Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Еш өкінішсіз қызмет етейік

Еш өкінішсіз қызмет етейік

“Өткенді ұмыт қалдырып, алдағы нәрселерге ұмтылудамын” (ФІЛІП. 3:13).

1—3. а) Өкініш дегеніміз не және бұл бізге қалай әсер етуі мүмкін? ә) Пауыл қандай үлгі қалдырды?

“ҚАП, ӘТТЕГЕН-АЙ!” Адамдар бұл сөздерді өткенге өкінгенде, кейбір нәрселерді басқаша істеуді қалағанда айтады. Өкініш сөзі жасалған не жасалмаған іске байланысты болатын уайым, опық, күйзелісті және қайтадан көзге жас алуды білдіреді. Өткенге оралып, басқаша жасағымыз келетін істер бәрімізде де бар. Ал сен нендей нәрселерге өкінесің?

2 Кейбіреулер өмірлерінде үлкен қателіктер, тіпті ауыр күнәлар жасаған. Басқалары мұншалықты жаман нәрсеге бармаған, дегенмен кейбір жайттарға қатысты ең дұрыс таңдау жасағандарына күмәнданады. Осындай адамдардың кейбірі өткенді ұмытып, алаңсыз өмір сүрсе, басқа біреулері “бекер солай істедім!” деп, өткенмен өмір сүреді (Заб. 50:5). Ал сен жайлы не деуге болады? Құдайға еш өкінішсіз қызмет еткің келе ме? Кем дегенде, осы күннен бастап осылай еткің келмей ме? Осы орайда үлгі қалдырған адам бар ма? Иә, бұл — елші Пауыл.

3 Пауыл өмірінде үлкен қателіктер жасаған, дана шешімдер де қабылдаған. Өткеніне қатты өкінгенімен, ол бар назарын қасиетті қызметіне аударуды үйренді. Олай болса, Пауыл өкінішке бой алдырмай қызмет етуге қатысты қандай үлгі қалдырғанын қарастырайық.

ПАУЫЛДЫҢ ӨТКЕН ӨМІРІ

4. Елші Пауыл қандай істеріне өкінген?

4 Пауыл парызшыл болған кезінде артынан өкінген істер жасаған. Мысалы, ол Мәсіхтің шәкірттерін аяусыз қудалады. Киелі кітапта жазылғандай, Степан өлтірілгеннен кейін “Саул [кейіннен Пауыл деп аталды] қауымға қырғидай тиді. Ол үйлерге баса-көктеп кіріп, әйел не еркек демей сүйреп шығарып, түрмеге қаматты” (Ел. іс.  8:3). Ғалым Альберт Барнстың айтуынша, мұндағы “қырғидай тиді” деп аударылған грек сөзі Саулдың мәсіхшілер қауымын зор құлшыныспен қудалағанын және оларға “жабайы аңдай бас салғанын” көрсетеді. Яһуди дініне шын берілген Саул мәсіхшілікті жоюды Құдай алдындағы міндетім деп санаған. Содан ол мәсіхшілердің соңына түсіп, еркек не әйел демей оларға “қоқан-лоқы көрсетіп жүрген және олардың көзін құртқысы келген” (Ел. іс. 9:1, 2; 22:4) *.

5. Исаның шәкірттерін қудалауды қойып, Иса туралы уағыздай бастауға Саулға не түрткі болды?

5 Бірде Саул Дамаскіге барып, Исаның шәкірттерін үйлерінен сүйреп шығарып, Иерусалимдегі Жоғарғы кеңестің алдына апаруды шешеді. Алайда оның бұл жоспары жүзеге аспады, себебі мәсіхшілер қауымының Басы оған кедергі жасады (Ефес. 5:23). Саул Дамаскіге кетіп бара жатқанда, оған Иса көрінеді де, көктен түскен сәуледен оның көзі көрмей қалады. Бұдан кейін Иса оған Дамаскіге барып, әрі қарай не істеу керектігін білу үшін сонда күтуді бұйырады. Бұл оқиғаның әрі қарай қалай өрбігенін біз жақсы білеміз (Ел. іс. 9:3—22).

6, 7. Пауыл кезінде жасаған үлкен қателіктерін мойындағанын қайдан білеміз?

6 Мәсіхші болған соң Пауылдың құндылықтары өзгерді. Ол мәсіхшіліктің қас жауынан құлшынысты қорғаушысына айналды. Сөйтсе де ол өзі туралы: “Әрине, сендер менің яһуди дінін ұстанғанда, Құдай қауымын жауыздықпен қудалап, құртуға тырысқанымды... естігенсіңдер”,— деп жазған (Ғал. 1:13, 14). Кейіннен қорынттықтарға, філіпіліктерге және Тімөтеге жазған хаттарында да ол өткен өмірі жайлы жазған (Қорынттықтарға 1-хат 15:9 оқы; Філіп. 3:6; Тім. 1-х. 1:13). Пауыл мәсіхші болғанға дейін жасаған істері туралы жазуды мақтаныш санамаған, әрі бұлардың ешқайсысын істемегендей сыңай да танытпаған. Ол үлкен қателіктер жасағанын мойындаған (Ел. іс. 26:9—11).

7 Киелі кітап зерттеушісі Фредерик Фаррардың айтуынша, Саулдың мәсіхшілерді қандай жауыздықпен қудалағаны туралы ойлансақ, кейінгі уақытта оның қаншалықты жүрегі ауырғанын және қас жауларының келеке-мазағына қалғанын түсінеміз. Бәлкім, Пауыл қауымдарға сапармен барғанда, онымен алғаш танысқан бауырластар оған: “Сонымен, Пауылмын де, бізді қудалаған сен екенсің ғой!”— деген болар (Ел. іс. 9:21).

8. Ехоба мен Исаның танытқан мейірімділігі мен сүйіспеншілігі Пауылға қалай әсер еткен және біз бұдан неге үйренеміз?

8 Пауыл қызметін Құдайдың рақымының арқасында ғана атқара алғанын мойындаған. Қауымдарға жазған 14 хатында ол Құдайдың рақымы туралы 90-ға жуық рет, яғни кез келген Киелі кітап жазушысынан көп рет жазған (Қорынттықтарға 1-хат 15:10 оқы). Пауыл Ехобаға өзіне мейірімділік танытқаны үшін шын жүректен риза болған, әрі оның рақымы бекер танытылмағанын дәлелдегісі келген. Сондықтан ол барлық елшілерден де “көп еңбек етті”. Пауылдың үлгісінен көретініміздей, күнәларымызға өкініп, өзгерістер жасасақ, Ехоба Исаның төлем құрбандығының негізінде тіпті ең ауыр деген күнәларымызды да өшіріп тастауға дайын. Егер сен “күнәларымның ауыр болғаны сонша — Мәсіхтің құрбандығы оларды жаба алмайды” деп ойласаң, Пауылдың үлгісін есіңде ұста! (Тімөтеге 1-хат 1:15, 16  оқы). Ол кезінде Мәсіхті жауыздықпен қудаласа да: “Құдай Ұлы... мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деп жаза алған (Ғал. 2:20; Ел. іс. 9:5). Иә, Пауыл кейін тағы өкініп жүрмеу үшін, өткен өмірін ұмыт қылып, Құдайға барынша қызмет ету керектігін түсінген. Ал сен ше?

Пауыл өкінішсіз қызмет етуді үйренді

СЕН НЕ НӘРСЕГЕ ӨКІНЕСІҢ?

9, 10. а) Ехобаның қызметшілерінің кейбірі не нәрсеге өкінеді? ә) Бұрын жасаған істерің үшін уайымдай беру неліктен дұрыс емес?

9 Қандай да бір істерің үшін қазір өкініп жүрсің бе? Күшің мен алтын уақытыңды бұрыс нәрселерге сарп еткен кезің болған ба? Әлде біреудің жанын жаралайтын әрекет жасадың ба? Бәлкім, басқа да себептермен өзіңді жағымсыз сезініп, өкініп жүрген шығарсың. Мұндайда не істей аласың?

10 Көбісі уайымға беріледі. Уайымдай беру өзін жегідей жеуді, кінәлай беруді білдіреді. Бұл адамды қажытып жібереді. Уайымдағаннан бір нәрсе өзгере ме? Жоқ, ештеңе де өзгермейді! Мысалы, әткеншекте отырып, бірнеше сағат бойы алға жылжуға тырысып жатқаныңды елестетіп көрші. Бұлай орныңнан еш жылжи алмайтының анық! Сол сияқты уайымдай берудің орнына, қажетті әрекеттер жаса. Сонда жақсы нәтижеге қол жеткізе аласың. Мәселен, өзің ренжіткен адаммен қарым-қатынасыңды қалпына келтіру үшін кешірім сұра. Бұрыс әрекет еткен болсаң, оған не түрткі болғанын анықтап ал, сонда болашақта оны қайталаудан аулақ боласың. Ал кей жағдайларда қателіктеріңнің салдарына көніп өмір сүруге тура келуі мүмкін. Бірақ құр уайымдай берудің еш пайдасы жоқ, қайта, ол адамды сал етіп, Құдайға толық қызмет етуге мүмкіндік бермейді.

11. а) Ехоба бізге рақым етіп, мейірімділік таныту үшін не істеуіміз керек? ә) Жүрегімізде тыныштық орнатудың сыры неде?

11 Кейбіреулер бұрын жасаған қателіктері үшін өздерін кінәлай беріп, Құдайдың  алдында түкке тұрғысыз сезініп жатады. Олар тым көп не тым ауыр күнә жасағандықтан, Құдайдың бізге мейірімділік танытуына лайық емеспіз деп ойлайды. Алайда бұрын қандай қателік жасамасын, ең бастысы, олар өкініп, өзгеріп, кешірім сұрай алады (Ел. іс. 3:19). Ехоба рақымы мен мейірімділігін көптеген адамдарға танытқандай, оларға да тура солай танытады. Кішіпейіл, шыншыл және шын жүректен өкінетін адамға ол рақымын түсіреді. “Бұрынғы айтқандарыма өкініп, қатты қайғырып күл-топырақта отырмын” деген Әйүпке Құдай дәл осылай қараған (Әйүп 42:6). Киелі кітапта жүрегімізде тыныштық орнатудың сыры жазылған: “Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді” (Нақ. с. 28:13; Жақ. 5:14—16). Бәріміз де осы сөздерді есте ұстап, соларға сай әрекет еткеніміз жөн. Демек, бізге Құдай алдында күнәларымызды мойындау, кешірім сұрау және қателігімізді түзету үшін қажетті қадамдар жасау қажет (Қор. 2-х. 7:10, 11). Сонда “жомарттықпен кешіретін” Құдай бізге мейірімділік танытады (Ишая 55:7).

12. а) Ар-ұжданымыз айыптағанда Дәуіттің үлгісінен не нәрсеге үйрене аламыз? ә) Ехоба өкінді дегенді қалай түсінуіміз керек және мұны білгеніміз бізді не істеуге талпындырады? (Қоршауды қара.)

12 Дұғаның да өте зор күші бар. Дәуіт өз сезімдерін дұғасында білдірген. Сеніммен айтқан бұл дұғалары Забур жырларында көрініс тапқан (Забур 31:1—5 оқы). Дәуіт айыптаған ар-ұжданымен күресемін деп қатты қажығанын мойындаған. Ол күйзелген, дертке шалдыққан әрі қуанышынан айырылған болса керек. Құдай алдында күнәларын ашық мойындағанда ғана Дәуіт кешірімге ие болып, жұбаныш тапты. Ехоба Дәуіттің дұғаларына жауап беріп, оны алға ұмтылуға әрі дұрыс нәрсені жасай беруге талпындырды. Дәуіт сияқты сен де шын жүректен дұға етсең, жалбарынышыңды Ехоба мұқият тыңдайтынына сенімді бол. Егер бұрынғы қателіктерің мазалай берсе, қолыңнан келгенше оларды түзетіп, Ехобаның сені кешіргеніне сенімді бол (Заб. 85:5).

АЛҒА ҰМТЫЛА БЕР

13, 14. а) Қазір не нәрсеге назар тігуіміз керек? ә) Қазіргі жағдайымызды саралауға қандай сұрақтар көмектеседі?

13 Өткеннен көп нәрсеге үйрене алатынымыз рас. Алайда өткен-кеткенді уайымдай бермей, қазіргі және алдағы жайттарға назар тіккеніміз дұрыс. Өзімізге келесі сұрақтарды қойып көрейік: Қазір қандай шешімдер қабылдап жүрмін? Бұған жылдар өткеннен кейін өкінбеймін бе? Басқаша істегенімде ғой деп санымды соғып қалмаймын ба? Кейін өкініп жүрмес  үшін, қазір адалдық жолынан таймай жүрмін бе?

14 Зор алапат жақындап қалған осы уақытта өзімізді келесідей ойлармен жегідей жегіміз келмесі анық: Құдайға көбірек қызмет етуіме болар ма еді? Мүмкіндік болғанда неге ізашарлық қызметті бастамадым? Қызмет көмекшісі болуға маған не кедергі болды? Жаңа болмысқа ие болу үшін барымды салдым ба? Ехоба мендей адамды жаңа дүниеде көргісі келе ме? Осылай уайымға салынудың орнына, бұл сұрақтардың көмегімен қазіргі жағдайымызды саралап, Ехобаға барынша қызмет етіп жатқанымызға көз жеткізейік. Олай етпеген жағдайда, одан да көп өкініш әкелетін жолмен жүре беруіміз мүмкін (Тім. 2-х. 2:15).

ҚАСИЕТТІ ҚЫЗМЕТІҢЕ ЕШҚАШАН ӨКІНБЕ

15, 16. а) Құдайға деген қызметті өмірлерінде бірінші орынға қою үшін көбісі қандай құрбандықтар жасаған? ә) Патшалықтың ісін бірінші орынға қою үшін құрбандықтарға барғанымызға неліктен еш өкінбеуіміз керек?

15 Ехобаға толық уақыт қызмет ету үшін құрбандықтарға барып жүргендер жайлы не деуге болады? Бәлкім, сендер қарапайым өмір сүріп, Патшалық істеріне көбірек уақыт жұмсау үшін мансаптан не табысты жұмыстан бас тартқан шығарсыңдар. Я болмаса халықаралық құрылыс қызметі, бетелдік, аудандық не миссионерлік қызмет сияқты толық уақытты қызмет атқара алу үшін салтбасты болып қалуды, ал үйленген болсаңдар, балалы болмауды шешкен шығарсыңдар. Ал енді қызметтеріңді жылдар бойы атқарып келіп, қабылдаған сол шешімдеріңе өкінесіңдер ме? Осындай құрбандықтарға барудың қажеті болмады не оларды басқа уақытта жасауым керек еді деп ойлағандарың дұрыс па? Әрине жоқ!

16 Сендер Ехобаны қатты жақсы көргендіктен және оған қызмет еткісі келетіндерге көмектесуді қатты қалағандықтан осындай шешімдер қабылдадыңдар. Басқаша істегенде, өміріміз жақсырақ болар еді деп ойламаңдар. Қайта, кезінде дұрыс деп тапқан шешімді қабылдағандарыңа қуаныңдар. Сендер Ехобаға барын салып қызмет еттіңдер. Жасаған құрбандықтарыңды ол еш ұмытпайды. Келе жатқан шынайы өмірде ол сендерге беретін баталарды тіпті елестете де алмайсыңдар! (Заб. 144:16; Тім. 1-х. 6:19).

АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ӨКІНБЕС ҮШІН НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

17, 18. а) Пауылға өкінішсіз қызмет етуге қандай принцип көмектесті? ә) Бұрынғы, қазіргі және болашақтағы қызметіңе қатысты не істеуге бел будың?

17 Елші Пауыл алдағы уақытта өкініш сезінбес үшін не істеді? Бір Киелі кітап аудармасына сай, Пауыл былай деп жазған: “Өткен нәрселерді ескермей, алдымдағы бәйгеге қарай жан сала жүгіріп келемін” (Філіпіліктерге 3:13, 14 оқы). Елші Пауыл яһуди дінін ұстанған кезде жасаған қателіктері жайлы ойлай бермеген. Қайта, ол мәңгілік өмір сыйын алуға лайық болу үшін бар күш-қуатын жұмсаған.

18 Барлығымыз да елші Пауыл айтқан сөздердің астарында жатқан принципті қолдана аламыз. Өзгерте алмайтын бұрынғы жайттарды ойлап күйінбей, алдағы нәрселерге ұмтылғанымыз жөн. Бұрын жасаған қателіктерімізді мүлдем ұмыта алмайтын шығармыз, бірақ солар үшін өзімізді қайта-қайта айыптай берудің қажеті жоқ. Ендеше, өткенді артта қалдырып, қазір Ехоба Құдайға бар күшімізді салып қызмет етейік және тамаша болашаққа көз тігейік!

^ абзац 4 Киелі кітапта Саулдың әйелдерді қудалағаны бірнеше рет айтылған. Бұл І ғасырда әйел бауырластардың бүгіндегідей ізгі хабарды таратуда маңызды рөл атқарғанын көрсетеді (Заб. 67:12).