Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Патшалықтың азаматтарына лайық әрекет етіңдер!

Патшалықтың азаматтарына лайық әрекет етіңдер!

Патшалықтың азаматтарына лайық әрекет етіңдер!

“Ізгі хабарға лайық әрекет етіңдер” (ФІЛІП. 1:27).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

Патшалықтың азаматтары кімдер бола алады?

Патшалықтың тілін, тарихын және заңдарын білу деген нені білдіреді?

Патшалықтың азаматтары Құдай заңдарын жақсы көретіндерін қалай көрсетеді?

1, 2. Неліктен Філіпідегі мәсіхшілер үшін Пауыл айтқан сөздердің мәні ерекше болды?

 ЕЛШІ ПАУЫЛ Філіпідегі қауымды “ізгі хабарға лайық әрекет етуге” шақырды (Філіпіліктерге 1:27 оқы). Осы тармақта “әрекет ету” деп аударылған грек тіркесі “елдің азаматтары ретінде әрекет ету” дегенді де білдіреді. Філіпідегі мәсіхшілер үшін бұл сөздердің мәні ерекше еді. Рим империясы Філіпі қаласының тұрғындарына азаматтық сыйлаған әрі Рим заңы оларды қорғап отырған. Філіпіліктер Рим азаматтығын алғандарын мақтан тұтатын, себебі олар сол заманда санаулы ғана адамда болған артықшылықтарға ие болды.

2 Алайда Філіпідегі қауым мүшелерінде мақтануға бұдан да зор себеп бар еді. Пауыл сол майланған мәсіхшілерге “көктің азаматтары” екендерін естеріне салды (Філіп. 3:20). Олар қандай да бір мемлекеттің емес, Құдай Патшалығының азаматтары еді. Осылайша олар теңдесі жоқ қорғаныш пен артықшылықтарға ие болды (Ефес. 2:19—22).

3. a) Кімдер Патшалықтың азаматтары бола алады? ә) Бұл мақалада нені қарастырамыз?

3 Пауылдың “елдің азаматтары ретінде әрекет етіңдер” деген өсиеті негізінен Мәсіхпен бірге көкте билік ететіндерге қатысты (Філіп. 3:20). Алайда кең мағынада бұл сөздер Құдай Патшалығының қол астында жерде өмір сүретін адамдарға да қатысты. Неліктен? Өйткені бағышталған мәсіхшілердің барлығы бір Патшаға, яғни Ехобаға қызмет етеді әрі оларға бірдей талаптар қойылады (Ефес. 4:4—6). Бүгінгі күні адамдар бақуатты елдің азаматы болуға барынша тырысады. Олай болса, біз Патшалықтың азаматы болу мүмкіндігін қалайша бағалауымыз керек десеңші! Бұл мақала осы артықшылыққа деген ризашылығымызды арттыруға көмектеседі. Бұл үшін біз қандай да бір мемлекеттің және Құдай Патшалығының азаматы болу үшін қойылатын талаптарды салыстырамыз. Ал соңынан Патшалықтың азаматтары болып қалу үшін қандай үш нәрсені істеуіміз керектігін білеміз.

АЗАМАТТЫҚ АЛУШЫҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

4. Таза тіл деген не және бұл тілде қалай “сөйлей” аламыз?

4 Тілін білу. Кей үкіметтердің талабы бойынша, азаматтық алғысы келетін адам олардың мемлекеттік тілінде сөйлей алуы керек. Кейбір адамдар азаматтықты алса да, тілді толық меңгеріп алғанша көп жыл тер төгеді. Тілдің грамматикасын тез үйренуге болады, бірақ сауатты сөйлеу үшін көп жаттығу қажет. Сол сияқты Құдай Патшалығының азаматтарынан “таза тілді” үйрену талап етіледі (Софония 3:9 оқы a). Ол қандай тіл? Бұл — Құдай мен оның ниеті туралы Киелі кітапта жазылған шындық. Құдай заңдары мен принциптеріне сай әрекет еткенде, біз сол тілде “сөйлейміз”. Құдай Патшалығының азаматтары Киелі кітаптың негізгі ілімдерін тез меңгеріп алып, шомылдыру рәсімінен өтетін шығар. Алайда шомылдыру рәсімінен өткен соң да таза тілде “сөйлеп”, тілді шыңдай беру керек. Қалайша? Киелі кітаптан алған білімімізді өмірімізде қолдануға күш сала беру арқылы.

5. Неліктен Ехобаның ұйымы туралы мүмкіндігінше көп білуге тырысуымыз керек?

5 Тарихын білу. Қандай да бір мемлекеттің азаматы болғысы келетін адамнан сол елдің тарихын білу талап етілуі мүмкін. Құдай Патшалығының азаматтары болғысы келетіндер де Патшалық туралы мүмкіндігінше көп білуге тырысулары қажет. Ежелгі Исраилде қызмет еткен Қорахтың ұлдары бұған қатысты қандай үлгі қалдырғанына назар аударайық. Олар Иерусалим мен ондағы ғибадат ететін орынға тәнті болатын әрі қаланың тарихы туралы айтқанды жақсы көретін. Алайда олар қаланы әсемдігі үшін ғана емес, “Ұлы Патшаның астанасы” болғаны үшін дәріптеген. Ондағы ғибадат ететін орында халық Ехобаның Заңын үйреніп, ғибадат ететін. Иерусалим Патшасының қол астындағы халық Ехобаның ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген адамдар еді (Забур 47:1—3, 10, 13, 14 оқы). Ал біз Қорахтың ұлдары сияқты Ехобаның жердегі ұйымының тарихын зерттеп, оны басқаларға айтуға ықыластымыз ба? Ехобаның ұйымы және Құдайдың оны қалай қолдап жатқаны туралы көп білген сайын, Құдай Патшалығына деген сеніміміз нығая түседі. Нәтижесінде Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауға деген ықыласымыз да артады (Ерм. 9:24; Лұқа 4:43).

6. Ехоба бізден Патшалықтың заңдары мен принциптерін біліп, соларға сай жүріп-тұруды талап ететіні неліктен орынды?

6 Заңын білу. Үкімет елдің азаматтарынан заңды біліп, оған мойынсұнуды талап етеді. Олай болса, Ехоба Патшалықтың азаматтарынан оның заңдары мен принциптерін біліп, соларға сай жүріп-тұруды талап ететіні орынды-ақ (Ишая 2:3; Жох. 15:10; Жох. 1-х. 5:3). Адамдар ойлап тапқан заңдар әділетсіз болуы мүмкін. Ал Ехобаның заңы болса “кемелді” (Заб. 18:8). Киелі кітапты күн сайын оқып, Құдай заңынан қуаныш тауып жүрсің бе? (Заб. 1:1, 2). Құдай заңын үйрену үшін жеке әрқайсысымыз күш салуымыз керек. Біз үшін мұны ешкім істеп бере алмайды.

ПАТШАЛЫҚТЫҢ АЗАМАТТАРЫ ҚҰДАЙ ТАЛАПТАРЫН ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

7. Патшалықтың азаматтары Құдай заңына не себепті бағынады?

7 Патшалықтың азаматтары болып қалу үшін Құдай талаптарын біліп қана қойғанымыз жеткіліксіз. Біз оларды жақсы көруіміз керек. Әдетте елдің азаматтары үкімет орнатқан заңмен келісетіндерін айтады. Бірақ қандай да бір заңды ұнатпаса не ешкім көріп тұрмаса, оны оңай бұза салады. Ондай адамдар заңға өзгелердің көңілінен шығу үшін ғана бағынады (Қол. 3:22). Ал Патшалықтың азаматтары Ехобаны жақсы көреді. Сол себепті ешкім көріп тұрмаса да, олар Құдай заңына бағынуға қуанышты (Ишая 33:22; Лұқа 10:27 оқы).

8, 9. Құдай заңын шын сүйетін-сүймейтініңді қалай біле аласың?

8 Құдай заңын шын сүйетін-сүймейтініңді қалай біле аласың? Жеке бастың мәселесі деп қарастырылатын нәрселерге, мысалы киімге қатысты, кеңесті қалай қабылдайтыныңа назар аударсаң болады. Патшалықтың азаматы болмас бұрын қалай болса солай не ашық-шашық киінген шығарсың. Алайда Құдайға деген сүйіспеншілігің артқан сайын оны дәріптейтіндей киінуді үйрендің (Тім. 1-х. 2:9, 10; Пет. 1-х. 3:3, 4). Бәлкім, қазіргі киімің қарапайым да сыпайы деп ойлайтын шығарсың. Ал егер ақсақал саған келіп, көп бауырластар сенің киімің лайықсыз деп санайтынын айтса, не істейсің? Ақталып, ашуланып, өзгеріс жасаудан бас тартасың ба? Патшалықтың азаматтары бағыну керек ең басты заң — Мәсіхке еліктеу (Пет. 1-х. 2:21). Иса қалдырған үлгіге қатысты елші Пауыл былай деп жазған: “Әрқайсысымыз жақынымызға ұнайтынды, яғни оны рухани нығайтатын нәрсені істейік. Өйткені Мәсіх те өзіне ұнайтынды істеген жоқ” (Рим. 15:2, 3). Қауымның татулығын сақтау үшін рухани толысқан мәсіхші басқаларды сүріндіретін нәрселерді істеуден аулақ болуға тырысады (Рим. 14:19—21).

9 Енді жыныстық қатынас пен некеге қатысты көзқарасыңды тексеріп көрші. Құдай Патшалығының азаматы емес адамдардың көбісі гомосексуализмге көз жұмады, порнографияны еш зиянсыз көңіл көтеру түрі деп қарастырады және неке адалдығын бұзу мен ажырасуда тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды. Бірақ Патшалықтың азаматтары іс-әрекеттерінің арты не болатынын, өзгелерге қалай әсер ететінін ойлауды үйренген. Олардың көбісі бұрын азғын өмір кешкенімен, қазір жыныстық қатынас пен некені Құдайдың сыйы деп қарастырады. Мәсіхшілер Ехобаның жоғары талаптарын жақсы көреді және жыныстық өнегесіздікпен айналысатындар Патшалықтың азаматтары болуға лайық емес екенін біледі (Қор. 1-х. 6:9—11). Сонымен қатар олар жүректің алдамшы екенін де түсінеді (Ерм. 17:9). Сондықтан Құдайдың жоғары талаптарына сай келуге көмектесетін ескертулерді қуана-қуана қабылдайды.

ПАТШАЛЫҚТЫҢ АЗАМАТТАРЫ ЕСКЕРТУЛЕРДІ ҚАБЫЛДАЙДЫ

10, 11. Құдай Патшалығы қандай уақтылы ескертулер беріп отыр және сен бұл ескертулер туралы не ойлайсың?

10 Үкімет өз азаматтарын қандай да бір аурудың таралуы не дәрі-дәрмектер мен азық-түлік түрлерінің қаупі туралы ескертіп жатады. Әрине, азық-түлік пен дәрілердің бәрі бірдей зиян емес. Алайда егер белгілі бір заттың қауіпті екені анықталса, үкімет бұл туралы ескертіп, азаматтарын қорғайды. Үкімет осылай етуге міндетті. Құдай Патшалығы да азаматтарына өнегелікке және рухани күйімізге қатысты уақтылы ескертулер айтады. Мысалы, Интернет араласуға, білім алуға және көңіл көтеруге көптеген мүмкіндіктер ұсынады. Құдай ұйымы да оны тиімді пайдаланып, көптеген игі істер атқарады. Алайда Интернеттің көп сайттары рухани және құлықтылық тазалық сақтағысы келетін адамдарға зиян тигізеді. Мысалы, порнографияны көрсететін веб-сайттар Патшалық азаматтарының рухани денсаулығына аса қауіпті. Адал құл табы көптеген жылдар бойы осындай сайттарға қатысты ескертулер айтып келеді. Біз осындай ескертулер үшін қаншалықты ризамыз десеңші!

11 Соңғы жылдары веб-сайттардың тағы бір түрі кеңінен қолданылатын болды. Егер аса қырағылықпен пайдаланатын болса, ол тиімді құрал болып табылады. Әлеуметтік желі деген атпен танымал бұл сайттар көп зиян әкелуі де ықтимал. Ол арқылы жаман ортаға түсіп қалуымыз мүмкін (Қор. 1-х. 15:33). Сол себепті адал құл осындай сайттарды дұрыс қолдануға қатысты ескертулер беріп отыр. Әлеуметтік желілер туралы адал құл басып шығарған мақалалардың бәрін түгел оқып шықтың ба? Аталмыш мақалаларды оқымай жатып әлеуметтік желілерді пайдаланған даналыққа жатпас еді b. Бұл әсері күшті дәріні оған берілген ескертулерді оқымай жатып ішумен бірдей болар еді.

12. Ескертулерді елемеген неліктен ақымақтық болып табылады?

12 Адал құлдың ескертулерін елемейтіндер өздерін де, жақындарын да қасіретке душар етеді. Кейбіреулер порнография көруге әуестеніп не азғындық жасап қойып, Ехоба олардың не істеп жүргенін көрмейді деп ойлайды. Іс-әрекеттерімізді Ехобадан жасыра аламыз деп ойлаған неткен ақымақтық! (Нақ. с. 15:3; Еврейлерге 4:13 оқы). Құдай мұндай адамдарға көмектескісі келеді, әрі бұл үшін ақсақалдарды қолданады (Ғал. 6:1). Үкімет қылмыс жасайтын адамдарды азаматтықтан айыруы мүмкін, сол сияқты Ехоба өзінің талаптарын өкінбестен бұзатын адамдарды Патшалығының азаматы болу мүмкіндігінен айырады c (Қор. 1-х. 5:11—13). Бірақ Ехоба мейірімді. Өкініп, теріс жолдан қайтқан адамдар Ехобамен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіріп, Патшалықтың азаматы бола бермек (Қор. 2-х. 2:5—8). Осындай сүюші Патшаға қызмет ету неткен керемет!

ПАТШАЛЫҚТЫҢ АЗАМАТТАРЫ БІЛІМДІ БАҒАЛАЙДЫ

13. Патшалықтың азаматтары білімді бағалайтындарын қалай көрсетеді?

13 Көптеген үкімет өз азаматтарына білім беруге тырысып бағады. Олар қол астындағы азаматтарының сауатын ашу үшін және еңбекке баулу үшін мектептер ашады. Патшалықтың азаматтары оқуды, жазуды әрі болашақта өздерін қамтамасыз ете алулары үшін қандай да бір кәсіпке үйрететін білім беру орындарының барына риза. Бірақ олар Ехобаның ұйымы арқылы беріп отырған білімді әсіресе жоғары бағалайды. Мысалы, мәсіхшілер қауымы бізді сауат ашуға талпындырады. Ата-аналар кішкентай балаларына оқып беруге шақырылады. Адал құл ай сайын “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарында Киелі кітапқа негізделген мәліметтер басып шығарады. Егер күніне бір-екі бет оқитын болсаң, айдың соңында журналдардың барлығын оқып шыға аласың. Осылайша ай сайын Патшалықтың білім беру бағдарламасының толық пайдасын көріп отырасың.

14. a) Патшалықтың азаматтары қандай тәлім алады? ә) Отбасылық ғибадатты өткізуге қатысты қандай ұсыныстарды қолданып көрдіңдер?

14 Патшалықтың азаматтары апта сайын қауым кездесулерінде тәлім алады. Мысалы, теократиялық қызмет мектебі 60-тан астам жыл бойы бізді Құдай Сөзінің тәлімгерлері ретінде шыңдала түсуге көмектесіп келеді. Сен осы мектепке жазылдың ба? Сондай-ақ соңғы жылдары адал құл апта сайын отбасылық ғибадат кешін өткізіп тұруға талпындырды. Бұл шара отбасыларына тату-тәтті болуға көмектеседі. Әдебиеттеріміздегі отбасылық ғибадатты өткізуге қатысты ұсыныстарды қолданып көрдіңдер ме? d

15. Бізге қандай мәртебелі іс тапсырылған?

15 Мемлекет азаматтары адамдарды қандай да бір саяси партияны қолдауға үгіттейді. Бұл үшін олар тіпті үй-үйді аралауы мүмкін. Ал Патшалықтың азаматтары болса дүниежүзі бойынша көшеде және үйме-үй жүріп уағыздаулары арқылы Құдай Патшалығын қолдайтындарын көрсетуде. Алдыңғы мақалада айтылғандай, Ехобаның Патшалығын жариялайтын “Күзет мұнарасы” журналы дүниедегі ең көп таратылатын журнал болып табылады. Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау біз үшін үлкен мәртебе! Сен бұл іске белсенді атсалысып жүрсің бе? (Мат. 28:19, 20).

16. Құдай Патшалығының лайықты азаматы екеніңді қалай көрсете аласың?

16 Жақын арада Құдай Патшалығы жерді билейтін жалғыз үкімет болмақ. Адамзат тек Патшалықтың заңдарымен жүріп-тұратын болады. Сен сол кезде Құдай Патшалығының жақсы азаматы боласың ба? Мұны қазір дәлелдеуің керек. Күнделікті істеріңмен айналысқанда, бәрін Ехобаны дәріптеу үшін істе. Сонда сен Құдай Патшалығының азаматына лайық әрекет етесің (Қор. 1-х. 10:31).

[Сілтемелер]

a Софония 3:9 (ЖД): “Сонда халықтар Ехобаның атын атап, оған иық тіресе қызмет етулері үшін мен оларға таза тіл беремін”.

b Мысалы, “Ояныңдар!” (ор.) журналының 2011 жылдың шілдесіндегі санының 24—27 беттерін, тамызындағы санының 10—13 беттерін және 2012 жылдың ақпанындағы санының 3—9 беттерін қара.

c “Күзет мұнарасының” 2012 жылдың 15 наурыздағы санының 30, 31-беттерін қара.

d “Күзет мұнарасының” 2011 жылдың 15 тамыздағы санының 6, 7-беттерін және “Біздің патшалық қызметіміздің” 2011 жылдың қаңтарындағы санының 3—6 беттерін қара.

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[14-беттегі сөздер]

Интернетке қатысты Киелі кітапқа негізделген ескертулерге құлақ асып жүрсің бе?

[12-беттегі сурет]

Қорахтың ұлдары сияқты таза ғибадатты жақсы көріп, оның тарихын білуге құштарсың ба?

[15-беттегі сурет]

Отбасылық ғибадат кеші саған және жақындарыңа Патшалықтың лайықты азаматтары болуға көмектеседі