Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жаралы жүректерге жұбаныш

Жаралы жүректерге жұбаныш

Құдайға жақында

Жаралы жүректерге жұбаныш

“МЕН Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық емеспін”. Бұл көп жыл бойы жан күйзелісімен күрескен әйелдің сөздері. Ехоба Құдайға қызмет ететін бұл әйел Құдай менен алыс деген ойдың жүрегіне тамыр жаюына жол беріп қойған еді. Құдай шынымен жан күйзелісіне түскен қызметшілерінен алыс па? Бұл сұрақтың жанға жылу беретін жауабын 33-забур жырының 19-тармағындағы Дәуіт пайғамбардың сөздерінен табуға болады.

Жас кезінде Дәуіттің өзі де көп қиыншылықты бастан кешкен. Бойын қызғаныш билеген Саул есімді патша оны өлтірмекші болады. Сонда Дәуітке бой тасалап, қашқын ретінде өмір сүруге тура келеді. Саул мені жау жеріне іздеп келе қоймас деген оймен, Дәуіт Філістір еліндегі Ғат қаласына бас сауғалайды. Бірақ ол жердің адамдары Дәуітті танып қойып, ол есінен адасқан адам сияқты сыңай танытады да, әзер дегенде құтылады. Дәуіт осы жағдайда өзін құтқарғаны үшін Құдайды мадақтап 33-забур жырын жазды.

Дәуіт қиыншылыққа ұшырап, жаны күйзелген не өзін лайықсыз сезінген адамдарға Құдай теріс қарайды деп ойлаған ба? Ол былай деп жазды: “Жүрегі жаралыға Жаратқан жақын тұрады, Жаны күйреп, күнәсіна өкінгенді құтқарады” (18-тармақ). Қазір сол сөздердің қалай жұбаныш және үміт беретінін қарастырайық.

“Жаратқан жақын тұрады”. Бір түсіндірме сөздікте бұл тіркестің “Тәңіріміздің қамқор әрі мұқият, сондай-ақ өз халқына көмектесуге және оларды қорғауға әрқашан дайын екенін бейнелеп суреттеу болып табылатыны” айтылған. Ехоба Құдайдың өз халқына мұқият екенін білу адамға жұбаныш береді. Ол қызметшілерінің осы “қиын уақытта” қандай проблемаларға кезігіп жүргендерін және жан дүниелерінде не болып жатқанын біледі (Тімөтеге 2-хат 3:1; Елшілердің істері 17:27).

“Жүрегі жаралы”. Кейбір тілдерде “жаралы жүрек” деген сөз тіркесі жауапсыз махаббатқа нұсқайды. Алайда бір Киелі кітап зерттеушісінің айтуынша, бұл сөздер “кәдімгі қайғы-мұңды” білдіреді. Иә, тіпті Құдайдың адал қызметшілері де кейде жүректі жаралайтын қиыншылықтарға ұшырап жатады.

“Жаны күйрегендер”. Ұнжырғасы түскен адамдардың өздерін түкке тұрғысыз санайтыны сонша, бір мезетте үмітсіз болып шыға келеді. Киелі кітап аудармашыларына арналған кітапшада бұл тіркестің “болашақтан еш жақсылық күтпейтіндерді” бейнелеуі мүмкін екені айтылған.

“Жүрегі жаралы” және “жаны күйреген” адамдарға Ехоба қалай қарайды? Өзінің сүйіспеншілігі мен назарына лайықсыз деп тауып, олардан теріс қарай ма? Керісінше, қиындыққа түскен баласына қолдау көрсетіп, қамқор болатын сүйіспеншілікке толы ата-ана сияқты, Ехоба Құдай көмек сұрап жалбарынған қызметшілерінің жанынан табылады. Ол жүрегі жаралы және жаны күйзелген адамдарды жұбатып, жантыныштығын сыйлауды қалайды. Мұндай адамдардың кез келген сынақтарға төтеп бере алулары үшін, оларға қажетті даналық пен күш береді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Жақып 1:5).

Олай болса, неге Ехоба Құдайға жақындаудың жолын іздемеске? Біздің жанашыр Құдайымыз былай деп уәде етеді: “Мен... күйреп, күнәсына шын көңілден өкінген кішіпейіл жанның қасында боламын. Оны қайтадан рухтандырып, жаралы жүрегін сауықтырамын” (Ишая 57:15).