Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Пейіш бағы алғашқы жұптың мекені болған ба?

Пейіш бағы алғашқы жұптың мекені болған ба?

Пейіш бағы алғашқы жұптың мекені болған ба?

ӨЗІҢІЗДІ керемет бір бақта жүргендей елестетіп көріңізші. Онда сізді еш нәрсе алаңдатпайды, абыр-сабыр болып жатқан қаланың у-шуы да естілмейді. О шеті мен бұ шеті көрінбейтін кең бақтың ішінде тыныштық орнаған. Бұдан да зоры, сізді уайым-қайғы, ауру-сырқау сияқты жайттар мазаламайды. Осындай мамыра-жай бақтың рақатына сіз емін-еркін батудасыз.

Жайнаған түрлі түсті гүлдер, күн нұрына шағылысып, жалт-жұлт етіп аққан бұлақ суы және кілем түгіндей көк жасылға бөленген шөптер мен жапырағы жайқалған ағаштар еріксіз көздің жауын алады. Қоңырсалқын самал лебіне кеудені керіп тыныс алғанда, хош иістер жанды ләззатқа бөлейді. Жапырақтардың сыбдырын, аққан судың сыңғырын, сайраған құстардың әнін естіп, көңіл шат-шадыман болады. Осындай ғажайып ортаны елестеткенде, сонда өмір сүргіңіз келіп кетпей ме?!

Дүниенің төрт бұрышындағы адамдар алғашқы жұптың бастапқы тұрағы осындай болғанына сенеді. Ғасырлар бойы ислам, христиан және иудаизм діндерінің мүшелері Адам ата мен Хауа ананы Құдай пейіш бағына қоныстандырды деп үйретіп келген. Киелі кітапта олардың өмірі о баста алаңсыз әрі бақытты болған деп айтылған. Олар өзара тату-тәтті болып, жануарлармен бейбіт өмір сүрді. Сондай-ақ жанға жайлы ортада мәңгі өмір сүру үмітін сыйлаған мейірімді Құдайға жақын болған (Жаратылыс 2:15—24).

Индустардың да ежелгі кездегі жұмақ жайында ерекше түсініктері бар. Буддистер әлем жұмақ іспетті құлпырған алтын дәуірде ұлы рухани жетекшілердің, яғни Буддалардың, пайда болатынына сенеді. Сондай-ақ сансыз көп Африка діндерінің кейбір аңыздары да Адам ата мен Хауа ана туралы әңгімеге өте ұқсас келеді.

Шынында да, ертедегі жұмақ туралы түсінікті көп діннің ілімдерінен және ел аузында жүретін аңыздардан табуға болады. Бір жазушы былай дейді: “Көп халық кемелділік, бостандық, тыныштық, бақыт, молшылық орнаған және қанаушылық пен келіспеушілік атымен болмаған ертедегі жұмаққа сеніп келген... Бұл сенім қоғамның санасына әсер етіп, әлдеқашан жоғалған, бірақ ұмытылмаған жұмаққа деген қатты сағыныш пен сол жұмақты қайта орнатудың жолын табуға деген ықылас оятты”.

Осы әңгімелер мен аңыздар бір жерден шыққан жоқ па екен? “Қоғамның санасына” тарихта орын алған жайттың есте қалған елесі әсер еткен болуы мүмкін бе? Адам ата мен Хауа ана және олар қоныстанған пейіш бағы о баста шынымен болған ба? Болса, қайда болған?

Пәлсапашылар мұндай ойға күле қарайды. Қазіргі ғылым дамыған заманда көп адам бұл әңгімелерді жай ғана аңыз не қиял деп есептейді. Бір таңғаларлығы, көпшіліктің пейіш бағы болғанына сенбеуіне тек пәлсапашылар ғана емес, көптеген дін қызметшілері де түрткі болуда. Олар пейіш туралы әңгімелерді тек аңыз, ертегі не астарлы әңгіме деп қарастыру керек деп ойлайды.

Әрине, Киелі кітапта астарлап айтылған әңгімелер аз емес. Бүгінде көпке танымал астарлы әңгімелердің көбісін Иса пайғамбар айтқан. Алайда Киелі кітапта пейіш бағы жайлы айтылған сөздер астарлы әңгіме ретінде емес, тарихи дерек ретінде берілген. Әрі сипаттамасынан оның қайда орналасқаны анық көрінеді. Ендеше, кейбіреулердің пейішке неліктен сын көзбен қарайтынын және олардың мұндай көзқарасты ұстануларына келелі себеп бар-жоғын қарастырайық. Сонан соң, бұл мәселенің анық-қанығына жеткеніміз біз үшін неліктен маңызды екеніне назар аударамыз.