Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жыл сайынғы кездесу

Ұйымымыздың бірлігі мен алдағы жоспарын паш еткен кездесу

Ұйымымыздың бірлігі мен алдағы жоспарын паш еткен кездесу

КҮЗЕТ МҰНАРАСЫ, Киелі кітап және трактаттар қоғамының (Пенсильвания) жыл сайын өтетін кездесуі қашан да көңіл толқытатыны шүбәсіз. 2011 жылдың 1 қазанында өткен 127-ші кездесу мұның тағы бір дәлелі болды. Джерси-Сити қаласындағы (Нью-Джерси, АҚШ) Ехоба куәгерлерінің конгресс сарайында өткен бұл кездесуге дүниенің төрт бұрышынан қонақтар келді.

Кездесуді Басқарушы кеңестің мүшесі Геррит Лёш ашты. Ол 85 елден келген қонақтардың келгеніне қуанышты екенін және жүздері жайнаған бұл қауымның халықаралық бауырластықтың арасындағы бірліктің игілігін көріп жүргенін айтты. Мұндай бірлік Ехобаға мадақ әкеледі және өзгелерге біз туралы жақсы куәлік береді. Кездесудің басты тақырыбы осы ынтымақ-бірлік болды.

МЕКСИКАДАН КЕЛГЕН ЖАҚСЫ ХАБАР

Бағдарламаның бірінші бөлімінде Ехобаның халқының арасындағы ынтымақтың бір көрінісі сөз етілді. Балтасар Перла Мексикадағы Бетелде қызмет ететін үш бауырластан сұхбат алды. Бұл бауырластар Орталық Америкадағы алты филиалдың Мексика филиалына қосылғаны жайлы айтып берді. Филиалдардың бірігуі нәтижесінде Мексикадағы Бетел отбасында әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдері көбейді. Бауырластардың түрлі жерден ағылып келуі барлығына керемет жігер берді. Бұл жағдайда Құдай қолына үлкен өшіргіш алып, ұлт арасындағы шегараны өшіріп тастағандай болған еді.

Алайда филиалдардың бірігуі бір қиындық тудырды. Елдерінде енді филиалы жоқ жариялаушылар өздерін Ехобаның ұйымынан ажырап қалғандай сезінбеулері үшін қам жасау қажет еді. Осы мақсатпен әр қауымға, тіпті оқшау аймақтарда орналасқандарына да электронды пошта арқылы филиалмен тікелей хабарласуға мүмкіндік берілді.

ЖАПОНИЯДАН КЕЛГЕН ХАБАР

Жапониядағы филиалда қызмет ететін Джеймс Линтон 2011 жылдың наурыз айында сол елде болған жерсілкінісі мен цунамидің бауырластарға қандай залал келтіргенін айтып берді. Олардың біразы жақындарынан және үй-жайларынан айырылған еді. Апат болмаған аймақтарда тұратын бауырластар 3100-ден аса үй мен жүздеген көліктерін көмек ретінде ұсынды. Аймақтық құрылыс комитеттерімен қызметтесетін ерікті қызметшілер бауырластардың үйлерін тынбай жөндеумен болды. 1700-ден аса ерікті қызметші кез келген жерде көмектерін ұсынуға дайын болды. Құрама Штаттарынан келген ерікті қызметшілер тобы Патшалық сарайларын қалпына келтіруге көмектесті. Осындай жөндеу жұмыстарына қолдау көрсеткендердің жалпы саны 575 болды.

Жапа шеккендердің рухани және эмоциялық саулығы басты назарда болды. 400-ден аса ақсақал бауырластарға бақташылық сапар жасап, қолдау көрсетті. Дүниежүзілік бас басқармадан филиалдарды аралайтын екі бақылаушы апат орнына жапа шеккендерді жігерлендіру үшін келгенде, Басқарушы кеңестің олардың қамын ойлайтыны анық көрінді. Сондай-ақ басқа елдегі бауырластардың да алаңдаушылық білдіргені Жапониядағы Куәгерлердің көңілдеріне медет берді.

СОТ ЖЕҢІСТЕРІ

Жуырдағы сот жеңістері туралы сөз қозғаған Британ филиалының қызметшісі Стивен Харди тыңдармандардың назарын бірден жаулап алды. Жеңістердің бірі Францияда болған жағдаймен байланысты еді. Франция үкіметі сол елдегі Ехоба куәгерлерінен 82 миллион АҚШ доллары сомасында салық төлеуді талап еткен болатын. Алайда Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот (АҚЕС) Франция үкіметі Еуропалық Конвенцияның діни сенім бостандығын қорғайтын 9-бабын бұзды деп тауып, істі біздің пайдамызға шешті. Шығарылған шешімнің сөздерінен мәселе ақшада емес екені анық көрінеді: “Үкіметтің Ехоба куәгерлерін діни ұйым ретінде мойындамай, оларды жауып тастағысы келгені және Куәгерлерге қарсы қорлық сөздерін қолданғаны Конвенцияның 9-бабы бойынша берілетін құқықтың бұзылғанын көрсетеді”.

Сондай-ақ АҚЕС Армениямен байланысты істі де біздің пайдамызға шешті. 1965 жылдан бері АҚЕС әлдекімнің әскерге бару міндетінен бас тартуы Еуропалық Конвенция бойынша қорғалмайды деп есептеп келген еді. Бірақ Еуропалық Соттың ең Жоғарғы Палатасы мынадай шешім қабылдады: Еуропалық Конвенция адамға берік діни ұстанымдарына сай әскерге барудан бас тартуға құқық береді. Бұл шешім Армения, Әзірбайжан және Түркия елдерінің үкіметін де аталмыш құқықты мойындауға міндеттейді.

ҚҰРЫЛЫС ЖОБАЛАРЫ

Сөз тізгіні Басқарушы кеңестің мүшесі Гай Пирске берілгенде, ол Нью-Йорк штатындағы құрылыс істері жайлы білуге асық болған қонақтарға біраз жаңалықтар айтты. Ол Уорик пен Таксидодағы жақында сатып алынған жер учаскелеріндегі және Уолкилл мен Паттерсондағы құрылыс істері жайлы бейнефильм көрсетті. Уолкилдегі 300-ден аса бөлмесі бар жаңа тұрғын ғимараттың құрылысы 2014 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Уориктегі 100 гектар жерде құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Бұл жайлы Пирс бауырлас былай деді: “Біз Уорикке қатысты Ехобаның еркі қандай екенін әлі білмейміз, десе де біз Ехоба куәгерлерінің бас басқармасын сонда көшіру мақсатымен құрылысты бастап кетуге дайынбыз”. Уориктің солтүстігіндегі 10 шақырым қашықтықта орналасқан 20 гектар жерді құрылыс материалдарын және құрал-жабдықтарды сақтайтын орын ретінде пайдалану жоспарланып отыр. Пирс әрі қарай былай деді: “Құрылысқа рұқсат алған соң, бүкіл жобаны төрт жылдың ішінде аяқтаймыз деп үміттенеміз. Сосын Бруклиндегі ғимараттарды сатып жіберуге де болады”.

“Басқарушы кеңес зор алапаттың жақын қалғанына қатысты ойын өзгертті ме?”— деп сұрады Пирс бауырлас. Сосын: “Мүлдем олай емес. Зор алапат біздің жоспарларымызды бұзса, бұл жақсы, тіпті керемет болар еді”,— деп жауап берді.

АҚЫРҒАН АРЫСТАННАН САҚ БОЛ

Келесі болып Басқарушы кеңестің басқа бір мүшесі Стивен Летт шықты. Ол Петірдің 1-хаты 5:8-дегі “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар! Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр” деген сөздерге назар аударды. Летт бауырлас арыстанның кейбір ерекшеліктерін атап, тармақта Шайтан орынды түрде арыстанға теңелгенін айтты.

Арыстан адамдардан әлдеқайда жылдам әрі мықты. Демек, біз Шайтанды өз күшімізбен жеңе аламыз не одан қашып құтыла аламыз деп ойламауымыз керек. Біз Ехобаның көмегіне аса мұқтажбыз (Ишая 40:31). Арыстан өз құрбанына тасадан тап береді, сондықтан Шайтанның азуына ілікпес үшін рухани түнектен қашуымыз керек. Сондай-ақ арыстан бейқам жүрген бөкенді не құланның ұйықтап жатқан баласын мерт қыла салады, демек, Шайтан қатыгез және ол бізді өлтіруді көксейді. Арыстан тойып алған соң, оның парша-паршасы шыққан жемтігін тану мүмкін емес болады. Сол сияқты Шайтанның рухани жемтігінің “соңғы күйі алғашқысынан да жаман” болады (Пет. 2-х. 2:20). Сондықтан да біз Шайтанға қарсы тұрып, Киелі кітаптан үйренген принциптерді берік ұстануымыз керек (Пет. 1-х. 5:9).

ЕХОБАНЫҢ ҮЙІНДЕГІ ОРНЫҢДЫ БАҒАЛА

Келесі баяндамамен Басқарушы кеңестің мүшесі Сэмюэл Херд шықты. Ол бәріміздің де Ехобаның үйінде өз орнымыз бар екенін айтты. Бұл нені білдіреді? Бұл Исаның төлем құрбандығының негізінде әрбірімізге Құдайға ғибадат ету мүмкіндігі берілгенін білдіреді. Біз Ехобаның үйіндегі орнымызды жоғары бағалауымыз керек. Дәуіт сияқты біз де өмір бойы Ехобаның үйінде болуды қалаймыз емес пе?! (Заб. 26:4).

Херд бауырлас Забур 91:13—15 тармақтарды оқып: “Ехоба бізді қалай өркендетеді?”— деп сұрады. Сосын осы сұрағына былай деп жауап берді: “Рухани жұмақта жүрген біздерді Құдай бауырына басып, жылытады, қорғайды әрі шындықтың жанды сергітетін суын береді. Осы үшін біз оған ризашылығымызды білдіруіміз керек. Ехобаның үйінде ғибадат етуден мәңгілік бойы қуаныш таба берейік”.

МӘСІХШІЛЕР ҚҰДАЙ СӨЗІН ҚҰРМЕТТЕЙДІ

Келесі сөз кезегі Басқарушы кеңестің мүшесі Дэйвид Сплэйнге берілді. Ол шынайы мәсіхшілердің Құдай Сөзіне қашанда құрметпен қарағаны жайлы баяндама айтты. Мысалы, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сүндеттелуге қатысты мәселені шешкенде Құдай Сөзіне жүгінген болатын (Ел. іс. 15:16, 17). Алайда екінші ғасырда өздерін мәсіхші санаған баз біреулер грек пәлсапасын Киелі жазбалардан жоғары қоя бастады. Кейінірек өзге біреулері Киелі кітап ілімдерін шіркеу әкейлері мен Рим императорларының жеке ой-толғауларымен алмастырып, көптеген жалған ілімдерге бастау берді.

Сондай-ақ Сплэйн бауырлас Исаның бір астарлы әңгімесіне назар аударды. Иса шындықты қорғайтын майланған мәсіхшілердің жер бетінде әрдайым болатынын айтып кеткен еді (Мат. 13:24—30). Біз олардың кім болғанын нақты айта алмаймыз. Десе де ғасырлар бойы Жазбаларға негізделмеген наным-сенімдер мен іс-әрекеттерді айыптаған адамдар көп болған. Олардың кейбірі мыналар: архиепископ Агобард Лионский (IX ғ.), Петр де Брюи, Генрих Лозаннский және Вальдес, не Вальдо (XII ғ.), Джон Уиклиф (XIV ғ.), Уильям Тиндал (XVI ғ.), Генри Гру мен Джордж Сторрз (XIX ғ.). Бүгінде Ехоба куәгерлері де Киелі жазбаларды шындықтың түп қазығы санап, оны берік ұстанып келеді. Сол себепті Басқарушы кеңес 2012 жылдың мәтіні ретінде Жохан 17:17-дегі “Сенің сөзің — шындық” деген сөздерді таңдап алды.

МЕКТЕПТЕРГЕ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСТЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Моррис миссионерлер мен арнайы ізашарларға қатысты тамаша хабарландыру жасады. 2012 жылдың қыркүйегінен бастап Мәсіхші ерлі-зайыптыларға арналған Киелі кітап мектебі арнайы таңдалған елдерде өткізілетін болады. Сондай-ақ өткен жылдың қазан айынан бастап Ғалақад мектебінің мақсаты өзгерді. Енді Ғалақад мектебінде арнайы толық уақытты қызметшілер, мысалы осы мектепте әлі білім алмаған миссионерлер, арнайы ізашарлар, аралаушы бақылаушылар және бетелдіктер, оқитын болады. Мектепті бітірген соң олар бетелдіктер не аралаушы бақылаушылар ретінде Құдай халқын жігерлендіріп, нығайтады, я болмаса халық тығыз орналасқан аумақтардағы қауымдарға уағыз ісінде қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебі мен Мәсіхші ерлі-зайыптыларға арналған Киелі кітап мектебінде оқығандар бір жылдан үш жылға дейін уақытша арнайы ізашарлар ретінде тағайындалады. Олар жариялаушылар аз не мүлдем жоқ шалғай аймақтарда уағыздайтын болады. Қызметі нәтижелі болғандар тұрақты арнайы ізашарлар ретінде тағайындалады.

2011 жылы өткен осы жыл сайынғы кездесу көп қуаныш сыйлады. Құдайдың ұйымы уағыз ісін кең көлемде жүргізуге және дүниежүзілік бауырластығымызды нығайтуға көп күш салуда. Бұл Ехобаға зор мадақ әкелсін және ол еңбегімізге батасын берсін деп дұға етеміз.

[18, 19-беттегі қоршау/суреттер]

ЖАҚЫНЫРАҚ ТАНЫСУҒА МҮМКІНДІК БОЛДЫ

Басқарушы кеңес мүшелерінің жесір қалған тоғыз әйелінің ішіндегі бесеуі кездесуде сұхбат берді. Марина Сидлик, Эдит Сьютер, Мелита Ярач, Мельба Бэрри және Сидни Барбер шындықты қалай білгендері жайлы және толық уақытты қызметті қалай бастағандары туралы айтып берді. Олардың әрқайсысы көңілдерінде терең із қалдырған естеліктерін, күйеулері жайлы ойларын және олармен бірге қандай баталарға кенелгендерін сөз етті. Ал сұхбаттан кейін жиналған қауым “Мәсіхші әйелдер — адал жандар” деп аталатын көңіл толқытатын 86-әнді шырқады.

[Суреттер]

Жоғарыда: Марина мен Дэниел Сидлик, Эдит пен Грант Сьютер және Мелита мен Теодор Ярач

Төменде: Мельба пен Ллойд Бэрри және Сидни мен Кэри Барбер

[16-беттегі карта]

(Толық мәтінді басылымнан қара)

Алты филиал Мексикадағы филиалға қосылды

МЕКСИКА

ГВАТЕМАЛА

ГОНДУРАС

САЛЬВАДОР

НИКАРАГУА

КОСТА-РИКА

ПАНАМА

[17-беттегі сурет]

Ехоба куәгерлерінің болашақ бас басқармасының жобасы (Уорик, Нью-Йорк)