роберт Деффинбауг. Сондай-ақ ол: “Белгі — Иеміз Иса жайлы қандайда бір шындықты ашатын керемет”,— деп қосты.

Көз байлау ма, әлде Құдайдың берген күші ме?

Киелі кітап Исаның жасаған кереметтерін адамдардың көңілін көтеру үшін жасалған сиқырлық, я болмаса көз байлау ретінде суреттемейді. Оның жасаған кереметтері ‘Құдайдың ұлы құдіретін’ көрсеткен, мұны Иса жын соққан баланы сауықтырған кездегі оқиғасынан көруге болады (Лұқа 9:37—43). Осындай кереметтер “құдіреті сонша зор” деп суреттелетін құдіреті күшті Құдайдың қолынан келмейді деуге бола ма? (Ишая 40:26). Әрине, қолынан келеді!

Інжілде Исаның шамамен 35 керемет жасағаны жайлы айтылады. Бірақ оның жасаған кереметтерінің толық саны онда келтірілмеген. Мысалы, Матай 14:14-те: “Иса... жиналған үлкен тобырды көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамды сауықтырды”,— делінген. Тап осы оқиғадан оның қаншама адамдарды сауықтырғанын білмейміз.

Исаның осындай кереметтері Құдайдың Ұлы, уәде етілген Мәсіх, деп айтқан өз сөздерін дәлелдеді. Жазбалар Исаның Құдай берген күштің арқасында кереметтер жасай алғандығын анық көрсетеді. Елші Петір Иса туралы: ‘Құдай Исаға сендердің алдарыңда құдіретпен кереметтер жасатқан еді. Ол солар арқылы Өзінің Исаны жібергендігіне куәлік берді; Құдай бұларды Иса арқылы араларыңда істеді, соны өздерің білесіңдер’,— деп айтқан болатын (Елшілердің істері 2:22). Басқа бір жағдайда Петір мынаны атап өтті: “Құдай Киелі Рухы мен құдіретін... Исаға дарытты. Ол игі істер жасап, шайтан буғандарды айықтырып, ел аралап жүрді, өйткені Құдай Оған жар болды” (Елшілердің істері 10:37, 38).

Исаның жасаған кереметтері оның тәлімінің ажырамас бөлігі болған. Марқа 1:21—27-де Исаның тәлімі мен жасаған кереметтерінің бірі жиналған топқа қалай әсер еткендігі көрсетілген. Марқа 1:22-де жиналған топтың оның ‘тәліміне таңданып, қатты қайран қалғаны’, ал 27-тармақта ол жынды шығарғанда, жұрттың ‘таңғалысқаны’ айтылған. Исаның жасаған кереметтері де, тәлімі де уәде етілген Мәсіх екендігінің дәлелі болған.

Иса өзінің Мәсіх екендігін айтып қана қоймаған. Оның сөздері мен істері, сондай-ақ Құдайдың берген күшінің арқасында жасаған кереметтері де Мәсіх екендігін дәлелдей түскен. Исаның міндеті мен билігі жайлы сұрақ туған кезде: “Менің Жақия берген куәліктен де үлкенірек куәлігім бар: Әкем Маған орында деп тапсырған, Менің істеп жүрген игі істерім Мені Соның жібергендігіне айғақ” — деп батыл жауап берді (Жохан 5:36).

Исаның шынымен кереметтер жасағандығының дәлелдері

Неліктен Исаның кереметтерінің шынымен болғандығына сенуімізге болады? Шынымен болған бірнеше жайтты қарастырайық.

Иса құдіретті істерін жасағанда, жұрттың назарын ешқашан өзіне аудармаған. Ол әрбір кереметін Құдайды мадақтап, даңқын шығаратындай етіп жасаған. Мысалы, соқыр адамды сауықтырар кезде, Иса осы кереметті ‘Құдайдың құдіретті ісі көріну’ үшін жасайтынына ерекше көңіл бөлді (Жохан 9:1—3; 11:1—4).

Көз байлаушылар, сиқыршылар мен сенімді арқау етіп емдейтіндерден айырмашылығы Иса ешқашан да гипнозға не көз байлау мен дуаға жүгінбеген, ол ойын-сауық та құрмаған, сезімге әсер ететін жоралар да жасамаған. Ол қызметінде ырымға берілмеген немесе қасиетті саналатын заттарды қолданбаған. Адамдардың назарын өзіне аудармастан қарапайымдылықпен екі зағипты сауықтырғанын есімізге алайықшы. “Иса жаны ашып,— деп айтылады ізгі хабарда,— көздеріне қолын тигізді. Сол шақта-ақ көздері ашылып, көретін болды! Содан олар Исаға еріп жүрді” (Матай 20:29—34). Бұл жерде ол ешқандай жора да, рәсім де қолданбаған, ойын-сауық та құрмаған. Иса керемет істерін ашықтан-ашық, көп жағдайда көптеген куә адамдардың көз алдында жүзеге асырған. Ол арнайы жарық, сахна не сахналау мүліктерін қолданған жоқ. Бұған қарама-қарсы бүгінгі таңдағы керемет деп аталып жүрген істерді, көп жағдайда жазбаша айғақтармен дәлелдей алмайсың (Марқа 5:24—29; Лұқа 7:11—15).

Кейде Иса өзі керемет жасаған адамдарының сенімдері бар екендігін мойындаған. Бірақ адамның сенімінің жоқ болғандығы Исаның керемет жасауына кедергі болмаған. Иса Ғалилея өлкесіндегі Қапарнауым қаласында болған кезінде, “жұрт жын соққан талайларды Исаға алып келді. Ол айтқан бұйрығымен жындарды қуып шығып, барлық науқастарды сауықтырып жіберді” (Матай 8:16).

Исаның кереметтері қызыққа әуес адамдардың құмарлығын емес, адамдардың нақты тәндік қажеттіліктерін қанағаттандырған (Марқа 10:46—52; Лұқа 23:8). Сонымен қатар Иса кереметтерін ешқашан да жеке басының пайдасы үшін жасамаған (Матай 4:2—4; 10:8).

Інжілдегі мәлімдеме жайлы не деуге болады?

Исаның кереметтерінің шынымен болғандығы жайлы айғақтар төрт Ізгі хабарда жазылып қалдырылған. Исаның жасаған кереметтерінің шынымен болғандығы жайлы сұрақтарды қарастырғанда, осы айғақтарға сүйенуге бола ма? Әрине, болады.

Жоғарыда айтылып кеткендей, Иса кереметтерін жұрттың, яғни көпшіліктің, көз алдында жасаған. Алғашқы Ізгі хабарлар сол куә болғандардың көпшілігінің көзі тірісінде жазылған. Ізгі хабарды жазғандардың адалдығына қатысты бір кітапта былай делінген: “Ізгі хабардың жазушыларын діни насихатты көздеп, тарихи шындықты кереметтер жайлы бос әңгімелердің астында қалдырған деп айыптау барып тұрған әділетсіздік болар еді... Олар болған жайтты жеткізуде адал болуға тырысқан” (The Miracles and the Resurrection).

Мәсіхшілікке қарсылық білдіруші яһудилер Ізгі хабарларда сипатталған құдіретті істерге ешқашан күмәнданбаған. Олар тек кереметтердің кімнің күшімен жасалғандығына күмән келтірген (Марқа 3:22—26). Одан кейінірек уақыттағы сыншылар да Исаның кереметтерін жоққа шығара алмаған. Қайта, Исаның жасаған кереметтері жайлы мәліметтерді б. з. бірінші және екінші ғасырына жататын мәтіндерден таба аламыз. Расында да, біз қарастырып өткендей, Інжілдің мәлімдемелеріндегі Исаның жасаған кереметтері шынымен болған деп санауға барлық негіз бар.

Кереметтер жасаушы Адам

Исаның кереметтерінің шынымен болғандығын тек қисынды айғақтармен ғана қарастырғанымыз жеткіліксіз болар еді. Исаның құдіретті істері туралы жазылған Ізгі хабарларда ол өзгелердің сезімін терең түсінетін, сондай-ақ аса жанашыр, айналасындағылардың игілігі едәуір қызықтыратын адам ретінде суреттеледі.

Исаның қасына келіп: “Егер қаласаңыз, мені құлан-таза сауықтыра аласыз” — деп жалбарына өтінген алапеспен ауыратын адаммен болған жайтты қарастырып көрейікші. “Оған жаны ашыған Иса қолын созып, денесіне қолын тигізеді де: — Қалаймын, құлан-таза сауығып кет! — деді”. Ол адам сол сәтте айығып шыға келді (Марқа 1:40—42). Осылайша Иса Құдайдың берген күші арқылы керемет жасауға талпындыратын жанашырлық танытқан.

Иса Наин қаласынан шыққан жерлеу шеруіне кезіккенде не болған еді? Бұл өлген жас жігіт жесір әйелдің жалғыз ғана баласы болатын. “Иса әйелді көргенде оған жаны ашып”, жақындап келді де: “Жыламаңыз!” — деді. Содан соң әйелдің баласын өмірге қайта тірілтті (Лұқа 7:11—15).

Иса кереметтерін жаны ашығандықтан және адамдарға көмек беру үшін жасағанын білгеніміз бізге жұбаныш береді. Бірақ бұл кереметтер жай ғана тарих емес. Еврейлерге 13:8-де (сілтемесін қараңыз) былай делінген: “Иса Мәсіх өткенде, қазір және болашақта мәңгілік өзгеріссіз қала береді”. Күні бүгін ол көкте билік етіп отырған Патша ретінде жерде адам болған кезінде жасағандарынан әлдеқайда көп кереметтер жасауға дайын, әрі жасай алады да. Таяуда Иса сол күшті барлық мойынсұнғыш адамзатты айықтыру үшін қолданады. Ехоба Куәгерлері осы жарқын болашақ жайлы көбірек білуіңізге қуана-қуана көмектеседі.

[5-беттегі суреттер]

Исаның жасаған кереметтері ‘Құдайдың ұлы құдіретін’ көрсеткен

[7-беттегі сурет]

Исаға терең жанашырлық сезімі тән болған