Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның жарлығы сәтсіздікке ұшырамайды

Ехобаның жарлығы сәтсіздікке ұшырамайды

Ехобаның жарлығы сәтсіздікке ұшырамайды

“Жар салайын Жаратқанның жарлығын: — Рухани ұлымсың... Менен сұра, иелігіңе сенің халықтарды мәңгілікке беремін” (ЗАБУР 2:7, 8).

1. Құдай мен халықтардың еркінің қандай айырмашылығы бар?

 ЕХОБА Құдайдың адамзатқа және жерге қатысты еркі бар. Халықтардың да өз ниеттері бар. Бірақ олардың ниеттерінің бір-бірінен өзгешелігін айтсаңшы! Біз бұған таңғалмауымыз керек, себебі Құдай: “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, менің ойым да пікірлеріңнен тым биік”,— деп айтады ғой. Құдайдың еркі міндетті түрде жүзеге асады, себебі ол әрі қарай: “Аспаннан жауған жаңбыр мен қар аспанға бекер қайта оралмайды. Керісінше, олар жерді суарып, көгертіп, дақылдарды өсіріп шығарады да, диқанға себуге тұқым, халыққа жеуге нан береді. Менің аузымнан шыққан сөзім де соған ұқсайды: ол Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады”,— дейді (Ишая 55:9—11).

2, 3. Забурдың екінші жырынан нені айқын көруге болады, бірақ қандай сұрақтар туындайды?

2 Құдайдың өзі тағайындаған Патшасына қатысты еркінің орындалатыны Забурдың екінші жырынан анық көрінеді. Оның құрастырушысы ежелгі Исраил патшасы Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен халықтар бас көтеретін елеулі уақыт туралы алдын ала айтып кеткен. Олардың басшылары Ехоба мен оның қойған Патшасына қарсы шығатын болады. Бірақ забур жыршысы сонымен қатар: “Жар салайын Жаратқанның жарлығын: — Рухани ұлымсың,— деді Ол маған,— ...Менен сұра, иелігіңе сенің халықтарды мәңгілікке беремін. Шартарапты қол астыңа өткіземін”,— деп жырлайды (Забур 2:7, 8).

3 ‘Жаратқанның жарлығы’ халықтар үшін нені білдіреді? Бұл жалпы адамзатқа қалай әсер етеді? Бұның бәрі Забурдің екінші жырын оқитын Құдайдан қорқатын барлық адамдар үшін нені білдіреді?

Халықтардың бас көтеруі

4. Забур 2:1, 2-де жазылған басты ойды қалай жеткізер едіңдер?

4 Халықтар мен олардың басшыларының әрекеттері жайлы айта келе, забур жыршысы жырын келесі сөздермен бастайды: “Неге халықтар жатыр бас көтеріп, ұлттар іске аспайтын жоспар құрып? Тәңір мен Оның қойған патшасына әлемнің патшалары қарсы тұрып, әкімдер кеңесіп жатыр” (Забур 2:1, 2) a.

5, 6. Ұлттар қандай “іске аспайтын жоспар құрып” жатыр?

5 Бүгінде ұлттар қандай “іске аспайтын жоспар құрып” жатыр? Құдайдың қойған Патшасын, немесе Мәсіхті, қабылдаудың орнына халықтар өз беделдерін сақтап қалудың ‘жоспарын құрып’ жатыр. Забурдың екінші жырында жазылған осы сөздер біздің заманымыздың бірінші ғасырында Яһуди және Рим басшылары Құдай тағайындаған Патша Иса Мәсіхті өлтіру үшін бас қосқан кезде де орындалды. Бірақ 1914 жылы Иса аспан Патшалығының тағына отырғанда, бұл пайғамбарлық кең көлемде орындала бастады. Содан бері жердегі саяси ұйымның біреуі де Құдай таққа отырғызған Патшаны мойындаған емес.

6 Забур жыршысының: ‘Неге ұлттар іске аспайтын жоспар құрып жатыр?’— деген сұрағы нені білдіреді? Бұл олардың ниеттерінің іске аспайтын, сөзсіз сәтсіздікке ұшырайтын бос әурешілік екенін білдіреді. Олар жер бетіне бейбітшілік пен ауызбіршілік орната алмайды. Керісінше, өз әрекеттерімен Құдайдың билігіне қарсы шығады. Олар бас қосып, қарсыласуда және бірігіп Ең жоғарғы мен оның қойған Патшасына қарсы бас көтеруде. Неткен ақымақтық!

Ехоба тағайындаған жеңімпаз Патша

7. Исаның алғашқы ізбасарлары дұға айтқанда Забур 2:1, 2-ні кімге қатысты қолданған?

7 Исаның ізбасарлары Забур 2:1, 2-дегі сөздерді Исаға қатыстырған. Сенімдері үшін қуғынға ұшырағанда, олар: “Уа, Әлемнің Әміршісі, көк пен жерді, теңізді және олардағы нәрселердің бәрін жаратқан Сенсің! Өзіңнің қызметшің, арғы атамыз Дәуіттің аузымен Киелі Рух арқылы былай дедің: — Неге халықтар ашуланып тұрып, ұлттар іске аспайтын жоспар тұр құрып? Тәңір Иеге, Оның тағайындағанына Ғаламның патшалары қарсы көтеріліп, әкімдер де кеңесіп жатыр бірігіп. — Рас, осы қалада Ирод [Антипас] пен Понти Пилат Өзіңе бағынбайтын ұлттармен және Исраилдің руларымен бірігіп, Өзің Патша етіп тағайындаған қасиетті Қызметшің Исаға қарсы одақтасты”,— деп дұға еткен (Елшілердің істері 4:24—27; Лұқа 23:1—12) b. Иә, бірінші ғасырда Құдайдың майланған қызметшісі Исаға қастандық жасау ойластырылған болатын. Алайда бұл Забур жыры ғасырлар өте тағы да орындалу керек еді.

8. Забур 2:3-ті бүгінгі халықтарға қатысты қалай қолдануға болады?

8 Ежелгі Исраилді Дәуіт сияқты патшалар басқарып тұрғанда, Құдайға сенбейтін халықтар мен олардың басшылары бас қосып, Құдай мен оның майланған патшасына қарсы көтерілетін. Ал біздің күндеріміз жайлы не деуге болады? Бүгінгі халықтар Ехоба мен Мәсіхтің талаптарына бағынғылары келмейді. Сондықтан олар: “Бізге салған шынжырларын сындырып, бұғауларынан құтылайық лақтырып!” — деп айтып жатқандай суреттеледі (Забур 2:3). Басшылар мен халықтар Құдай мен оның қойған Патшасы салған кез келген шектеулерге қарсыласады. Әрине, мұндай ‘шынжырларды’ сындырғысы келген және ‘бұғаулардан’ құтылуға тырысқан кез келген әрекет сәтсіздікпен аяқталады.

Ехоба оларды келекелейді

9, 10. Неге Ехоба халықтарды келекелейді?

9 Басшылар өз биліктерін орнатуға қанша тырысқанымен, Ехобаға бұл еш әсер етпейді. Екінші Забур жырында әрі қарай былай делінген: “Көкте тағында отырған Тәңір күледі, ойларын Жаратқан жай келекелейді” (Забур 2:4). Құдай осы дүниенің басшыларын бар екен деп елемейді де, өз ниетін іске асыра береді. Ол олардың өрескелдіктеріне күліп, келекелейді. Олар жоспарлаған істерін айтып мақтана берсін. Олар Ехобаның күлкісіне айналады. Ол олардың қарсыласып бос тыраштанғандарын келеке етеді.

10 Өзінің тағы бір жырында Дәуіт жауларына қатысты: “Сен, Тәңір, құдіреттің Құдайысың, Исраилдің Құдайы, барлық халықтарға назарыңды аудар, заңды білмейтін әділетсіздердің бірін де аяма: олар кешке қайта келіп, төбет іспетті ұлып, қаланы айнала торуылдап жүреді; міне, олардың ауыздарынан балағат сөздер ағады; ауыздарында семсер, олар: “Кім тыңдап тұр дейсің?!” — деп ойлайды. Бірақ сен, Тәңір, оларды күлкі қыласың; сен барлық халықтардың масқарасын шығарасың”,— деп жырлаған (Забур 58:6—9). Ехоба олардың мақтаншылықтарын және Құдайға қарсы шығамыз деп өз ақымақтықтарына шырмалғандарын күлкі етеді.

11. Халықтар Құдайдың еркіне қарсыласуға тырысқанда не болады?

11 Забурдың екінші жыры Құдай кез келген қиындықты шеше алатынына деген сенімімізді нығайтады. Біз оның еркін әрқашан іске асыратынын және өзінің адал қызметшілерін ешқашан тастамайтынына сенімді болуымызға болады (Забур 93:14). Ал халықтар Ехобаның еркіне қарсыласуға тырысқанда не болады? Осы жырға сәйкес Құдай оларға күн күркірегендей қорқынышты дауыспен “ашулана зекіп, тіл қатады”. Оның үстіне, төбелерінен жай түсіргендей “қаһар шашып, зәрелерін ұшырады” (Забур 2:5).

Құдай өз Патшасын тағайындады

12. Забур 2:6-да қандай таққа отыру жайлы сөз қозғалады?

12 Ехобаның забур жыршысы арқылы айтқан келесі сөздері халықтарды міндетті түрде қарбаласқа түсіреді. Ол: “Өзім Киелі тауым Сионда тағайындағанмын осы патшамды!” — деп жариялайды (Забур 2:6). Сион тауы деп Дәуіт патша ретінде тағайындалған Иерусалимдегі төбені айтқан, бірақ Құдайдың тағайындаған Патшасы Мәсіх таққа сол қалада немесе жердің басқа бір аймағында отырмайды. Шын мәнінде, Ехоба көктегі Сион төбесінде Иса Мәсіхті өзі таңдаған Патша ретінде тағайындап қойған (Аян 14:1).

13. Ехоба өзінің Ұлымен қандай келісім жасаған?

13 Енді Мәсіх Патша сөйлеп отыр: “Жар салайын [өзінің Ұлымен Патшалық келісімін жасаған] Жаратқанның жарлығын: — Рухани ұлымсың,— деді Ол [Ехоба Құдай] маған. — Өзіңді (патшалыққа тағайындап) мен бүгінгі күн әке болдым саған” (Забур 2:7). Елшілеріне: “Қиындыққа ұшыраған кездерімде Менімен бірге болған сендерсіңдер. Сондықтан Әкемнің Мені Патша болуға тағайындағаны [“менімен келісім бекіткені”, ЖД] сияқты, Мен де сендерді билік жүргізуге тағайындаймын [“сендермен Патшалық келісімін бекітемін”, ЖД]”,— деген кезде, Мәсіх осы Патшалық келісімі жайлы айтқан (Лұқа 22:28, 29).

14. Неге Исаны заңды түрде Патша деп атауға болады?

14 Забур 2:7-де алдын ала айтылғандай, Ехоба Исаны шомылдыру рәсімінен өткенде, өзінің Ұлы екенін мойындаған және қайта тірілту арқылы мұнысын іс жүзінде көрсетті (Марқа 1:9—11; Римдіктерге 1:4; Еврейлерге 1:5; 5:5). Иә, аспан Патшалығының Патшасы — Құдайдың жалғыз ұлы (Жохан 3:16). Дәуіт патшаның әулетінен болғандықтан, Иса заңды түрде Патша деп аталады (2 Патшалықтар 7:4—17; Матай 1:6, 16). Осы жырда айтылғандай, Құдай өз Ұлына: “Менен сұра, иелігіңе сенің халықтарды мәңгілікке беремін. Шартарапты қол астыңа өткіземін”,— дейді (Забур 2:8).

15. Неге Иса өз иелігіне халықтарды сұрайды?

15 Патша — Құдайдың өз Ұлы, Ехобадан кейінгі екінші тұлға. Иса — Құдайдың сыналған, адал әрі сенімді қызметшісі. Оның үстіне, Иса — Құдайдың алғашқы жаратылысы ретінде мұраға ие болуға лайық. Шындығында, Иса Мәсіх — “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі, жаратылыс атаулыдан бұрын Ол бар болатын” (Қолостықтарға 1:15, сілтемені қараңдар). Ол сұраса болғаны, Құдай оның ‘иелігіне халықтарды мәңгілікке береді. Шартарапты қол астына өткізеді’. Иса ‘қуанышы адамзаттың ұрпақтарымен бірге болған’, әрі Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты еркін орындауға деген ыстық ықыласы бар тұлға болғандықтан осындай өтініш жасайды (Нақыл сөздер 8:30, 31).

Ехобаның халықтарға қарсы шығарған жарлығы

16, 17. Забур 2:9-ға сәйкес халықтарды не күтіп тұр?

16 Забурдың екінші жыры қазір, Исаның көктегі тақта отырған кезінде, орындалып жатқандықтан, халықтарды не күтіп тұр? Жақында Патша Құдайдың: “Сен оларды [халықтарды] темір аса таяғыңмен бағатын боласың, құмыраны лақтырып сындырғандай, қиқарлықтарын тас-талқан етесің”,— деген жарлығын іске асырады (Забур 2:9, сілтемені қараңдар).

17 Ежелгі уақытта патшаның аса таяғы патшаның билігін білдірген. Аса таяқтардың кейбіреулері осы жырда айтылғандай, темірден жасалған. Мұнда бейнелі тілді қолданып, Мәсіх Патшаның қалай халықтарды оп-оңай қирататыны көрсетілген. Темірден жасалған аса таяқтың қуатты соққысы құмырашының қыш ыдысын қайта қалпына келместей етіп тас-талқан етеді.

18, 19. Құдайдың мақұлдауына ие болулары үшін жердегі патшалар не істеулері керек?

18 Халық басшылары міндетті түрде осылай соққы көрулері керек пе? Жоқ, себебі забур жыршысы оларға келесі сөздерін арнайды: “Енді, патшалар, ақылға келіңдер, әлемнің билері, шындықты ұғыңдар!” (Забур 2:10). Ол патшаларды жақсылап ойланып, ақылға келуге шақырады. Олар Құдай Патшалығының бүкіл адамзаттың игілігі үшін жасайтын нәрселермен салыстырғанда, өз жоспарларының бекер екендігін мойындаулары керек.

19 Құдайдың мақұлдауына ие болулары үшін жер бетінің патшалары әрекеттерін өзгертулері керек. Олар: “Тәңір Иені терең қастерлеңдер, қуана қызмет етіп бой ұрыңдар, һәм қалтырап, күнәдан шошыныңдар!” — деген ескерту алуда (Забур 2:11). Мұндай әрекет жасайтын болса не болмақ? Көтеріліс жасап, бүлік шығарудың орнына олар болашақта тағайындалған Патша Мәсіхтің билігінің орнайтынына қуанар еді. Бұл үшін жер бетіндегі билік иелері өздері басшылық еткенде көрсететін менмендік пен тәкаппарлықтарын тастаулары керек. Оның үстіне, олар кідірместен өзгеріс жасап, Ехобаның Әлемнің Әміршісі екендігі мен теңдесі жоқ билігін және Құдай мен тағайындалған Патшасының шексіз құдіретін мойындаулары керек.

Ұлын сүйіңдер

20, 21. “Ұлын сүйіңдер” деген нені білдіреді?

20 Енді Забурдың екінші жыры халық басшыларына қайырымдылықпен үндеу салады. Бас қосып қарсы шығудың орнына, оларға былай деп кеңес беріледі: “Ұлының аяғын сүйіп бағыныңдар [“ұлын сүйіңдер”, ЖД]! Әйтпесе Ол [Ехоба Құдай] кәрленіп, көздеріңді құртпақ, ашуы лезде жалындай лауламақ” (Забур 2:12а). Әлемнің Әміршісі Ехоба жарлығын шығарғанда, оған құлақ асқан жөн. Ол ұлын таққа отырғызғанда, жердегі билік иелері ‘іске аспайтын жоспар құруларын’ доғарғандары дұрыс еді. Олар кідірместен Патшаны мойындап, оған толығымен бағынулары керек еді.

21 Неге олар ‘ұлын сүюлері’ керек? Бұл жыр жазылған уақытта сүю арқылы достық пейілді білдірген және қонақжайлылық көрсетіп, үйге келген қонақтарды осылайша қарсы алған. Сонымен қатар сүю адал ниетті білдірген (1 Патшалықтар 10:1). Забурдың екінші жырының осы тармағында Құдай халықтарға өзінің Ұлын — майланған Патшаны — сүюді, немесе қуанышпен қарсы алуды, бұйырады.

22. Халық басшылары қандай ескертуге құлақ асулары керек?

22 Құдайдың таңдаған Патшасын мойындаудан бас тартатындар Ехобаны қорлайды. Олар Ехобаның бүкіл әлемге билік жүргізу құқы мен беделін және адамзаттың үстінен ең дұрыс билік жүргізе алатын Патшаны тағайындай алатын қабілетін мойындамайды. Халық басшылары жоспарларын жүзеге асыруға тырысып жатқанда, Құдайдың қаһары күтпеген жерден өздеріне төнгенін түсінетін болады. Оның “ашуы лезде жалындай лауламақ”, немесе олар құтыла алмастай болып табан астында Құдайдың қаһарына ілінеді. Халық басшылары осы ескертуді ризашылықпен қабыл алып, соған сәйкес әрекет етулері керек. Бұл өмірлерін сақтап қалады.

23. Қазір адамдардың әлі де болса не істеуге уақыттары бар?

23 Бұл әсем жыр: “Оған [Ехобаға] сенгендер бақытты болмақ!” — деп аяқталады (Забур 2:12ә). Адамдардың әлі де қауіпсіздік табуға уақыттары бар. Тіпті халықтардың құрып жатқан жоспарларына атсалысып жатқан кейбір басшыларға да мүмкіндік берілуде. Олар Ехобаға келіп, оның Патшалығынан пана таба алады. Бірақ олар қарсыласқан халықтарды Мәсіх Патшалығы жоймас бұрын әрекет етулері керек.

24. Қалай біз осы қиыншылықтарға толы өмірдің өзінде қанағат сезіміне бөленіп өмір кеше аламыз?

24 Егер бар зейінімізбен Жазбаларды зерттеп, олардың кеңестерін қолданатын болсақ, біз қазіргі қиыншылықтарға толы өмірдің өзінде қанағатқа бөленіп өмір кеше аламыз. Жазбалардың кеңестерін қолдану отбасындағы қарым-қатынасты жақсартады және осы дүниені билеп алған абыржу мен қорқыныштан құтылуға септігін тигізеді. Киелі кітаптың басшылығымен жүргеніміз Жаратушының бізге риза екеніне сенімділігімізді арттырады. Әлемнің Әміршісінен басқа ешкім де ‘осы және болашақ өмірді’ беретініне кепілдік бере алмайды. Ал ‘болашақ өмір’ ол жер бетін Патшалықтың билігінен бас тартуларымен дұрыс нәрселерге қарсыласатындардың барлығынан тазартқаннан кейін орнайды (1 Тімотеге 4:8).

25. ‘Жаратқанның жарлығы’ сәтсіздікке ұшырамайтындықтан, біз қазіргі уақытта нені күтуімізге болады?

25 ‘Жаратқанның жарлығы’ сәтсіздікке ұшырамайды. Жаратушымыз болғандықтан Құдай адамдар үшін ненің жақсы екенін біледі және мойынсұнғыш адамдарға өзінің қымбатты Ұлы басқарған Патшалықтың қол астында батасын беріп, бейбітшілік, қанағат сезімін және мәңгілік қауіпсіздік сыйлайтын ниетін жүзеге асырады. Біздің уақытымызға қатысты Даниял пайғамбар: “Сол патшалықтардың кезінде Көктің Құдайы мәңгілік құламайтын патшалық орнатады... ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады”,— деп жазған (Даниял 2:44). Әрине, олай болса қазір ‘ұлын сүйіп’, Әлемнің Әміршісі Ехоба Құдайға қызмет ететін уақыт!

[Сілтемелер]

a Бастапқы кезде ‘Тәңір қойған патша’ Дәуіт болса, “әлемнің патшалары” оған қарсы соғысқан філістірліктердің басшылары болған.

b Мәсіхшілердің Грек жазбаларындағы басқа да тармақтар Забурдың екінші жырындағы айтылған Тәңір қойған Патшаның өзі Иса екенін көрсетеді. Бұл Забур 2:7-ні Елшілердің істері 13:32, 33-пен және Еврейлерге 1:5; 5:5-пен салыстырғанда анық байқалады. Сонымен қатар Забур 2:9 бен Аян 2:27-ні қараңдар.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Ұлттар қандай “іске аспайтын жоспар құрып” жатыр?

• Неге Ехоба халықтарды келекелейді?

• Құдайдың халықтарға қарсы шығарған жарлығы қандай?

• “Ұлын сүйіңдер” деген нені білдіреді?

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[15-беттегі сурет]

Исраил елінің басшылары мен халқы Иса Мәсіхке қастандық жасауды жоспарлаған

[16-беттегі сурет]

Мәсіх көктегі Сион тауында Патша ретінде тағайындалған