Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Балаларыңа тәлім беріңдер

Табандылық танытқан Марқа

Табандылық танытқан Марқа

МАРҚА Исаның өмірін баяндайтын Ізгі хабар кітаптарының бірін жазған. Бұл — ең қысқа әрі ең оңай оқылатын кітап. Марқа қандай адам болған? Қалай ойлайсың, ол Исаны білген бе? — * Оның қандай қиындықтарға кезіккенін және мәсіхші жолда неге табандылық танытқанын көрейікші.

Марқаның есімі алғаш рет Киелі кітапта Ирод патша елші Петірді түрмеге жапқызған оқиға баяндалғанда аталған. Сол түні Құдайдың періштесі Петірді түрмеден босатқанда, ол кідірместен Иерусалимде тұратын Марқаның шешесі Мәриямның үйіне барады. Бұл оқиға б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында Иса өлтірілген соң, он жыл өткеннен кейін болған еді (Елшілердің істері 12:1—5, 11—17).

Петірдің неге Мәриямның үйіне барғанын білесің бе? — Ол сол отбасымен жақсы таныс болған, әрі Исаның шәкірттері сол үйде кездесу өткізіп тұратынын білген болуы керек. Марқаның жақын туысы Барнаба ұзақ уақыттан бері, кем дегенде, б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамыннан бері, Мәсіхтің шәкірті еді. Киелі кітапта оның сол кездегі жаңа шәкірттерге жомарттық көрсеткені жазылған. Олай болса, Иса Барнабаны, сондай-ақ туысқан апасы Мәриям мен оның ұлы Марқаны білген болуы мүмкін (Елшілердің істері 4:36, 37; Қолостықтарға 4:10).

Ізгі хабарда Марқа Исаны тұтқынға алған түні сол маңда “кенеп жамылғы ғана оранған” бір жас жігіттің жүргенін жазған. Марқаның айтуынша, жасақшылар жігітті ұстап алмақ болғанда, ол қашып кетеді. Бұл жас жігіт кім болуы мүмкін? — Ол Марқаның өзі болғанға ұқсайды. Демек, сол түні ол жамылғысын оранып алып, үйден шыққан Иса мен оның елшілерінің соңдарынан ілесіп отырған (Марқа 14:51, 52).

Бұл жас жігіт кім болуы мүмкін? Ол қандай жағдайға тап болды және неге?

Марқа рухани жағынан тәлімі мол ортада өсті. Ол б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында киелі рух төгілгенде, шәкірттерінің арасында болған болса керек және Петір сияқты Құдайдың адал қызметшілерімен тығыз араласқан. Сондай-ақ жақын туысы Барнабаға серік болып, қызмет еткен. Саул Исадан аян алғаннан кейін үш жыл өткенде Барнаба оны Петірмен таныстырады. Ал бірнеше жылдан кейін Барнаба Саулды табу үшін Тарс қаласына жіберіледі (Елшілердің істері 9:1—15, 27; 11:22—26; 12:25; Ғалаттықтарға 1:18, 19).

Біздің заманымыздың 47 жылы Барнаба мен Саул басқа елдерде уағыздауға таңдалады. Олар өздерімен бірге Марқаны ертіп алады, бірақ кейінірек ол белгісіз себептермен Иерусалимдегі үйіне қайтып кетеді. Бұған Саул, Римдік есімі Пауыл, қатты ашуланып, Марқаның ісін елеусіз қалдыра алмай, үлкен әлсіздік деп қарастырады (Елшілердің істері 13:1—3, 9, 13).

Пауыл мен Барнаба сапарларынан оралып, қызметте болған жетістіктерін бауырластарға айтып береді (Елшілердің істері 14:24—28). Бірнеше айдан кейін олар уағыздаған аймақтағы жаңа шәкірттерге қайта баруды жоспарлайды. Барнаба бұл сапарға Марқаны ертіп алғысы келеді. Ал Пауыл бұған қалай қарады деп ойлайсың? — Ол мұны “мақұлдаған жоқ”, өйткені Марқа алғашқы сапарда үйіне кетіп қалған болатын. Бұл жайт Марқаның ұнжырғасын түсіргені сөзсіз.

Қызбалыққа беріліп, ‘айтысып’ қалған Пауыл мен Барнаба бір-бірінен бөлініп кетеді. Барнаба Марқаны өзімен Кипрге алып кетеді, ал Пауыл Сыйласты таңдап алып, жоспары бойынша жаңа шәкірттерге баруды шешеді. Марқа Пауыл мен Барнабаның арасындағы түсініспеушілікке себепші болып қалғаны үшін қатты қайғырған болуы керек (Елшілердің істері 15:36—41).

Алқашқы сапарда Марқаның неге үйіне қайтып кеткенін біз білмейміз. Бәлкім, солай етуіне келелі себеп болған шығар. Қандай болған күнде де, Барнаба осы жағдайдың қайталанбайтынына сенімді болды. Оның сенімі ақталды да. Өйткені Марқа қызметінде табанды болды. Кейінірек ол Петірмен алыстағы Бабылда миссионер ретінде қымет атқарды. Сол жерден жолдаған хатында Петір: Менің рухани ұлым Марқа да сендерге сәлем жолдауда”,— деп жазған (Петірдің 1-хаты 5:13).

Петір мен Марқаның қарым-қатынасы өте тығыз болған. Бұны Марқаның жазған Ізгі хабарынан байқауға болады. Онда ол Петірдің өз аузынан естіген жайттарды жазып қалдырған. Мысалы, Ғалилея теңізінде қатты дауыл тұрған кезде болған бір оқиғаны қарастырайық. Марқа Исаның дауыл кезінде қай жерде және қалай ұйықтап жатқанын жазған. Ал мұндай жайттарға балықшы болған Петір назар аударған болу керек. Ендеше, осы оқиғаның Матай 8:24, Марқа 4:37, 38 және Лұқа 8:23-те қалай баяндалғанын оқып, оларды бір бірімен салыстырып көрейік.

Біраз жылдардан кейін Римдегі түрмеде отырған Пауыл өзіне адалдықпен қолдау көрсеткен Марқа жайлы жылы сөздер айтады (Қолостықтарға 4:10, 11). Пауыл қайтадан түрмеге жабылғанда, Тімотеге хат жазып, Марқаны өзімен ала келуін өтінеді, себебі: “Ол қызметіме пайдалы болмақ”,— дейді (Тімотеге 2-хат 4:11). Расында да, Марқа табандылығының арқасында қызметте зор мүмкіндіктерге ие болды.

Табандылығы үшін Марқа қызметінде қандай баталарға ие болды?

^ 3-абзац Егер балаңызбен бірге оқып отырсаңыз, сұрақтан кейінгі сызықшаны көргенде, сәл кідіріп, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.