Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Сүлеймен соққан ғибадатханадағы құйма теңіздің көлемі қандай болған?

Ежелгі Исраилде Сүлеймен патша шынайы Құдайға құлшылық ету үшін Иерусалимде ғибадатхана соққан болатын. Ол жерде құйма теңіз деп аталатын мыстан жасалған су қоймасы болған. Ондағы суды діни қызметкерлер қолданатын. Патшалықтар 3-жазба 7:26-да құйма теңізге “екі мың бат” су сыйғаны айтылған. Алайда Шежірелер 2-жазба 4:5-те (Тт) осы теңізге ‘үш мың бат мөлшерінде су сиятыны’ жазылған *. Кейбіреулердің айтуынша, бұл айырмашылық Шежірелер кітабын көшірген адамдардың жіберген қателігінен пайда болған.

Алайда бұл екі тармақтың қарама-қайшылығы жоқ. Киелі кітаптың еврей тілінде жазылған түпнұсқасына сүйенер болсақ, олардың өзара үйлесімділігін көруге болады. Ол жерде Шежірелер 2-жазба 4:5-те ғибадатханадағы су қоймасына жалпы қанша су құюға болатыны, ал Патшалықтар 3-жазба 7:26-да оған әдетте қанша су құйылғандығы айтылған. Басқаша айтқанда, құйма теңізге суды ешқашан да ернеуіне дейін жеткізіп құймаған. Ғибадатханадағы адамдар суды оның үштен екі бөлігіне дейін ғана құйғанға ұқсайды.

Неге Иса мен Петір ғибадатханаға салық ретінде бір ғана күміс теңге берген?

Исаның күндерінде яһуди дініндегі жиырмадан асқан әрбір ер адам жыл сайын ғибадатханаға салық ретінде екі драхма, немесе дидрахма, беріп отыруға тиіс еді. Бұл шамамен екі күндік жалақыға тең болған. Осы салықты төлеуге қатысты сұрақ туындағанда, Иса Петірге: “Көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені табасың. Соны алып, оларға екеуіміз үшін бере сал”,— деген нұсқау берді (Матай 17:24—27).

Көп ғалымның пайымдауынша, аталмыш күміс теңге тетрадрахма болған. Бұл теңге төрт драхмаға, немесе ғибадатханаға салық ретінде екі адам үшін төленетін ақшаның құнына, тең болған. Тетрадрахма дидрахмаға қарағанда әлдеқайда көп қолданылатын және жиі кездесетін. Сол себепті бір сөздікте: “Яһуди дініндегілер ғибадатхана салығын жиі бірден екі адам үшін төлеп отырған болса керек”,— деп жазылған (The New Bible Dictionary).

Оның үстіне, салықты бір адам үшін ғана төлегісі келген адам ақша айырбастаушыға ақшасының сегіз пайызына дейін төлеуге тиіс еді. Ал бірден екі кісі үшін төлейтін адамдар мұндай шығынға түспеген. Осы кішігірім жайттың өзі Матай кітабындағы оқиғаның Исаның күндерінде жиі болып тұрған жағдайлармен үйлесім табатынын көрсетеді.

[Сілтеме]

^ 3-абзац “Екі мың бат” 44 000 литрге, ал “үш мың бат” 66 000 литрге тең.

[15-беттегі сурет]

Тетрадрахманың үлкейтілген суреті