Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Еңбектеріңнің жемісін әлі де көресіңдер”

“Еңбектеріңнің жемісін әлі де көресіңдер”

“Еңбектеріңнің жемісін әлі де көресіңдер”

АСА ПАТША өз әскерін бастап алып барады. Ол Яһудеяның таулы аймағынан жазыққа қарай бет алуда. Сефата аңғарының кең жеріне келген кезде, Аса тоқтайды. Төменде жайғасқан эфиопиялықтардың көптігін көргенде, ол өз көзіне өзі сенбейді. Жау әскерінің саны — бір миллион! Ал Асаның әскерінің саны екі есе аз.

Шайқастың алдында Аса ең алдымен не істейді? Әскербасыларына нұсқаулар бере ме? Сарбаздарын жігерлендіре ме? Әлде отбасына хат жаза ма? Әлбетте, жоқ! Осындай қиын сәтте Аса дұға етеді.

Асаның дұғасы мен аталмыш жағдайды қарастырмас бұрын, оның қандай адам болғанын білейік. Асаны Құдайдан көмек іздеуге не талпындырды? Оның Құдайдан көмек күтуіне негізі болды ма? Сондай-ақ бұл оқиғадан Ехоба өз қызметшілерін әділ істері үшін қалай жарылқайтыны туралы не білеміз?

АСА ҚАНДАЙ АДАМ БОЛҒАН?

Исраил екі патшалыққа бөлінгеннен кейінгі 20 жылдың ішінде Яһуда жалған дінге белшесінен батты. Тіпті патша сарайындағылар да қанахандықтардың құдайларына бас ұрып кеткен еді. Алайда б. з. б. 977 жылы патша тағына отырған Аса “Құдай Иесінің алдында ізгі де әділ істер істеді”. Ол “бөгде тәңірлерге арналған құрбандық орындарын және биіктеу жерлердегі табыну орындарын алып тастады. Солардағы тас бағаналарды сындырып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды да қиратты” (Шеж. 2-ж. 14:2, 3). Сондай-ақ Аса “жалған тәңірлердің табыну орындарында азғындықпен айналысқан барлық еркектерді елден аластатты”. Бірақ ол мұнымен шектелген жоқ. Ол “яһудалықтарға ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеге бет бұрып мойынсұну әрі Оның Таурат заңы мен өсиеттерін орындау жайлы бұйырды” (Пат. 3-ж. 15:12, 13; Шеж. 2-ж. 14:4).

Шынайы ғибадатқа деген құлшынысының арқасында Аса Ехобаның ықыласына бөленді. Сондықтан Ехоба елде көп жылға тыныштық орнатты. Аса патша былай деген болатын: “[Біз] Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін біліп, орындауға ұмтылып келеміз. Содан Ол бізге барлық жағымыздан тыныштық сыйлады!” Осы бейбітшілік заманды пайдаланып, халық Яһуда патшалығының қалаларын бекітті. Олар “құрылысқа жаппай қатысып, табысқа жетті” (Шеж. 2-ж. 14:1, 6, 7).

МАЙДАН ШЕБІНДЕ

Аса сенімін ісімен дәлелдейтін адамдарды Ехоба жарылқайтынын білді. Сондықтан да Киелі кітапта аталған ең ірі әскермен шайқасу керек болғанда, Аса Ехобадан көмек сұрап жалбарына дұға етті. Ол Құдайға арқа сүйеп, оның қолдауына ие болғандар үшін жау әскерінің көптігі мен орасан күші түк те емес екенін жақсы білген. Сондай-ақ бұл шайқастың нәтижесі Ехобаның есіміне даңқ әкелуі не дақ түсіруі мүмкін екенін түсінген. Сондықтан ол былай деп дұға етті: “О, Құдайымыз — Жаратқан Ие, бізді қолдай гөр! Біз Саған сенім артамыз, Сенің атыңмен осы қарақұрым тобырға қарсы аттанып шықтық. Уа, Жаратқан Ие, Сен біздің Құдайымызсың! Пенденің Өзіңнен басым болуына жол бере көрме!” (Шеж. 2-ж. 14:11). Былайша айтқанда, ол: “Ехоба, эфиопиялықтар саған қарсы шығып отыр. Пенденің халқыңды жеңіп, есіміңді қорлауына жол бере көрме”,— деді. Ехоба Асаның дұғасына құлақ асты. “Жаратқан Ие құштық Зарахтың сарбаздарына Асаның және Яһуда жасағының көз алдында соққы берді. Содан олар қаша жөнелді” (Шеж. 2-ж. 14:12).

Бүгінгі таңда Құдай халқының жаулары көп. Әрине, біз қолымызға қару алып соғыспаймыз. Дегенмен есімі үшін рухани соғыс жүргізіп жатқан барлық адал қызметшілеріне Ехоба жеңіс сыйлайтыны шүбәсіз. Сондай-ақ әрқайсысымыздың жеке күресіп жүрген нәрселеріміз бар. Бәлкім, біз осы дүниеде кең етек жайған өнегесіздік рухымен, өзіміздің әлсіздіктерімізбен аянбастан күресіп жүрген болармыз немесе отбасымыздың Құдаймен қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысып жүрген шығармыз. Қиындықтарымыз қандай болмасын, Асаның дұғасы бізге жұбаныш бере алады. Оған жеңіс сыйлаған — Ехоба Құдай. Демек, оған арқа сүйейтін болсақ, ол бізге кез келген қиыншылықты жеңуге көмектеседі. Ехобаға ешкім де, ештеңе де қарсы тұра алмайды.

ЖІГЕРЛЕНДІРДІ ӘРІ ЕСКЕРТТІ

Аса майданнан қайтып келе жатқанда, оны Азариях пайғамбар қарсы алды. Ол патшаны былай деп жігерлендірді әрі ескертті: “Уа, Аса және бүкіл Яһуда мен Бунямин халқы, құлақ асыңдар! Сендер Құдаймен бірге жүргендеріңде Ол да сендермен бірге жүріп жар болады. Егер де Оған бет бұрып сиынып Оны іздесеңдер, таба аласыңдар. Бірақ Одан бас тартсаңдар, Ол да сендерден бас тартады... Қайратты болып, мойымаңдар! Еңбектеріңнің жемісін әлі де көресіңдер” (Шеж. 2-ж. 15:1, 2, 7).

Бұл сөздер біздің де сенімімізді нығайтады. Ехобаға адал қызмет етсек, ол әрдайым бізбен бірге болады. Көмек сұрап жалбарынған кезімізде ол бізді естиді. Азариях “қайратты болыңдар” деген. Дұрыс нәрсені істеу жиі үлкен ерлікті талап етеді. Бірақ біз Ехобаның көмектесетініне сенімдіміз.

Асаның әжесі Маха “жалған тәңір Ашераның ағаш бағанасын жасатып, орнатқан еді”. Бұл оған қиынға соқса да, Аса әжесін “патшаның шешесі” деген құрметті атағынан айырды және бағанасын өртеп жіберді (Пат. 3-ж. 15:13). Ехоба Асаны батылдық танытып, дұрыс нәрсені істегені үшін жарылқады. Біз де туысқандарымыз адал болсын-болмасын, Ехобаға және оның әділ принциптеріне адал болуымыз қажет. Сонда Ехоба бізді жарылқайды.

Көптеген исраилдіктердің жолдан тайған солтүстік патшалықтан Яһудаға ағылып келгені де Аса үшін бата болды. Олар Ехобаның Асамен бірге екенін аңғарды. Шынайы ғибадатты жақсы көргендері сонша, Ехобаның қызметшілерінің арасында тұру үшін олар үйлерін тастап кетті. Кейін Аса мен бүкіл Яһуда “ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеге шын жүректен, бар жан-тәндерімен бет бұрып, Оның еркін сұрап, орындау жайлы Келісім жасады”. Ехоба “оларға жауап беріп жар болды. Осылайша Жаратқан Ие елге жан-жақтан тыныштық сыйлады” (Шеж. 2-ж. 15:9—15). Бүгінде әділдікті сүйетін адамдар шындықты қабылдағанда, біз де қатты қуанамыз.

Алайда Азарияхтың Асаға айтқан сөзі бір жағынан ескерту де болды. Ол былай деген еді: “Одан бас тартсаңдар, Ол да сендерден бас тартады”. Мұндай жайт ешқашан басымызға түсе көрмесін (Пет. 2-х. 2:20—22). Жазбаларда Ехобаның Асаны не үшін бұлай ескерткені айтылмайды. Бір білетініміз — Аса бұл ескертуді елемеді.

“ОСЫ ІСТЕГЕНІҢ ҮЛКЕН АҚЫЛСЫЗДЫҚ БОЛДЫ”

Асаның патшалық құруының 36 жылы Исраилдің патшасы Бағаса Яһудаға қарсы соғыс ашты. Ол Исраил мен Яһуданың шегарасында, Иерусалимнен сегіз шақырым ғана жерде орналасқан Рамақ қаласын қамалмен бекіте бастады. Осылайша ол халқының Яһудаға барып, Ехоба мен Аса патшаға қызмет етулеріне кедергі жасағысы келген шығар. Эфиопиялықтар шабуылдаған кездегідей көмекті Құдайдан іздеудің орнына, Аса пенденің көмегіне жүгінді. Ол Сирия патшасына сыйлық жасап, Исраилге қарсы шығуды өтінді. Сириялықтар шабуылдай бастағандықтан, Бағаса Рамақты тастап, кері шегінді (Шеж. 2-ж. 16:1—5).

Ехобаға Асаның бұл істегені ұнамады, сондықтан ол патшаға Ханани пайғамбарды жіберді. Ехобаның эфиопиялықтарға не істегенін білген Аса Ехоба “Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жержүзін назарында ұстап отыратынын” түсіну керек еді. Сірә, оған біреу бұрыс кеңес берген шығар я болмаса ол Бағаса мен оның әскері онша қауіпті емес деп пайымдап, бұл мәселені өзім шешемін деп ойлаған болар. Қандай болған күнде де, Аса Ехобаға емес, пендеге сенім артты. “Сенің осы істегенің үлкен ақылсыздық болды,— деді Ханани.— Сол үшін де бұдан былай соғыстан көз ашпайтын боласың!” (Шеж. 2-ж. 16:7—9).

Бұл сөздерді естігенде Аса ашуға мініп, Хананиді бұғаулатып, қамап қойғызды (Шеж. 2-ж. 16:10). Аса “Мен Ехобаға көп жыл бойы адалдығымды сақтадым! Осындай сөгіс алатындай мен не істеп қойып едім” деп ойлады ма? Жоқ әлде қартайған шағында алжиын дегені ме? Киелі кітапта бұл туралы еш нәрсе айтылмаған.

Патшалық құруының 39 жылы Аса аяқ ауруына шалдықты. “Ауруы одан бетер асқына берсе де, Аса Жаратқан Иеге емес, дәрігерлерге ғана бет бұрып, сауықтыруын сұрады”,— дейді Киелі кітап. Бұл шақта Асаның рухани күйі бұрынғыдай мықты болмаған сияқты. Оның Ехобамен қарым-қатынасы патшалық құруының 41 жылы дүние салған кезіне дейін сол күйі жақсармаған көрінеді (Шеж. 2-ж. 16:12—14).

Қандай болған күнде де, Ехоба Асаның қателіктеріне емес, шынайы ғибадатқа деген құлшынысы мен жақсы қасиеттеріне баса назар аударған көрінеді. Аса Ехобаға қызмет етуін ешқашан доғармаған (Пат. 3-ж. 15:14). Олай болса, біз Асаның өмірінен қандай сабақ ала аламыз? Егер Ехобаның бізге бұрын қалай көмектескенін есте ұстайтын болсақ, жаңа қиындықтарға кезіккенде, одан көмек іздеп дұға етуге талпынатын боламыз. Сондай-ақ Ехобаға көп жыл адал қызмет еткен болсақ та, енді кеңеске мұқтаж емеспіз деп ойламайық. Қажет болса, Ехоба бізді түзетеді. Түзетуін кішіпейілділікпен қабылдасақ, мұның игілігін көреміз. Ал Асаның мысалынан үйренетін басты нәрсеміз — көктегі Әкемізге адал болсақ, ол да бізбен бірге болады. Ехоба өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді байқау үшін бүкіл жержүзін назарында ұстап отырады. Құдай оларды өз күшімен жарылқайды. Ол Асаны осылай жарылқаған, демек, бізді де жарылқайды.

[9-беттегі сөздер]

Ехоба рухани соғыс жүргізіп жатқан барлық адал қызметшілерін жарылқайды

[10-беттегі сөздер]

Ехобаға ұнамдыны істеу үшін батылдық қажет