Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ол Ехобаның жүрегін жібітті”

“Ол Ехобаның жүрегін жібітті”

Құдайға жақында

“Ол Ехобаның жүрегін жібітті”

ҚҰДАЙДЫ қастерлейтін отбасында тәрбиеленіп, кейін бұрыс жолға түсіп кеткен бір ер адам: “Мен өзімді сондай түкке тұрғысыз сезіндім”,— деді. Ол күнәсіна өкініп, өмірін қайтадан дұрыс қалыпқа келтіре бастағанмен, Құдай өзін ешқашан кешірмейтін шығар деп қорыққан. Бірақ Манаса патша туралы Киелі кітаптағы Шежірелер 2-жазба 33:1—17 жазылған оқиғаны оқығанда, көңілі жай табады. Егер сіз де жасаған күнәңіз үшін өзіңізді түкке тұрғысыз сезініп жүрген болсаңыз, Манаса патшаның мысалынан жұбаныш таба аласыз.

Манаса шынайы Құдай Ехобаға сиынған отбасында өскен. Әкесі Езекия Яһуданың ең беделді патшаларының бірі болған. Құдай Езекияның өмірін керемет түрде ұзартқаннан кейін шамамен үш жыл өткенде, Манаса дүниеге келген болатын (Патшалықтар 4-жазба 20:1—11). Сондықтан Езекия ұлын мейірімі түскен Ехоба Құдайдың сыйы деп қарастырғаны әрі оның жүрегінде шынайы ғибадатқа деген сүйіспеншілік ұялатуға тырысқаны сөзсіз. Бірақ бала әрқашан әке-шешесі нұсқаған жолмен жүре бермейді. Манаса да солай етті.

Әкесінен айырылғанда, Манасаның жасы он екіден аспаған еді. Өкінішке қарай, ол “Жаратқан Ие жанарына жағымсыз қылықтар жасады” (Шежірелер 2-жазба 33 тарауының 1, 2-тармақтары). Жас патшаны шынайы ғибадатты құрметтемейтін кеңесшілері бұзды ма, жоқ па, бұл жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Бірақ білетініміз, Манаса жексұрын пұттарға табынды және жауыздық жасады. Жалған құдайларға құрбандық орындарын жасап, сол жерлерде өз ұлдарын құрбандыққа шалды. Сондай-ақ ол сәуегейлікпен және сиқыршылықпен айналысты. Бұл аздай, Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасына қашап жасалған тәңір мүсіндерін орнатты. Өзіне керемет түрде өмір сыйлаған Құдайдың қайта-қайта айтқан ескертулеріне Манаса қыңырлық танытып, құлақ аспады (3—10 тармақтар).

Ақыр соңында Құдай Манасаның кісенделіп, Бабылға әкетілуіне жол берді. Тұтқында жүргенде ол өзінің қалай өмір сүргені жайлы ойланса керек. Манаса пайдасыз, өлі пұттардың қорғай алмағанын түсінді ме? Бала кезінде Құдайды қастерлейтін әкесінен естіген жайттар туралы ойланды ма? Қалай болған күнде де, оның көзқарасы өзгергенін білеміз. Өйткені Киелі кітапта: “Ол Ехоба Құдайдың жүрегін жібітіп, қатты өкініп, кішірейді”,— делінген (12, 13-тармақтар ЖД). Осындай ауыр күнәлар жасаған адамды Құдай шынымен кешірер ме еді?

Манасаның шын жүректен өкінгені Құдайға әсер етті. Ол Манасаның рақым етуін сұрап жалбарынғанын естігеннен кейін, “оны Иерусалимге қайтарып, тағы да патша етіп қойды” (13-тармақ). Өкінгенінің дәлелі ретінде Манаса дұрыс емес істерін түзету үшін қолдан келгеннің бәрін істеп, патшалығын жалған тәңірлердің бейнелерінен тазартты және халықты “Құдай Иесіне сиынып қызмет етуге” талпындырды (15—17 тармақтар).

Бұрын жасаған күнәларыңыз үшін Құдайдың кешіріміне лайық еместей сезініп жүрсеңіз, Манасаның мысалы сізге жігер берсін. Өйткені бұл — киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіндегі оқиға (Римдіктерге 15:4). Ехоба Құдай өзінің “кешіруге дайын” екенін білгенімізді қалайтыны анық (Забур 86:5 ЖД [85:5]). Құдай күнә жасаған адамның күнәсіна емес, жүрегінің қандай күйде екеніне мән береді. Ол іштей өкініп дұға етсе, бұрыс жолынан қайтса және дұрыс нәрсені істеуге барынша күш салса, Манаса сияқты, “Ехобаның жүрегін жібіте” (ЖД) алады (Ишая 1:18; 55:6, 7).